Иса Байзақовтың туғанына – 125 жыл: Иса ақынның мерейтойы қалай атап өтіледі?

Сәу 24, 2025

Иса Байзақов – қазақ әдебиеті, айтыс өнеріндегі ғажайып құбылыс. Оған тамсанбаған жазушы, талантын атап өтпеген жазушы жоқ. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі: «Иса желпініп үзілмей соққан сар даланың желі сияқты, сол даладай кең мол ақындықтың иесі» деген.

Әйгілі тұлғаларды ұлықтау ісіне облыстық «Saryarqa samaly» газеті өзіндік үлесін қосуды парыз санайды. Бұл ретте газет бетінде Иса мұрасы туралы қосымша жарық көрген болатын. Жақында  журналистеріміз ақынның туған жері Ертіс ауданы Үлгілі ауылына іссапарға шығып,  жергілікті тұрғындармен жүздесіп, Иса мұрасы туралы тың деректерді жинап қайтты.

Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойының жөні бөлек. Исамен мақтанамыз, мадақтаймыз. Жас ұрпақтың оның рухты шығармаларымен өсуі қажет. Иса ақынның 125 жылдық мерейтойын өткізу бойынша Иса шығармашылығын білетін азаматтарды «Дөңгелек үстелге» жинап, ұсыныс-пікірлерін тыңдауды жөн көрдік. Осы орайда, газетіміздің бас редакторы Нұрбол Жайықбаевтың төрағалығымен өткен ауқымды шараға  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Ғалымбек Жұматов, Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Серік Елікбай, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан, ақын, жазушы, өлкетанушы Бейбіт Бөжен, Ертіс аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлдана Сәрсембеновалар арнайы қатысып, Иса Байзақовтың 125 жылдығын тойлаудағы ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, қойылған сауалдарға жауап беріп, әңгіме өрбітті.

Нұрбол Қанатбекұлы:

— Алғашқы сөзді жазушы, исатанушы, Иса Байзақовтың туған ауылында кіндігі кесілген азамат Ғалымбек аға өзіңізге берсек. Исаның шығармашылығы туралы не айта аласыз? Сіздің қаламгер болуыңызға қалай әсер етті?

Ғалымбек Сағымбайұлы:

— Иса — болмысы бөлек шығар-машылық иесі. Бір бойына бірнеше өнерді жинап, сал-серілердің ізін қуған, ұлт дәстүрін ұлықтаған тұлғалардың бірі. Дауылпаз ақын, жезтаңдай әнші, қазақ елінің біртуар перзенті  Иса Байзақовтың шығармашылығы тұтас бір дәуірдің бет-бейнесін, болмыс-бітімін айшықтап бере алады. Тарихи тұлғамыздың әрбір туындысы сол кезгі заманмен үндесіп қана қоймай, бүгінгі күндермен жалғасын тауып келеді. Себебі оның өрелі өнері – өміршең. Біз Иса ақынның жырларын оқып өстік. Оның бойындағы дарыны болашағымызға жол ашты десек те болады.  Ақынның «Бес желдірмесі» бес күннің жалғандығын баяндап, ұлттық руханиятымыздың бастау бұлағына айналды.  Исекең сөзін жазған әндер осы күнге дейін сахнадан түспей келеді.

Биыл ел ішінде «құйын ақын» атанған Иса атамыздың мерей-
тойына орай оның шығармаларын жастар арасында насихаттау, дәстүрлі ән өнерін дәріптеу жолында бірқатар ауқымды іс-шара жоспарланғанын естідім. Бұл өскелең ұрпақ үшін маңызды. Өйткені, өткен күннің өрнегінен ел тарихын таразылауға болады. Сонда тағдырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың, келешегіңді бағдарлайсың.

Нұрбол Қанатбекұлы:

— Исаның шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау керектігін айт-
тыңыз. Осы ретте келесі сұрақты Серік аға өзіңізге қойсам. Исаның өмірбаяны, шығарма-
лары мектеп бағдарламасында оқытылып жүр ме? Оқу құралы бар ма?

Серік Төлеубайұлы:

— Осыдан 3-4 жыл бұрын ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ауылына бардым. Елді мекен тұрғындары Мұқағалидың поэзиясын жатқа оқитынына көз жеткіздім. Ауылдағы кез келген баланы тоқтатып сұрасаң, ақын өлеңін оқи жөнделеді. Мен соған таң қалып, риза болып қайттым.

