Маңғыстаулық Дамир Төребай көпшілікке әлеуметтік желілерде зергер ретінде танымал. Шебер әр ісіне ерекше ден қойып, әр туындысының сапасына айрықша мән береді. Сондықтан болар, бүгінде оның жасаған туындыларына сұраныс артып келеді. Жуырда аймағымызда Маңғыстау облысының қолөнершілері мен суретшілерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Шара барысында темірден түйін түйген шебердің дүниелері ұсынылып, келушілер арасында қызығушылық артып, бірден көзге түсті.
Бала кезінен сурет салумен айналысқан Дамир үшін зергерлік өнер — арғы ата-бабаларынан дарыған шеберлік. Кейін осы жолды таңдап, өнер мектебін, одан соң Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында зергерлік мамандығы бойынша 4 жыл білім алады.
— Зергерліктің қыр-сырын жете меңгеру мақсатында осы саланы таңдадым. Оқу орнын аяқтаған соң, бірден өзімнің шеберханамды аштым. Ал зергерлікпін кәсіп түрінде 2020 жылдан бері айналысып келемін. Ұлттық әшекейлерді көбінесе күмістен жасаймын. Әр бұйымды жасау барысында көне әдіс пен қазіргі стильмен байланыстыруға тырысамын. Суретші болғандықтан бұйымның дизайнын өзім сызып, қымбат тастарды Алматыдан алғызамын. Бұйымдарды тек тапсырыспен істеймін, — дейді жас зергер.
Дамир зергерлік бұйымдарды көрмелерге шығарып қана қоймай, оны насихаттап, ұлтымыздың рухани бай мұрасын баршаға кеңінен танытып жүр. Маңғыстау облысында туып-өсіп, осы аймақтың өзіне тән өнерін дамытып жүрген Дамирдің зергерлік бұйымдары да бағалы. Оның әр туындысының композиция-лары күрделі, сондықтан да, олар көрермендердің көңілінен шығып жүр. Ұшқыр қиялы мен шеберлігін ұштастыра білген шебердің ағаштан ойған өрнегі мен таза күмістен соққан зергерлік бұйымдары – ұлттық құндылығымызды насихаттауда табыла бермейтін бірден-бір қымбат дүниелер.
— Ұлтымыздың зергерлік бұйымдарын таза күмістен ғана жасаймын. Композициясы күрделі туындыларға бір-екі айдай уақыт кетеді, ал кейбір бұйымдарды бір күн ішінде жасап шығарамын. Бұл енді сәттілікке байланысты. Бағасы сапасына сай. Әр зергерлік бұйымның бағасы 20 мыңнан басталса, әр алқа, сырға, сақина және білезіктен тұратын әшекейлер жинағының орташа бағасы 200-250 мың теңгені құрайды, — дейді ол.
Қазір шебер қыз-келіншектерге арналған ұлттық нақыштағы сақина, сырға, білезіктер жасайды. Ескі бұйымдарды да жаңа үлгіде жасап шығаруға тырысады. Жас кәсіпкер болашақта шеберханасын кеңейтіп, ұлттық мұраны әлемге паш еткісі келеді.
Жас шебердің қолынан шыққан бұйымдарға қарап, оның өз ісінің хас шебері екенін тануға болады. Оның ендігі мақсаты – осы ұлттық зергерлік бұйымдарын брендке айналдыру. Тек қолдау танытып отырсақ болғаны. Ол өнерін өзінен кейінгі өрендерге де үйретіп жүр.
Көз жауын алар әшекей бұйымдарды сыйға тартуға, салтанатты кештерге тағып баруға болады. Тіпті, бүгінде әдемі әшекей зергерлік бұйымдар әйелдер, ерлер, балалар үшін де күнделікті қолданатын затына айналғандығы шындық. Алтынмен апталып, күміспен қапталған, сан түрлі асыл таспен безендірілген зергерлік бұйымдар тек әдемілік үшін емес, сонымен бірге, адамның дәулетінің тасып, мейманасы асқандығын да білдіретін, мәртебесін паш ететін әшекейге де айналып отыр.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.