Ақсу қаласына қарасты Қ.Қамзин ауылдық округінің Айнакөл ауылында жаңа мешіттің салтанатты ашылу рәсімі болды. Қасиетті орынның құрылысы 2021 жылы басталған.
Мешіттің ашылу салтанатына облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов және әр сала өкілдері мен елді мекен тұрғындары қатысты.
— Мешіт Ақсу қаласының көлемінде 12-ші, ал Павлодар облысындағы 108-ші мешіт болып тіркелді. Нысанның құрылысы Айнакөл ауылының тұрғыны Ерсін Қазқановтың бастамасымен 2021 жылы басталды. Әрі қарай аталмыш ауылдың, Ақсу, Павлодар және Астана қалаларының кәсіпкерлері мен азаматтарының демеушілік қаражаты және қайырымдылықтары арқылы толық салынып, ауыл халқының игілігіне табысталды, — дейді облыстың бас имамы.
Қасиетті орынның ашылу рәсімі қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, мешіт құрылысына
қатысқан белсенді азаматтарға облыстың бас имамы және аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Әжелер шашу шашып, аталар алқалы батасын берді.
Өз тілшіміз.