Жуырда  Медет Тауасқан екеуіміз Қазақстанның халық жазушысы облыс орталығында өткен Мұзафар Әлімбаевтың оқуларына қатыстық. Мектеп оқушылары Мұзафардың өлеңін жатқа оқыды. Бір мектептің оқушылары Мұзафардың еңбегін оқи жөнелгенде әлгі балаларды уақыт тапшы болып, өзіміз тоқтаттық. Ал енді Мұзафардың туған ауылының балалары, тұрғындары жазушының өлең-жырын жатқа біле ме, ол жағын білмеймін…

Мен 10 жыл көлемінде өңірлік әдебиеттің оқытылмайтыны туралы айтып келемін. Иса Байзақовтың мерейтойы қарсаңында өткен жиында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың алдында сөз сөйлегенде де осы  мәселені  тағы көтерген болатынмын. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Оспановаға өз аймағымыздағы ақын-жазушылардың өлеңдерін мектеп оқушыларына жаттата алмай жүргенімізді айтқан  едім.

Исаның ерекшелігі — оның бойына  жазба әдебиеті мен суырып салма айтыс өнері қатар дарыған. Өңірлік әдебиетті енгізе алмағандықтан Исаның жырын  жаттай алмай жүрміз немесе жаттата алмай жүрміз.

Исаның тағы бір қыры – әртістік қабілеті, актерлік шеберлігі. 1921 жылы Иса ақын Семейде жұмысшы факультетінде оқиды, драма үйірмелеріне белсене қатысып, өнердің сан қырын көрсетеді. Осында Мұхтар Әуезовпен және орыс жазушысы Николай Ановпен танысады. Семей қаласындағы драма үйірмесіне қатысып, бірнеше өнер адамдарымен кездеседі. Жұмат Шанин, Қапан Бадыров, Әміре Қашаубаев, Майра Шамсутдиновамен де осы жерде алғаш танысады.

1926 жылы Қызылордада қазақтың тұңғыш ұлт театры ашылғанда Иса Байзақовты да осында шақырады. Ол Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше–тоқал» қойылымдарында» басты рөлдерде ойнаған. Одан басқа да бірнеше спектакльдерге қатысқан. Ал «Біржан-Сара» спектаклінде Иса Байзақов Біржанның ролін сомдайды.Бір адамның бойында бірнеше қасиеттің болуы — феномен.

Исаның бойында руға, жүзге бөліну болмаған. Исаның мерейтойына келетін қауым Исаның елі, Сұлтанмахмұттың жері деп келеді. Жуырда Ақтауда бір шағын мектепке бардым. Екі қабатты білім ордасындағы  3 кабинетке кірдім. Сол бөлмелерде Ақтауда туған жергілікті ақындардың суреті ілулі тұр. Балалар өз өңіріндегі ақындардың өлеңін жатқа оқиды екен. Бұл дегеніңіз – өзіндегі барды көрсету. Дәл солай біз де Исаның өлеңдерін оқушыларға жаттата алуымыз керек. Өңірлік әдебиетті енгізу арқылы  балалардың қолына кітап ұстатуымыз қажет. Себебі Исаны маңдайынан сипайтын, алақанына салатын – оның оқырманы ғана. Исаның жалғасы, Исаның кекілін тарайтын, Исаның тағасын жөндейтін тағы да – оқырман. Әсіресе, жергілікті оқырман.

Нұрбол Қанатбекұлы:

— Серік аға, Исаның ерекшелігінің бірі суырып салма-лығында деп жақсы айттыңыз. Шыны керек, Иса — айтыс өнерінің бастауындағы тұлға. Осы орайда мынадай сауал туындайды. Қазіргі жас буын айтыскерлер Исаны қаншалықты ұлықтауда? Исаның атын әнші ретінде тек облыстық филармонияға ғана беріп қоймадық па?

Бейбіт Бөжен:

— Биыл Исаның 125 жылдық  мерейтойы қарсаңында халықаралық айтыс ұйымдастырылады деп күтілуде.  Мұндай ауқымды  шара міндетті түрде өткізілуі тиіс деп санаймын. Облысымыздың ақындары айтысқа қатысқанда өзге өңірдің айтыскерлері оларды Исаның жерлестері деп таниды.  Аймақ намысын аламан айтыстарда қорғап жүрген Аспанбек Шұғатаев, Абзал Қабдраш сынды айтыскерлеріміз сөз додасына  Исаның желдірмесімен шығады. Танымал айтыскер Серік Құсанбаев та Исаның желдірмесімен өнер көрсеткен.  Бұл желдірме Исаның ұстазы суырыпсалма ақын, әнші-композитор Құдайберген Әлсейітовтен жалғасып келе жатыр.  Сондықтан Иса есімі аталғанда Павлодардың айтысы қатар айтылады.

2000 жылы Исаның 100 жылдығы мерейтойында ақынның туған жері Ертіс ауданында республи-калық ақындар айтысы өтті. Бас жүлдеге ие болған айтыскер Аманжол Әлтаев ең алғаш көлік мінген еді. Иса республикалық көлемдегі біраз ақындардың жолын ашты десем, қателеспеймін. Ол суырыпсалмалылығы жойқын тұлға еді. Сондықтан айтыс саласында Исаның есімі өз деңгейінде насихатталып жүр деп айта аламын.

