Биыл – ақын, ағартушы, ойшыл, публицист, тарихшы, шежіреші, этнограф, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығы. Бүгінде мәшһүртану ілімі қалыптасып, даму үстінде десек те, оның ұлт тарихы мен шежіресін зерттеудегі еңбегі толық бағаланды дей алмаймыз. Тағы бір айтатыны, этнография, этнофилософия, этностық мәдениет және этнопсихология бағытындағы еңбектері де – зерттелуді қажет ететін тың тақырыптың бірі. Біз Мәшһүр Жүсіптің эпостолярлық мұрасын ғылыми айналымға енгізуге үлес қосып, магистрлық дипломды қорғаған едік. Осы турасында азды-көпті сөз етсек.

Қоғам қайраткері Ерлан Арынның бастамасымен Мәшһүр Жүсіп мұрасының 20 томдығы шығып, кесенесі жаңғыртылып, мәшһүртану ілімі жанданғанын жақсы білеміз. Осы көптомдықтың 13-томның 28-бетінде өмірбаяндық дерек берілген. Онда 1858 жылда, қой жылы Қызылтауда… ережеп айында жұмада дүниеге келгені жазылады. Бес жасында мектепте ілім іздей бастаса, алты жасында парсы тілінде Шар кітапты (иман-жүйесін түсіндіретін кітап) оқиды. Сегіз жасында Баянаулада Қамардин хазіреттің алдын көреді. Он екі жасынан бастап-ақ өлең жазып, хат танып, ел аузындағы аңыз-әфсана, жыр-дастан және ертегі-эпостарды қағаз бетіне түсіре бастайды. Жиырма тоғыз жасында Бұхарай – Шәріп барып, «Салт ат қамшылы» жүріп, тоғыз ай тұрып қайтқан. Отыз жеті жасында Ташкент барып, Бесағашта Әбілқасым хан иман медресесінде – немересі Әкімхан төренің алдында көп оқыған. Тағы бір жыл өткенде Түркістанға аяқ басып, Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін көреді. Онда бірнеше ай тоқтап, жергілікті ғалымдармен танысады. Одан әрі Сыр өңірін аралап, Ұлытау мен Кішітауды басып, Есіл мен Нұраны жайлап, мекен қылған жұртпен жүздеседі. Үшінші сапарына қырық тоғыз жасында шығады. Одан кейінгі өмірін жазу өнеріне арнап, артында мол мұра қалдырады. Елу жасында Қазан қаласындағы Құсайыновтар баспаханасында «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» деген туындылары жарық көреді. Яғни Мәшһүр Жүсіпті өз заманының вундеркинді деп атауға болады. Өйткені 5 жасында парсы, шағатай, араб тілінде хат танып, ғылым, білім жолында өз-өзін жетілдіріп, энциклопедист тұлғаға айналады. Мәшһүр Жүсіптің көптомды-ғында қара сөзбен жазылған мәтіндерге қарағанда өлең формасындағы жыр-насихаттары көп екеніне көзіңіз жетеді. Әрі өлеңдері бір-екі жолмен бітпейді, көлемді дастандар дерсіз! 1863 жылы 5 жасында Нәжімалдин хазіреттен хат таниды. 1867 жылы 8 жасында Қамариддин хазіреттен білім алады. 1886 жылы Бұхарадағы діни жоғары оқу орнында білімін шыңдайды. Араб, парсы, шағатай тіліндегі кітаптарды оқып қана қоймай, мән-мазмұнын түсініп оқып, бұл тілдерді еркін меңгереді. Одан бөлек, түрік, өзбек, тәжік тілін үйренеді Енді 20 томдық кітапты зерделесем, ойшыл, этнограф, тарихшы, философ, фольклор танушы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасын көреміз. Оның мұрасынан аңыз-әңгімелер мен шешендік сөздер, тұрмыс-салт жырлары мен мақал-мәтелдерді, ақындар айтысы мен ру-тайпалар шежіресін, сондай-ақ адам анатомиясы мен әлем жағрафиясына, аспан әлемі мен жер қабаттарына байланысты құнды мәліметтерді табуға болады. Мәшһүр Жүсіптің басты артықшылығы – ағартушылық қызметінде. Баянауыл топыра-ғынан академиктердің көптеп шығуында Мәшекеңнің де еңбегі зор. Мәселен, көптомдықта оған жазылған хат көп. Соларды зерттеп, зерделесеңіз, Мәшһүр Жүсіп дерек көзінің қайнары, бағыт-бағдар беруші екенін ұғасыз. Сондай хаттарды академик Әлкей Марғұлан, алаш қайраткерлері Жүсіпбек Аймауытұлы мен Қартқожа Тоғанбаев және тағы басқалар жазып, тарихи оқиғалар және тұлғалар туралы дерек сұрайды. Жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы Шымкент қаласынан мынадай хат жазады: «Сізге үлкен ұятты болдым. Не деп ғафу өтінемін десем де, ол өтінішім түкке тұрмайды. Өйткені екі хатыңызға бірдей жауап қайыра алмағаным кешірмейтін күнә болды. Ренжіген шығарсыз, тек