Журналист, жазушы, аудармашы Сәкен Сыбанбай: Сөздің қадірін сезіну деңгейі төмендеді

Сәу 2, 2026

Жуырда белгілі журналист, жазушы Сәкен Сыбанбайдың Павлодар қаласына келгенде редакция тапсырмасы бойынша онымен жүздесіп, сұхбат алуды бірден жоспарладым. Телефон арқылы өзіне хабарласып, ұсынысымды жеткізгенімде, ол кісі де жылы қабыл алып, келісімін берді. Сөйтіп, жергілікті қазақ театрында тұсауы кесілген «Балам, қашан келесің?» қойылымының премьерасы алдында шығарманың авторымен бетпе-бет кездесіп, шығармашылық жолы мен жаңа туындысының туу тарихы жайлы мазмұнды әңгіме өрбітуге мүмкіндік туды.

– Сәкен Әбдіғаппарұлы, алдымен Павлодар қаласына хош келдіңіз! Бұл біздің өңірге алғаш келуіңіз бе?

– Павлодар өңіріне алғаш рет табан тіреп отырмын. Бұл сапарымның мәні мен маңызы ерекше. Себебі, жуырда көрермен назарына ұсынылған «Балам, қашан келесің?» қойылымы – осы сапардың басты себепкері. Негізі, аталмыш спектакльге арқау болған «Үміт үйі» шығармасының авторы ретінде бұл мен үшін — зор қуаныш әрі жауапкершілік.

«Үміт үйі» әңгімесі осыдан сегіз жыл бұрын жазылған еді. Ол кезде шығарманы тек прозалық дүние ретінде қағазға түсірген болатынмын. Алайда уақыт өте келе туынды жаңа тыныс алып, өзге қырынан танылды.

Өткен жылдың желтоқсан айында театр режиссері Жұлдызбек Жұманбай хабарласып, шығармамен танысқанын, оны сахна тіліне бейімдеп, пьеса ретінде жазып беру туралы ұсыныс білдірді. Бұл ұсыныс тосын болғанымен, туынды тағдырына бейжай қарай алмай, оны жаңа нұсқада қайта жазуға кірістім. Нәтижесінде прозалық шығарма драмалық туындыға айналып, сахнаға жол тартты. Осылайша, «Балам, қашан келесің?» қойылымы дүниеге келіп, көрерменмен қауышты. Ал бұл сапар – сол еңбектің жемісі, шығармашылық ізденістің бір белесі.

– Еңбек жолыңызды «Ғажайып Үндістан» газетінен бастапсыз. Кейін бұл басылым журнал ретінде шыққан екен. Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз…

– Газеттің бас редакторы, журна-лист Алпысбай Шымырбайұлы бұл қызметке келмес бұрын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газетінде көп жыл еңбек етті. Мінезі жайдары әрі мейірімді болатын. Көп тақырыпта қалам тербеді. Соның ішінде Үндістан тақырыбына қатты қызығушылық танытып, «Тагор: Үнді өнерінің әуесқойлары» атты әдеби клуб ашты. Сол клубқа 1988 жылы мектепте оқып жүргенімде жиі хат жолдап тұратынмын. Себебі, мен де үнді өнеріне қатты қызы-ғатынмын. Әсіресе, әндеріне, киноларына, сәулет өнеріне тәнті болдым. Сөйтіп, арман қуып Алматы қаласына келіп, студент атанғанымда сол кісіні тауып алып, клубқа мүше болдым. Ал 1992 жылы осы «Ғажайып Үндістан» газет ретінде ашылды. Онда 1 жылдай еңбек еттім. Кейін келесі жылы ақын Фариза Оңғарсынова бас редактор болып тұрған «Ақ желкен» журналына ауыстым.

– Журналистен бөлек, жазушысыз. Әрі футбол тақырыбында кітап жазған Сейдахмет Бердіқұлов пен Несіп Жүнісбаевтан кейінгі үшінші жазушы екенсіз. Осы тақырыпты қаузайтын «Ала доптың аламаны» шығармасы не туралы?

– Негізі, біздің әулетіміз спортты жанына серік еткен жанкүйерлерден тұрады. Ал өзімнің ерекше ықыласым футболға ауды. Уақыт өте келе осы ойынның терең тарихы мен сан алуан статистикалық деректері мені баурап, зерттеуге жетеледі. Қызығушылық ізденіске ұласып, нәтижесінде «Ала доптың аламаны» атты еңбегім өмірге келді. Бұл туынды – футбол әлеміне деген сүйіспеншілігім мен жинақтаған деректерімнің жемісі. Нақтырақ айтсам, кітапта 1930-2014 жылдар аралығында өткен футболдан әлем чемпионаттарының статистика-ларын, матч нәтижелерін, іріктеу турнирлері жайлы есеп-қисап-тарын, қала берді, әр чемпионаттың қызықты оқиғаларын, тарихын, футбол жұлдыздары жайлы анықтамаларды табуға болады. Сондай-ақ,  әр чемпионаттың үздік футболшылары, жеңімпаздар, бапкерлер мен құрама командалар туралы да әңгіме өрбиді.

