Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның ұжымына сыйым-дылығы 57 адамға лайықталған жайлы автобус қолданысқа берілді. Жаңа көлік филармония әртістерінің шалғай аудандарға сапарларын жеңілдетіп, концерттік гастрольдік сапарларды тиімді ұйымдастыруға зор мүмкіндік береді.
Филармония басшысы Амангелді Қожанов бұл көлікті екі жылға жуық уақыт күткендерін атап өтті. Себебі, бүгінге дейін өнер ұжымы логистикалық қиындықтарға байланысты гастрольдік сапарларды қысқартуға мәжбүр болған. Енді болашақта жаңа көлікпен еліміздің барлық қаласын аралауды жоспарлап отыр.
— Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында облыс басшылығының қолдауымен жаңа автобусқа ие болдық. Бұл біздің ұжым үшін маңызды әрі жағымды жаңалық болды. Бұған дейін қызметтік көлігіміз ескі болатын. Бірақ ол істен шыққан соң, өзге аймақтардағы гастрольдік сапарға жалдамалы көлікпен баруға тура келетін. Осы мәселесімізді естіп, жаңа көлікті сыйға тартқан облыс басшылығына ризашылығымыз зор. Енді алдағы уақытта көршілес облыстарға, басқа да өңірлерге еш қиындықсыз гастрольдік сапарлармен баратын боламыз, — дейді Амангелді Хасенұлы.
Қызметтік көлікте 55 жолаушы орны және жүргізушілер үшін екі орын, теледидарлар, микрофон, тоңазытқыш, климаттық бақылау, автономды жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, костюмдер, реквизиттер үшін жүк бөлімі қарастырылған. Кабинада ұшақтағыдай жоғарғы сөрелер бар.
Жаңа көліктен бөлек, бұл күні өнер ордасының бірқатар қызметкері мен әртістері облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының, әріптестік қатынас орнатқан мекемелер тарапынан түрлі марапатқа ие болды.
А.БОРАНБАЕВА.