Облыстық Иса Байзақов атындағы филармония әртістері жазғы демалыстан кейінгі кезекті шығармашылық маусымын бастап кетті. Енді өнерпаздар көрерменге музыка мен би, классика мен эстрада, дәстүрлі және заманауи жанрлардағы есте қаларлық кештерді сыйлауға дайын. Бұл маусым аталмыш өнер ордасы үшін тек концерттер емес, сонымен қатар шығармашылық шабыт, жаңа идеялар мен кәсіби жетістіктер кезеңі болмақ.
Филармонияның кезекті 85-інші шығармашылық маусымының шымылдығы осы жылдың 6 қыркүйегінде «Ertis Promenade» сахнасында өткен камералық хордың «The greatest show» атты концерттік бағдарламасымен түрілген еді. Хордың көркемдік жетекшісі әрі дирижері — ҚР Мәдениет саласының үздігі Мәдина Нұрғожинова. Көрермендер концерт барысында кәсіби орындаушылардың шеберлігін тамашалап, музыка мен эмоцияның үйлесімін сезіне алды.
— Көрермендерге ерекше мерекелік кеш сыйлау үшін филармония әртістері тыңғылықты әрі ұзақ уақыт дайындалды. Репертуарға Франция елінің танымал әндерін таңдап алдық. Негізінен, лирикалық бағыттағы әндер шырқалды. Музыкалық кеш көрермендердің көңілінен шықты деген ойдамыз, — дейді ұйымдастырушылар.
Жаңа маусым күзгі концерттер сериясымен жалғасады. Мәселен, таяуда ғана «Ertis Promenade» сахнасында Fantaisie musicale «Une Promenade a Paris» атты концерті ұйымдастырылды. Мұнда көрермен Франция еліне «саяхат» жасап, сол елдің үздік әндерін тыңдай алды. Кеш барысында әлемге әйгілі «Нотр-Дам де Париж» культтік мюзиклінің «Темп де соборы», «Белле», Джо Дассиннің «Et si tu n’existais pas» және қазіргі заманғы «Папаутай» Строма мен «Je veux» шығармалары орындалды. Сонымен қатар, кеш қонақтары филармонияның «Нұр», «Шернияз» би ансамбльдері, «Ретро», «Табриз», «Самиян» вокалдық ансамбльдері, Джаз оркестрі мен камералық хордың өнерін тамашалады.
26 қыркүйекте филармония қабырғасында «Лад» ансамблі шығармашылық кезеңін ашады, ал келесі күні «Мәңгілік классика» концерті өтеді. Бұл кеште Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Шахимардан Әбілов өз шәкірттерімен және арнайы шақырылған қонақтармен өнер көрсетеді.
Облыстық филармония басшысының орынбасары Сәуле Мұқаеваның айтуынша, қазақ айында Симфониялық оркестр (12 қазан) мен Джаз оркестрінің (17 қазан) шығармашылық концерттері жоспарланған. Ал қарашада облыстың ұлы тұлғаларына арналған дәстүрлі «Ән қанатында» ән фестивалі ұйымдастырылады. Фестиваль Иса Байзақовтың 125 жылдығына, Майра Шамсутдинованың 135 жылдығына, Жаяу Мұсаның 190 жылдығына және Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналмақ. Еліміздің үздік дәстүрлі әншілері қатысатын бұл фестиваль әр өнерсүйер үшін ұмытылмас кеш болары анық.
Филармония әртістері жаңа маусымда көрермендеріне тек музыка мен би емес, сонымен қатар, көтеріңкі көңіл-күй, шабыт пен шығармашылықтың барлық қуатын сыйлайтынына сенімді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттер архивтен алынды.