Алдағы уақытта да осы бағыттағы ізденістерімді жалғастырып, спорт тақырыбын кеңінен қамтитын жаңа еңбектер жазуды жоспарлап отырмын. Футболдың сан қырлы табиғаты, оның тарихы мен бүгінгі дамуы әлі де талай тың ойларға жетелей беретініне сенемін.

–«Дискриминация», «Мұңлық» сынды әңгімеле-ріңізге көз жүгіртсек, бірде балалық шаққа саяхаттап, бірде үлкен кісілерше ойға батып, сан түрлі күйді бастан кешіп қалдық. Қалжыңға құрылған әңгіме, диалогтар адамды бір серпілтіп тастайды. Ал «Ғаламтордағы махаббат» әңгімеңіз қазіргі замандағы кейбір жастардың басынан өтіп жатқан жағдай екенін іштей мойындайсың…

– Бірде «Жас Қазақ» газетін парақтап отырып, психологтың ой-пікіріне көзім түсті. Онда маман адам баласы екі жыл бойы ешкіммен тілдеспесе, сөйлеу қабілетінен айырылып қалатынын алға тартады. Осы тұжырымды ой елегінен өткізгенде, Редьярд Киплингтің «Маугли» шығармасы еріксіз еске түседі. Табиғат аясында адамдардан оқшау өскен баланың тілдік дағдылардан жұрдай болуы – бұл пікірдің өміршеңдігін аңғартатындай.

Қазіргі таңда бұл мәселе жаңа сипат алып отыр. Ұялы телефон мен компьютерге тәуелділік салдарынан тірі қарым-қатынас азайып, сөйлеу мәдениеті әлсіреп бара жатқан балалар қатары да көбейіп келеді. Осы құбылыс мені терең ойға жетелеп, «Ғаламтордағы махаббат» атты еңбекті жазуға итермеледі.

Атауын оқыған сәтте көпшілік бұл шығарма екі жастың ғаламтор арқылы табысып, сонда өрбитін махаббаты жайлы деп ойлауы мүмкін. Алайда туындының өзе-
гінде басқа шындық жатыр. Бастапқыда екі жастың сезімі, бір-біріне деген ықыласы сурет-теледі. Бірақ уақыт өте жігіттің ғаламторға тәуелділігі күшейіп, оның шынайы қарым-қатынас орнату қабілеті әлсірей бастайды. Нәтижесінде ол жанындағы адаммен жүзбе-жүз сөйлесудің орнына қысылып, ойын хабарлама арқылы жеткізуді әдетке айналдырады. Ал қыз болса, кездесуде жігіттің тұйықтығы мен салқын мінезіне көңілі толмай, зерігіп, бар назарын телефонына аударады. Осылайша, екі жастың арасындағы байланыс біртіндеп әлсіреп, виртуалды әлем шынайы сезімнің орнын баса бастайды.

Осы шығарма арқылы заманауи қоғамдағы технологияның адам қарым-қатынасына тигізер ықпалы мен оның салдарын көркем түрде көрсетуге тырыстым.

– Ал қазіргі қазақ әдебие-тінің деңгейі көңіл көншіте ме? Оқырман қауымға мардымды әрі тұшымды шығармалар мен туындыларды ұсына алып жүрміз бе?

– Бүгінде оқырман талғамы сан алуан. Бірі жанын жігерленді-ретін мотивациялық туындыларды таңдаса, енді бірі ғасырлар сүзгі-сінен өткен классикалық әдебиетті құмарта оқиды. Ал кейбір ата-аналар балаларына түсінікті, тілі жеңіл, мазмұны тартымды ертегілерді іздейді. Осындай әртүрлі сұраныс –
бүгінгі әдеби кеңістіктің басты ерекшелігі.

Сондықтан қазіргі қазақ әдебиетінің өкілдеріне артылар жүк жеңіл емес. Олар әр оқырманның талғамын ескеріп, заманауи талапқа сай, мазмұны терең әрі тілі шұрайлы дүниелерді ұсынуы тиіс. Бұрынғы қалыптасқан баяу баяндау стилімен шектелу жеткіліксіз.

Қазіргі уақыт – оқырманның назарын бірден баурайтын, алғашқы беттен-ақ қызықтырып әкететін шығар-малардың дәуірі. Әсіресе, цифрлық технологиялар кең тараған заманда адамның зейіні қысқарып, ақпаратты тез қабылдауға бейімделіп барады. Мұндай жағдайда жазушының басты міндеті – оқырманды бірден жетелеп әкететін, ойы ұшқыр, құрылымы жинақы, тілі әсерлі туындылар жазу. Әйтпесе, алғашқы беттерден қызықтырмаған шығарма оқырман назарынан тыс қалары анық. Сондықтан тек ұзын-сонар суреттеумен шектелмей, уақыт тынысын да ескерген жөн. Дегенмен, бүгінде осы бағытты ұстанып, замана талабына сай ізденіп жүрген ақын-жазушылардың қатары баршылық. Олар дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, оқырман сұранысына жауап беретін сапалы дүниелер ұсынып келеді.

