Таяуда Түркістан қаласында өткен «Түркістан мақамдары» атты республикалық термешілер байқауында облысымыздың намысын қорғаған Тілеужан Баянбек жүлделі 2-орынға ие болды.
Екі кезең бойынша өткен жыр додасында 16 жыршы-термеші бақ сынады. Алғашқы кезеңде қатысушылар оңтүстік өңірінің термелерінен ұйымдастырушылар ұсынған екі шығарманы орындады. Ал екінші кезеңде оңтүстік терме-лерінен кеңінен таралып, ел ішінде көптеп орындалып жүрген, терме-толғаулардан жеребе бойынша бір терме орындауы тиіс болды.
Екі кезеңнің нәтижесі бойынша Алматы облысынан келген Құрметжан Ербах бас жүлде иегері атанды. Жүлделі 1-орын Жетісу облысынан келген Дина Ақниетке, 2-орын Павлодар облысының өнерпазы Тілеужан Баянбек пен Жамбыл облысының жыршысы Бекарыс Көштаевке бұйырды. Қызылордалық Айдос Тұрар мен Астана қаласынан қатысқан Салтанат Ерсұлтан және Көкшетау облысынан келген Нұрдыхан Арыстан жүлделі 3-орын иегері атанды. Сонымен қатар, Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлде Ақмола облысынан Әлихан Дүйсенбайға, Мұсабек Байзақов атындағы арнайы жүлде Түркістан облысынан Қозарбай Маралға берілсе, Құлыншақ Кемелұлы атындағы арнайы жүлде Қостанай облысының намысын қорғаған Байдос Қожасағиевке тапсырылды.
Айта кету керек, Тілеужан Баянбекті өнер додасына «Шаңырақ» халық шығармашылық орталығының «Майра» мектебінің жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші, термеші Салтанат Қисатова дайындады.
Айдана БОРАНБАЕВА.