Жәдігерлер — жаңа нұсқада

Жел 11, 2025

Павлодар қаласындағы №8 мектеп-лицейдің оқушылары музей экспонаттарын зерттеп, олардың 3D модельдерін жасайды. Жуырда олар «DigitMuseum Hackathon» атты жоба аясында жергілікті тарихты цифрлық нұсқада сақтаудың жаңа әдістерін көрсетті.

Жобаға мектептің 6-10-сынып аралығындағы 8 топ қатысты. Олар жоба аясында виртуалды көрмелер мен интерактивті каталогтар жасап, музей заттарын мұқият талдап, ғылыми деректерді зерттеді. Осындай еңбектің арқасында экспонаттар тозудан қорғалып қана қоймай, туған өлкенің мәдени мұрасы кең аудиторияға қолжетімді болады.

Жобалар екі кезең бойынша іске асырылды. Бірінші кезеңде оқушылар тарихи қорғау бөлігін орындап, әр экспонаттың тарихын таныстырып, алғашқы 3D-реконструкцияларды көрсетті және зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Екінші кезеңде олар техникалық демонстрация жасап, Blender және SketchUp бағдарламаларында дайын 3D-модельдерді көрсетті. Мұнда текстуралар, айналдыру мүмкіндіктері, қалпына келтірілген бөлшектер сияқты детальдарға ерекше назар аударылды.

Бұл жоба оқушыларға тек техникалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берген жоқ. Олар командалық жұмысты үйреніп, креативті ойлау қабілеттерін және шынайы өмірдегі қиындықтарды шешуді жетілдірді. Сонымен қатар, тарихи деректерді зерттеу, экспонаттарға сәйкес аналогтарды табу және модельдеуді дұрыс ұйымдастыру сияқты күрделі тапсырмаларды орындау арқылы ғылыми-зерттеу дағдыларын да шыңдады.

Жобаға қатысқандардың бірі – 8-сынып оқушылары. Олардың қатарында Нұрмұхаммед Асылханов, Ерасыл Төлеген, Мұса Мұрат, Әли Қалымов және Сабина Асқар бар. Олар 3 сағаттай уақыт ішінде дулығаның сызбасын әзірлеп, кейін ЗД нұсқаға айналдырған.

– Біздің жобаның мақсаты қазақтың кең даласын, тарихын көрсету болды. Осы ретте, біздің топ батырлардың бас киімі — дулығаның макетін дайындап, оның ЗД нұсқасын Blender бағдарламасында жасады. Бұл жұмысқа 2,5 сағат уақыт кетті. Ал өзге оқушылар Ақорда, Қазақстандағы ескерткіштер мен кесенелердің макеттерін дайындап, 3Д нұсқасын әзірледі, – дейді Сабина Асқар.

Жобаны жүзеге асыру барысында оқушылар өз еңбектерін көрсетіп қана қоймай, тарихқа құрметпен қарап, өз мәдени мұрасын сақтаудың маңызын түсінді. Павлодарлық жас таланттар осылайша музей ісінің жаңа беттерін ашып, болашақта цифрлық технология арқылы мәдени мұраны сақтаудың алдыңғы қатарлы үлгісін көрсетті.

Енді бұл дайын 3D модельдер музей қорындағы құнды заттарды сақтап қана қоймай, туған өлкенің мәдени мұрасын цифрлық түрде көпшілікке танытуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл дәстүрлі музей ісін заманауи нұсқада жаңғыртып, тарих пен технологияны ұштастырған тың тәжірибе ретінде бағаланады. Алдағы уақытта олар басқа да ғимараттар мен нысандардың макеттерін жасап, 3Д модельдерін дайындауды жоспарлап отыр.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.