Қазақ халқының дәстүрінде жыл санаудың 12 жылдық циклы ерекше орын алады. Әр жыл жануар атымен аталып, өзіндік мінез бен қасиетке ие деп есептеледі. Солардың бірі – Жылан жылы. Ол қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында күрделілігімен, жұмбақтылығымен және өзгерістерге толы кезеңдерімен танымал. Жыл санауы бойынша ұлудан кейiн кiретiн жылан бiз үшiн несiмен қадiрлi? Сипаттамасы қандай? Осы сауалдардың жауабын саралап көрейік.
Тарихи маңызы жоғары
Жылан жылы қазақ тарихында маңызды оқиғалармен есте қалған. Бұл жылдар әдетте үлкен өзгерістер мен сынақтарға толы болған. Мәселен, 1729 жыл тарихта қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ірі жеңісімен есте қалды. Аңырақай шайқасы қазақтың бірлігін нығайтып, Жоңғарияға қарсы ұзаққа созылған соғыстың шешуші кезеңі болды. Бұл оқиға Қазақ хандығының біртұтастығын сақтауда маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ, 1833 жылы орын алған Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақ халық көтерілісі де жылан жылында болған. Бұл кезеңде қазақ халқы отаршылдық саясатқа және жергілікті биліктің әділетсіздігіне қарсы күресті. Жылан жылы екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен де сәйкес келді. Осы уақытта қазақтың ер-азаматтары қан майданға аттанып, жанқиярлық ерлік көрсетті. Оған қоса, тылда еңбек етіп, жауынгерлерді азық-түлікпен және қару-жарақпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды.
Жылан жылы өзімен бірге талай сынақты ала келгені рас. Дегенмен, бұл жылдар жағымды оқиғаларға да толы болды. Мәселен, 1989 жылы Кеңес Одағындағы қайта құру кезеңінде маңызды жыл болып саналды. Бұл кезде Қазақстанда ұлттық жаңғыру, тіл мен мәдениетті сақтап қалуға деген ұмтылыс күшейді. Қоғамдық ұйымдар құрылып, Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызы айқындала түсті. Ал 2001 жыл еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі маңызды экономикалық және саяси реформалардың жүзеге асырылған жылы болды. Бұл уақытта ел экономикасы тұрақталып, халықаралық аренада Қазақстанның мұнай-газ саласы қарқынды дамып, сыртқы инвестициялардың көлемі ұлғайды.
Жайлылық жылы
Жылан жылын қазақтар аса сақтық қажет ететін жыл деп санайды. Бұл жылда адамдар бір-біріне сабырлы, шыдамды болуы керек. Өйткені аталмыш қасиеттер жыланның символы болып саналады. Бұл – бір. Екіншіден, бейбітшілік пен тыныштық уақыты. Жылан жылы табиғаттың тепе-теңдігін сақтайтын, жайлы жылдар қатарына енген. Мұндай жылда қиындықтар мен үлкен өзгерістер аз болады деп сенеді. Оған қоса, даналық пен жетілу жылы. Бұл жануар түрі даналық пен ішкі тереңдікке ие жануар ретінде көрініс тапқан. Бұл жылы адамдар білім мен рухани жетілуге көбірек көңіл бөлуі керек деп сенген.
Жылан жылының сипаттамасы
Жалпы, жылан жылы – қазақ дәстүрінде ақыл-парасаттың, сақтықтың және терең ойдың белгісі. Осы жылды қазақтар ерекше құрметтеген, өйткені жылан табиғаттың тепе-теңдігін сақтаушы ретінде танылған. Ал мінез-құлық жағына келетін болсақ, жылан — суыққанды, бірақ ақылды, сабырлы, кейде тіпті қулыққа бейім. Мұндай қасиеттер жылан жылында туған адамдарға да қатысты. Сондай-ақ, жылан жылы тыныштық пен сақтықты аса қажет етеді. Сондықтан бұл жылы басталған істерде асығыстыққа жол бермеу маңызды.
Жақсылықтың нышанына айналған
Жылан — шығыс мәдениетінде ерекше құрметке ие жануар. Ол ақыл мен рухани күштің, даналықтың, өзгеріс пен жаңғырудың символы. Ежелден-ақ жаңғыру мен мәңгіліктің символы ретінде көрініс тапқан. Мәселен, Қытай мифологиясында жылан даналық пен өзгеріс әкелуші ретінде бейнеленеді.