қарғамасаңыз болды. Боқтауға, ұрсуға, ұруға мойнымды ұсынып тұрмын». Бұл сөз тіркестерінен шәкірттің ұстазына ақталу, кешірім сұрау ниетін байқаймыз. Неге десеңіз, хаттың жалғасынан оның мәнін түсіне түсеміз. «Екі жарым ай болды үйден түзге шықпағаныма. Не істедің десеңіз, «Қылуетте» жатып бір роман жазып бітірдім, өзіңіз көрген «Қартқожадан» үлкендігі екі есе болады. Бар ойым, ынтам, рухым сол романға кетіп, тап жынды кісідей болыппын, досты, жолдасты, құрметті, қымбатты ағаны ұмытып кете жаздаппын. Мен күнді қалай өткізеді десеңіз, міне, былай: таңертең сағат сегізде тұрамын да, шай ішіп, қызметке бола оқытуға кетемін. Күніне алты сағат бала оқытамын. Сағат үштен кейін үйге келемін, тамақ ішемін. Одан кейін ұйықтаймын. Сағат алты-жетілерде оянамын. Шай ішемін. Сүйтем де жазуға отырамын. Сол отырғаннан түнгі сағат екі-үшке дейін отырып қалам. Әбден талғанда барып ұйықтаймын. Міне, екі жарым айдай көрген өмірім осы. Бірақ бұл күнде романым бітті. Баспаға жібергелі отырмын. Басылып шықса көріңіз». Міне, шәкірт Жүсіпбектің ұстаз Жүсіпке екі айдан аса хат жаза алмауының сыры түсінікті болды. Енді Жүсіпбектің кітабына Мәшһүр Жүсіптің қандай қатысы бар деген сұрақ туындайтыны анық. 1907 жылы Қазан қаласындағы Құсайыновтар баспаханасынан «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты үш кітабы жарық көрді Бас кезінде бұл роман «Ақбілек» деп пайымдаған едік. Алайда жүсіпбектанушы ғалым Айман Зейнуллина бұл «Кенесары» романы екенін алға тартады. Шынында, «Ақбілек» романы «Қартқожадан» екі есе үлкен емес. Енді Жүсіпбек пен Мүшһүр Жүсіпті байланыстырып тұрған не нәрсе? Әрине, Кенесары хан, дұрысы қазақтың соңғы ханы туралы дерек-дәйектер екені даусыз. Өйткені Кенесары хан туралы мол деректі Мәшһүр Жүсіп көненің көзі болған қариялардан жинап, хаттағаны белгілі. Жүсіпбек Аймауытұлының екінші хатында мынадай сөздер бар: «Мен өзімнің сырымды, ойымды корсеткендей «Шернияз» деген театр кітабымды сізге арнап почтаға салдым. Былтыр бәйгеге қосқан кітабым еді, бірден соңғы бәйгені алдық. Оқып көріп, пікіріңізді жазарсыз». Бұдан жазушы үшін ақын ағасының пікірлері құнды, тіпті сыншысы ретінде қабылдайтынын білуге болады. Ленинград қаласында аспирантурада оқып жүрген Әлкей Марғұлан 1929 жылы 13 сәуірде Мәшһүр Жүсіпке хат жазады. Онда: «Сізден сұрайтын өтінішім – мына төменде аталған кісілердің мән-жайын, ата-тегін, қашан туып, қашан өлгенін білесіз бе? Бұлар да – сіздің замандас ақындарыңыз. Білсеңіз, келесі хатта солардың толық жайын жазып жіберуіңізді өтінемін. Ол кісілер: Мақаш Қалтаев, Садырғалиұлы, Садуақасов Хамидолла, Алмасов Өткірбай («Бұлбұл құс» деген өлең жазған), Қашафилдин Шаһмарданов, Жанұзақ-Әлжанұлы Жәнібеков, Ақылбек Сабал, Сабыр ақын. Осылардың хал-жайын білсеңіз, тезірек жазып жібере көріңіз. Бұлардан басқа Абылайдан бері шыққан ақындардың аты болса, оны да жазыңыз. Және қандай өлең жазып қалдырған, кімдермен айтысқан? Менің сұрайтыным – осы» делінген. Осындай мазмұндағы хаттарды табуға болады. Бұл дегеніңіз, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – өз заманының білгірі ретінде өзінен кейінгі ағартушы-ғалымдарға бағыт-бағдар берген тұлға. Тарихшы Ермұхан Бекмахановтың Кенесары Қасымұлының азаттық қозғалысы туралы зерттегенде де Мәшекең білген-естігенін айтқаны анық. Өйткені Баянауыл топырағындағы тұлғалар шығар-машылық байланыста болғаны ақиқат. Сөз соңында Мәшһүр Жүсіптің адамды танитын қасиеті болғаны, оны кешегі қазақтың арасында Мұса Шорманнан жүйрігі жоқ болса, бүгінгілердің арасында Қаныштан жүйрігі жоқ дегенді айтады. Осыдан-ақ академик Қаныш Сәтбаевтың келешегін бағамдаған сәуегейлігін тануға болады. Ал қуғын-сүргін қарса-ңында ауыл шаруашылығы ғылымы саласында ізденіп жүрген Қартқожа Тоғанбаевқа көп ілім-білім іздеудің кесірі тиіп жүрмесін деп сақтандырғанын хаттарынан табасыз.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.