С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың ұлы Мұрат Қайырбаев әкесі жайлы жазған кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Еңбек «Жизнь замечательных людей» сериясымен шықты.
Кітаптың тұсаукесеріне облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша бас имамы Жолдас Бертімұратов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев, Павлодар облысының Кұрметті азаматы Евгений Азаров және зиялы қауым өкілдері катысты.
Көп жылдардан бері «Жизнь замечательных людей» кітап серияларының 1500-ден астам саны жарық көрді. Олардың көпшілігі Қазакстанның көрнекті қайраткерлеріне арналған. Аталмыш серияның кейіпкерлері Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Кенесары Қасымов, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердиев, Ермұхан Бекмаханов, Евней Бөкетов және басқа да Қазақстан тарихының, ғылымы мен мәдениетінің көрнекті кайраткерлері болды. Енді бұл тізім Махмет Қайырбаевтың есімімен толықты.
Мұрат Қайырбаев еңбекте әкесі Махмет Қайырбаевтың өмірбаянындағы бұрын белгісіз болған фактілерді мұрағат материалдарын пайдалана отырып, оларға құқықтық тұрғыдан баға береді.
– Әкемнің өмірбаянын жазу оның өміріндегі кейбір оқиғаларға түрткі болды. Әкем 1982 жылы зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, майдангерлердің ерліктерін жиі еске алып, жағдайларына алаңдап жүретін. Бүгінде мен де зейнеттемін. Әкемнің сол кездегі ойға алған жоспарларын жүзеге асыруға кішкене болса да үлесімді қоссам деймін, – дейді Мұрат Махметұлы.
Аталмыш шара барысында батыр туралы деректі фильм көрсетіліп, кітап көрмесі дайындалды.
Өз тілшіміз.