– Ал осы ақын-жазу-шыларға мемлекет тара-пынан қолдау бар ма?

– Бүгінде жазушыларға жасалып жатқан қолдауды жеткілікті деуге келмейді. Қаламгерлердің еңбектері жарық көргенімен, олардың таралымы өте шектеулі. Жылына бір-екі рет қана жарияланатын кітаптардың өзі көпшілікке толық жетпей жатады.

Еліміздегі кітапханалардың саны 10 мыңнан асатынын ескерсек, кітап таралымының 2 мың данамен ғана шектелуі – өзекті мәселенің бірі. Мұндай жағдайда әрбір жаңа туынды барлық кітапхана қорына толық түсе бермейді. Ал бұл өз кезегінде оқырман мен кітап арасындағы байланысты әлсіретеді.

Сонымен қатар, автор еңбегіне берілетін қаламақы да көңіл көншітпейді. Кей жағдайда ол символикалық деңгейде ғана қалып жатады. Бұл қалам ұстаған жанның еңбегін бағалау мәселесінің әлі де жүйеленуі қажет екенін аңғартады.

Жалпы алғанда, бұл түйткілдер әдеби ортада жиі айтылып жүр. Ендігі маңызды қадам – осы мәселелерді нақты тетіктер арқылы шешіп, мемлекет пен қаламгерлер арасында өзара тиімді, тұрақты жүйе қалыптастыру.

– Журналистика және жазушылықтан бөлек, аудармашылық саласымен де айналысып жүр екенсіз. Осыған тоқталып өтсеңіз…

– Ұлттық бюрода 3 жылдай еңбек еттім. Бұл кезеңде көркем әдебиеттен гөрі ғылыми әдебиеттерге назар аудардық. Әсіресе, философия, экономика, психология, филология сала-ларындағы еңбектерді қамтуға басымдық берілді. Дегенмен, сол уақыттың өзінде елімізде аудармашылық мектептің біршама үзіліп қалғанын айқын байқадым. Соның салдарынан кәсіби аудармашыларды табу оңайға соқпады.

Жастардың бір бөлігі орыс және ағылшын тілдерін жақсы меңгергенімен, қазақ тілінің байлығын, оның ішкі иірімдерін толық игермегені байқалды. Ал қазақтілді жастардың керісінше шетел тілдеріне жетік болмауы аударма ісінде белгілі бір қиындықтар туғызды. Осы олқылықтарға қарамастан, әр саланың білікті мамандарының көмегімен бірқатар еңбек аударылып, оқырманға ұсынылды.

Қазіргі таңда, өкінішке қарай, Ұлттық бюроның жұмысы біршама бәсеңдегені байқалады. Ал көркем аудармаға келсек, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы бірдей жоғары деңгейде деп айту қиын. Бұл салада әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар жеткілікті.

Жалпы, аударма – бір тілді екінші тілге сөзбе-сөз көшіру ғана емес. Ол – түпнұсқаның мәнін, стилін, рухын сақтай отырып, оны басқа тілдің табиғатына бейімдеп жеткізу өнері.

– Бүгінде ақпарат пен технология заманы. Барлығы қарыштап дамып жатыр. Алайда, өкінішке қарай, газет оқитын адамдардың саны азайып жатыр. Бұл мәселе төңі-регінде не айта аласыз? Осыны шеше аламыз ба?

– Бүгінде ақпарат пен технологияның дамуы баспа-сөздің бұрынғы дәстүрлі үлгі-сіне елеулі өзгеріс әкелді. Газет оқитын адамдар санының
азаюы – заңды құбылыс. Себебі, оқырманның ақпарат алу тәсілі өзгерді, жылдамдық пен қолжетімділік алдыңғы орынға шықты. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, ақпараттың жеделдігі. Қазіргі оқырман жаңалықты күтпей, бірден әлеуметтік желілер мен интернет платформалардан алғысы келеді. Екіншіден, цифрлық форматтың қолжетімділігі. Телефон арқылы кез келген ақпаратты кез келген уақытта оқуға мүмкіндік бар. Үшіншіден, визуалды контенттің басымдығы да
дәстүрлі баспасөзге әсер етуде.

Дегенмен, бұл газет мүлде қажетсіз болып қалды деген сөз емес. Керісінше, оның функциясы өзгеріп келеді. Газет жедел жаңалықтан гөрі сараптамалық, талдамалық, терең материалдарға көбірек мән беруі тиіс. Оқырманды ойландыратын, мәселенің мәніне бойлататын сапалы контенттің орны әрқашан бар.

Бұл мәселені шешуге болады, бірақ ол үшін бірнеше бағыт қатар дамуы қажет. Біріншіден, газет мазмұнын жаңартып, заманауи нұсқаға бейімдеу керек. Екіншіден, басылымдар тек қағаз нұсқамен шектелмей, цифрлық платформаларда да белсенді жұмыс істеуі тиіс. Үшіншіден, жас аудиторияны тарту үшін тіл, стиль, тақырып таңдауда икемділік қажет.

– Тағылымды әңгімеңізге рақмет! Оқырманға ой салар шығармаларыңыз көп болсын!

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.