Қазақ ұғымында да жылан — ерекше жаратылыс. Ол сақтық пен шапшаңдықтың бейнесі ғана емес, құт-береке, ырыс пен байлықтың нышанына айналған. Егер үйге немесе қораға жылан кірсе, оны жақсылықтың белгісі деп санаған. Мәселен, қазақта үйге кірген жыланды басына ақ құйып шығаратын әдеті бар. Яғни, үйге жылан кірсе, қазақтар оны сабырмен шығарып салуға тырысқан. Оның басына сүт не айран секілді ағарған құйып, «құт әкелдің» деп алғыс айтып, ренжітпей, табиғи мекеніне жіберген. Ақ — қазақта киелі, адалдық пен амандықтың белгісі. Жақсылық тілеу мақсатында жасалған рәсім барысында «Құтты орныңа бар, амандық әкел, жамандықтан аулақ бол!» деген тілектер айтылған.
Жыланның басына ақ құю дәстүрі халқымыздың даналығын, табиғатқа деген сый-құрметін айқын көрсетеді. Бұл дәстүр арқылы біз тек жыланға емес, жалпы қоршаған ортаға құрметпен қарауды үйренеміз.
Сонымен қатар, ел арасында жыланға қатысты біраз мақал-мәтел де бар. Мәселен, «Қазына бар жерде жылан бар». Сол арқылы ордалы жылан орналасқан жерде алтын қоры болатынын меңзеген деседі. Сондай-ақ, «Жыланның жауы — ләйлек» деген де бар. Яғни, бұл құс жыланның етіне құмар көрінеді.
Жылан жылы туған тұлғалар
Жылан жылы өмірге келгендер арасында атақты тұлғалар жетерлік. Олардың қатарында әйгілі қылқалам шеберлерінен бастап философтарға дейін бар. Мәселен, Пабло Пикассо, Мұхаммед Әли, Джон Кеннеди, Кристиан Диор, Николай Коперник, Аристотель Онассис, Мао Цзедун, Мұстафа Кемал Ататүрік, Иоганн Вольфганг Гете, Дени Дидро секілді әйгілі тұлғаларды атауға болады.
Жылан жылы дүние есігін ашқандар арасында қазақ ойшылдары да бар. Солардың бірі — Абай Құнанбаев. Ұлы ақын 1845 жылы дүниеге келген. Сол сияқты бұл жылы туған тұлғалардың бірі — ақын, қазақтың бес арысының бірі — Мағжан Жұмабаев. Деректерге сәйкес, ақын туған 1893 жыл тарихта жылан жылына дөп келеді. Одан бөлек, «Қазақ халқының 100 әні» жинағының авторы, этнограф, сазгер Александр Затаевич те осы жылы өмірге келген.
Көргеніміздей, жылан жылы туған тұлғалар арасында атақты жандар көп. Бұл жыл белгісінде дүниеге келген жандар өздерінің ақыл-парасаты, төзімділігі мен ішкі түйсігінің арқасында зор жетістіктерге жететін көрінеді.
Наным-сенімдер қандай болған?
– Киелі жануар. Қазақтар жыланды киелі жануар деп санаған. Оған зор құрметпен қарау оның ырыздық пен тыныштық әкелетінін білдіреді.
– Жыланға зиян келтірмеу. Егер жылан үйге кірсе, оны өлтірмей, шығарып жіберу керек деп сенген. Бұл ырыс пен құт шақыратын белгі ретінде қарастырылған.
– Жыланның көрегендігі. Жыланды даналық пен көрегендіктің символы ретінде қабылдап, қиын кезеңдерде оның ақылы мен сақтығы адамға үлгі болады деп
есептеген.
Жылды қалай қарсы алу керек?
Бүгінде жылан жылы түрлі өзгеріс пен жаңа мүмкіндіктерге дайын болуды меңзейді. Бұл жыл адамға өз өмірін қайта қарап, жаңа жоспарлар құруға мүмкіндік береді.
Жылан жылы — қазақ халқы үшін тек жыл қайыру жүйесінің бір бөлігі емес, терең мағыналы кезең. Бұл жыл сабырлық пен ақылмен әрекет етуге, қиындықтардан сабақ алуға және жаңа деңгейге көтерілудің мүмкіндігі ретінде қарастырылады. Жылан жылы келгенде қазақ халқы зор үмітпен, сақтықпен және жаңа бастамаларға дайындықпен қарсы алған.
Жылан жылы көбінесе тұрақ-тылық, үйлесім, даналық пен ішкі тыныштықты алға қояды. Дәстүрлі нанымдарда жылан жылы өздігінен қауіп төндірмейді. Тек адамдарды ойланып әрекет етуге шақырады. Егер сіз жылан жылында жаңа жетістіктер мен рухани өзгерістер күтсеңіз, бұл уақыттың энергиясын дұрыс пайдалану маңызды деп есептеледі.
Әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА.