Қаламыздың өнер ордасы — Иса Байзақов атындағы филармонияда 84-ші концерттік маусым ашылды. Сахнада Алматы мен Астананың жетекші солистерімен бірге жергілікті камералық хор өнер көрсетті.
Алғаш рет Павлодар сахнасында өнерпаздардың тұтас бір тобы жиналды: Алияр Өтетілеу, Балуан Беркенов, Анжела және Евгений Шагаровтар, Эмиль Сакавов, Ержан Құшанов, сонымен қатар астаналық Жан Тапин мен Нарул Тойкенов.
Сахнада халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Шахимардан Әбіловтің жетекшілігімен оның жас шәкірттері алғаш рет бақтарын сынады. Олар Нұрғиса Тілендиев пен Майра Шамсутдинова сынды қазақ композиторларының шығармаларын орындады. Сонымен қатар, шетелдік туындылар да көрерменнің көзайымына айналды. Әрбір әртісті жиылған жұрт ыстық ықыласымен қарсы алып, кештің шырайын келтірді.
Маусымашарда көрермен Шахимардан Қайдарұлының өнеріне тәнті болды. Аталған кеште сахна саңлағы өз шәкірттеріне алғысын білдірді:
— Өнерді бағалауымыз керек. Өнер адамның өсуіне ықпал етеді, ал ол өз кезегінде мемлекеттің дамуына әсер етеді — деп сөзін түйіндеді Ш.Әбілов.
Бұдан бөлек, халық көптен күткен Эмиль мен Анжеланың дуэті классикалық кештің шарықтау шегіне айналды. Екі жарым сағатқа созылған концерттің шымылдығын Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасы» жапты.
Евгений ШАГАРОВ, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі:
— Мен үшін ұстазым Шахимардан Әбіловпен бірге сахнада өнер көрсету — үлкен мәртебе. Өнер ошағыма қайта оралғаныма қуаныштымын. Павлодар әрдайым жылы қарсы алады.
Сара АВДОЛ.