Аймақаралық «Жігіт сұлтаны — 2023» байқауында облысымыздың намысын қорғаған Айбек Уахитов бас жүлдеге ие болды. Аталмыш байқау Көкшетау қаласында өтті.

Дода Абылай ханның 310 жылдығына, Ақан серінің 180 жылдығына және Иманжүсіп Құтпанұлының 160 жылдығына орай ұйымдастырылды. Байқауға еліміздің әртүрлі өңірлерінен он төрт үміткер қатысқан. Аталған жарыста Павлодар облысының намысын қорғаған талантты спортшы Айбын Уахитов топ жарып, Бас жүлдені жеңіп алды.

– Қатысушылар бірінші кезеңде өздерін таныстырған соң екінші кезеңде өз өнерімен таң қалдыру керек болды. Аударыспақ, аттың үстінде садақ ату, гір тасын көтеру, қазақ күресі, армрестлинг сияқты ұлттық спорт түрлерінен сынға түстік. Ал үшінші кезеңде Ақан сері мен Иманжүсіп атамыздың бір өлеңін орындадық. Төртінші кезеңде қол күресі болды, – дейді жеңімпаз. Осылайша жерлесіміз жан- жақтылығын көрсетіп, «Жігіт сұлтаны» деген атқа лайықты екендігін дәлелдеді. Айбын Уахитов 1998 жылы Екібастұз қаласының Ақкөл-Жайылма елді мекенінде дүниеге келген. Торайғыров университетін «Агротехнология» факультеті мамандығы бойынша бітірген соң әкімшілікте жұмыс істеген. Қазіргі таңда туған ауылында жеке шаруашылықпен айналысады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Май ауданы әкімдігінің қолдауымен, облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының ұйымдастырған облыстық «Жігіт сұлтаны-2023» байқауы бұрын-соңды болмаған жаңа форматта және ауқымды деңгейде өтті. Байқаудың Бас жүлдесін сол кезде де Айбын Уахитов иеленген болатын.

 

Өз тілшіміз.