Жаңа маусымға – жаңа тыныспен

Қыр 4, 2025

Санаулы күндерден соң Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры кезекті маусымның шымылдығын түріп, жаңа қойылымдармен көрерменін қуантпақ. Себебі биылғы маусым тосын сыйларға толы болмақ. Олай дейтініміз, өнер ұжымы бірден екі жаңа премьераға дайындықты бастап кеткен. Одан бөлек, жыл сайынғы дәстүр бойынша республикалық фестивальдер мен аудандарға гастрольдік сапарлар да жалғасын таппақ.

Әр маусым театр ұжымы үшін үлкен дайындықпен басталады. Өйткені репертуарға енгізілетін жаңа туындылар көрерменге тосын әсер сыйлауы тиіс. Сондықтан өнер ордасы биылғы маусымда да классикалық шығармалармен қатар заманауи драматургтердің пьесаларын сахналауды жоспарлап отыр.

Мәселен, театрдың 36-ншы маусымы 9 қыркүйек күні түрілмек. Бұл күні премьерасы 2020 жылы болған «Ерте ояндым, ойландым. Жас Абай» атты қойылыммен сахналанбақ. Аталмыш шығарма ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналады. Қойылымның оқиға желісі ақынның бала кезінен есейген шағына дейінгі кезеңін қамтиды. Бала Абайдан ойшыл Абайға айналуына түрткі болған көптеген дүние көрініс береді. Солардың бірі Қамқа мен Қодардың оқиғасы. Сол кездегі қоғамның болмысы, қақтығыстар Абайдың дүниетанымын өзгертеді. Қойылымның режиссері – Әділет Ақанов.

Бұдан бөлек, өнер ұжымы еңбек демалысынан шыға сала бірден жаңа екі премьераға дайындықты бастап кеткен. Әзірге олар спектакльдердің атауын жасырын ұстауды жөн көріп отыр.

— Өткен маусымның соңында бірнеше әртісіміз театрымыздағы жұмысын тәмамдаған болатын. Дегенмен олардың орны жас мамандармен толықты. Олар алдағы маусымнан бастап спектакльдерде, премьераларда бой көрсететін болады.

Кезекті 36-ншы маусым жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ерте ояндым, ойландым. Жас Абай» спектаклімен ашылады. Бұрын қойылымда аға буын өкілдері бой көрсетсе, осы маусымда жас құраммен сахналанбақ. Мәселен, жас Абайды жас актеріміз Ерасыл Ерланұлы сомдайтын болады. Сондай-ақ, осы айда Ақтөбе және Жезқазған қалаларында өтетін театр фестивальдеріне қатысуды жоспарлап отырмыз. Жезқазған қаласында Жанат Хаджиев атындағы IV Халықаралық театр фестивалі өтсе, Ақтөбе қаласында Қ.Шаңғытбаевтың 100 жылдығына арналған VII Халықаралық «Balausa» экспериментальді спектакльдер фестивалі ұйымдастырылмақ. Аталған өнер алаңдарында өткен жылы премьерасы болған Б.Брехттің «Пері қатын» драмалық абсурдын сахналаймыз. Одан бөлек, өзге өңірлер мен облысымыздың аудан-дарын гастрольдік сапарлармен аралауды жоспарлап отырмыз.

Тағы бір айта кетерлігі, келесі айларда екі премьера көрерменге жол тартады. Әзірге атауларын жасырын ұстауды жөн көрдік. Бір қойылымның режиссері Әділет Ақанов болса, екінші спектакльдің режиссері — Жангелді Садықов. Бір шығарма белгілі жазушы Оралхан Бөкейдің махаббат тақырыбына арналған шығармасы болса, екінші туынды экспериментальді, яғни әлеуметтік әрі психологиялық драма тұрғысында қойылады. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары қызу жүруде. Бұйырса, көрерменнің оң бағасын алады деген үміттеміз, — дейді театрдың әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Аружан Оразова.

Айта кетейік, театр көрермені қыркүйек айында М.Әуезовтің «Ерте ояндым, ойландым. Жас Абай» трагедиясын, Б.Брехттің «Пері қатын» драмалық абсурдын және Г.Хугаевтің «Бір досың керек екен…» комедиясын тамашалай алады. Театрда жолыққанша, ағайын!

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.

Айдана БОРАНБАЕВА.