Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының әртісі Айзана Тасболатова өнердің киелі екенін балалық шағынан ұғынды. Айналасындағы көркем дүниені көріп, көкірек көзімен түйсіне білді. Оның үстіне анасы да өнерден құр алақан емес еді. Ол сахнадағы әр іс-қимыл, ашу-ыза, сезім дірілі, шаттық-күлкі, қуаныш пен қайғы тікелей көрерменге әсер етіп, түрлі күйге түсіретінін түсінді. Сол арқылы өнер жолына қадам басты. Жуырда көрерменнің көзайымына айналған жас актрисамен сұхбаттасудың сәті түсіп, өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгіме өрбіттік.
— Айзана Жақыпқызы, өнердің бірнеше түрі бар екені белгілі. Осы өнер жолын таңдауыңызға не себеп болды?
— Театр әлеміне кездейсоқ келдім деп айта алмаймын. Себебі, балалық шақтан осы салаға қызығушылық танытып, театр және кино актерлеріне еліктедім. Одан бөлек, анам да театр әртісі болды. Алайда ол өнер жолынан отбасын биік санап, екінші жолды таңдады. Мүмкін бұл анамнан да дарыған қасиет болар. Сөйтіп, балалық арманмен осы жолды таңдап 16 жасымда арман қуып Алматыға аттандым. Осы мамандықта білім беретін бірнеше колледжге бардым. Дегенмен орын саны шектеулі болғандықтан қабылдамады. Алайда санаулы уақыттан соң асығым алшысынан түсіп, Эстрада-цирк колледжінде білім алуға мүмкіндік туды. Кейін туған жерге оралып, облыстық Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрына қызметке орналастым. Бүгінде өнер ордасында еңбек етіп жатқаныма 7 жылға жуық уақыт болыпты.
— Осы уақыт аралығында театр сахнасында бірнеше кейіпкерді сомдағаныңыз анық. Қойылымдағы әр кейіпкердің бейнесінен қалай шығасыз?
— Театр шынайы адамды жақсы көреді. Егер актер өзіне сенім білдірмесе, сомдаған рөліне сенбесе, онда оған көрермен де сенбейді. Себебі, сахна шынайылықты жақсы көреді. Ал белгілі бір образды сомдағанда әр театр әртісінің өзінің құпиясы бар. Менің сомдайтын рөлдерім — көбінесе жылайтын, тағдыры қиын әйелдердің рөлі. Басында спектакль басталмай тұрып сахна шетіне шығып, «киелі сахна, мені қолдашы, абыроймен ойнап шығайын» деп өзіме жігер тілеймін. Кейін спектакль аяқталғаннан соң сахнаға алғысымды айтамын. Алғашында қиындықтар болды. Кейін әр спектакльден соң айнаға қарап өз-өзіме келемін.
— Осы уақытқа дейін сомдаған кейіпкерлерден өзіңізге ұнайтын кейіпкерді айта кетсеңіз.
— Мен әр рөлімді ерекше жақсы көремін. Сөздің шыны керек, бәрі маған жақын, ешқайсысын бөліп-жармаймын. Әсіресе, алғашқы сомдаған кейіпкерім Жәмиләнің орны ерекше. Одан бөлек, Көкшоланды ерекше атап өтуге болады. Ал «Кездесу мен қоштасудағы» рөлім жаныма, табиғатыма жақын. Сондай-ақ, жуырда Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сыған серенадасы» атты спектакльдің премьерасы өтті. Онда Изольданың рөлін сомдадым. Бұл кейіпкер де өзіндігімен ерекшеленеді. Сол себепті, еш рөлімді бөліп-жарғым келмейді.
— Болашақта отандық фильмдерге түсетін ойыңыз бар ма?
— Бүгінге дейін де театрдан бөлек бірнеше отандық фильмге түстім. Мәселен, өткен жылы жарыққа шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевқа арналған «Қаныш. Қазына» атты кинода Қаныш Сәтбаевтың жеңгесі Мәруаның рөлін сомдадым. Одан бөлек, «Аналық сезім», «Жеті күн», «Новелла» және «Жаңа отбасы» фильмдеріне түстім.
Алайда тек кино саласын таңдап, театрдан алыстағым келмейді. Себебі, театр – тірі ағза, ойландыратын орын. Сан ғасыр өтсе де, өзектілігін жоғалтпай келе жатқан өнер түрі болуымен құнды. Өкінішке қарай, бүгінде актерлердің көбі кино арқылы танылып жатады. Ал театр әртістері шетте қалып қоятыны жалған емес. Дегенмен театрдың мәртебесі әркез жоғары болары анық.
— Сахна қандай әртісті жақсы көреді?
— Сахна шынайы әртісті жақсы көреді. Қазіргі заманда біздің көрермендеріміздің қай театрда қандай актер бар екенін, қандай қойылым болатынын ғаламтордан көруге мүмкіндігі бар. Сондықтан қазір көрермендер әртістерге жақсы баға бере алады. Егер сен өзіңе сенбей тұрсаң, көрерменді алдасаң, ол міндетті түрде сезіледі. Яғни, актер өзіне, сөзіне, рөліне, ситуацияға сенбесе, оған да ешкім сенбейді. Сосын ол өзінің әр қимылын дұрыс емес деп ойлай бастайды. Осы кезде жасандылық пайда болады. Сахнадағы түйір жасандылық көрермен алдында мың еселенеді. Сондықтан сахна шынайы әртісті ғана жақсы көреді.
— Бұл саланы таңдаған жастарға айтар кеңесіңіз. Жалпы, бүгінгі театр әртісі қандай болуы керек және бойынан қандай қасиеттер табылуы тиіс?
— Талант — сарқылмалы дүние. Ол сарқылмас үшін көп еңбек ету керек. Актер мамандығын таңдағысы келген жастарға көп ізденіп, көп оқыса деп, ақыл-кеңес айтқым келеді. Актер болам десе, әуелі, ұялу деген ұғымды алып тастау керек. Сахнада қысылып, ұялуға болмайды. Ал өмірде барынша қарапайым болу керек. Екіншіден, өзіңе сенімділік қажет. Өзіне өзі сенбесе, оған ешкім сенбейді. Үшіншіден, кітапқа көп көңіл бөлу керек. Актер кітаптан алған білімімен образды ашады. Осы үш маңызды қағиданы ескерсе, ары қарай жеңіл болады. Меніңше, нағыз актер болу үшін сол мамандықты оқыған дұрыс. Актер әрбір элементті үйренуі тиіс. Сондай-ақ, мінез, ішкі жинақылық, дайындық, ізденіс қажет. Актер өз рөліне сенбесе, онда ол көрерменді де сендіре алмайды.
— Өмірде барлық армандаған рөлдеріңізді сомдауыңызға, биіктен табылуыңызға тілектестік білдіреміз!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.