Нұрбол Қанатбекұлы:

— Медет Алпысбайұлы, Исаның 125 жылдығын тойлауда халықаралық айтыстан бөлек, қандай іс-шаралар жоспарланған? Иса Байзақовтың Семейдегі өмір кезеңдері қысқа да әрі ең қызықты еді. Тұңғыш академик Қаныш Сәтбаев Исаның бойындағы дарындылықты байқап, Семей қаласына оқуға баруына кеңес берген. Іс-шаралар жоспарында Семейге экспедиция жасау қарастырылған ба?

— Исаның мерейтойын өткізуде Семейге сапарға шығу, бірлесіп шара өткізу жоспарланбаған. Мұндай жұмыстарды атқару қаражатқа келіп тірелетіні жасырын емес. Исаның тойы жазда шілде айында өткізіледі деп күтілуде. Исаның поэмаларынан аймақтық немесе республикалық байқау жоспарланған. Сонымен қатар, облыс орталығында республикалық конференция өткізіледі. Ертіс ауданы мен облыстан арнайы делегат Алматы қаласындағы ақын зиратына барып, құран бағыштайды. Оқушылар арасында мүшәйра ұйымдастырылады. Бұдан өзге өткізілетін  ұсақ шара көп.

Серік Төлеубайұлы:

— Иса Семей қаласында Әміренің дауысын естіп, жақын танысып, достасады. Белгілі жазушы Мұхтар Әуезовпен танысады. Сол уақытта танымал қаламгер ақынның өнеріне ерекше баға береді. Иса мен Әміренің негізгі мәселесі – 1938 жылдары Алашорданың азаматтарымен қатар жүруі еді. Бұл туралы «Еңбекші қазақ» газетінде екі мәрте мақала жарияланған. Әміре Алаш қозғалысының қайраткері Мұстафа Шоқаймен жолықты деген әңгіме бар. Иса Әлихан Бөкейханов, Мұхтар Әуезовпен сыйласқан. Міне, осы фактілер Исаның сөніп, қайта шықпауына әсер етті. Бірақ Семейде жүріп, Жүсіпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейхеновтармен араласпау мүмкін емес еді. Исаның жырларында өзі де айтады. «Менің жырымды кім тыңдады, соған бардым», — дейді. Исаның Әлиханға арнаған арнауы бар екен.

Бейбіт Бөжен:

— Исаның Семейге барғаны – көкжиекке бірінші рет шыққаны ғой. Ол Семейді, Қызылорданы аралады. Иса жүріп өткен маршрутты сызып, ол тоқтаған орындарға мемориалдық тақта орнатуға болады.

Серік Төлеубайұлы:

— Айтыс туралы сөз қозғалған екен. Мен бір ұсыныс айтайын. Елімізде айтысқа байланысты ғылыми конференция өткізілмеген. Айтыстың бастауында тұрған Иса ғой. Сондықтан Павлодарда теориясы,  сипаты жөнінде кеңінен талқылайтын ғалымдардың басын қосу керек. Ақындар нені айтуы керек? Қалай айтысуы қажет? Көп әңгіме сахна сыртында айтылады. Ал айтыстың «асханасы» жабық жатады. Айтысқа ғылыми терминдер енгізуге бола ма? Шыны керек, айтыста ғылыми қор жоқ. Қай ақынның сөзі жатталған?
Бұрын айтылған сөзі қайталанып жатыр ма? Осы ретте айтыста антиплагиаттық таным жоғы байқалады. Қазіргі айтыскер ақындарды дауысынан танымайды екенмін. Мақамдарын да ретке келтіру керек шығар.

Жыл басында «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында «Айтыстың алтын ғасыры» атты республикалық ретро-айтысы өтті. Бастамасы бар. Дәл солай, ғылыми-конференция өткізілсе, ұтарымыз көп болар еді.

Медет Алпысбайұлы:

— Исаның мерейтойы қарсаңында келетін ғалымдар мен танымал тұлғалардың басын қосып мұндай шараны өткізуге болады. Ойлас-тыратын дүние екен. Айтысқа қатысты конференция болғандықтан осы салада докторлық қорғаған Қойлыбай Дәулетханұлы сияқты айтары бар адамдарды шақырған жөн болар…

Бейбіт Бөжен:

— Иә, айтыскерлердің ғылыми конференциясына ақын, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазыны, айтыскер ақын, жыршы, термеші Еркебұлан Қайназаровты, танымал ақын Серік Қалиевтерді де шақырған дұрыс.

Нұрбол Қанатбекұлы:

— Медет Алпысбайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың тойынан кейін республика зерттеушілері «тұлғаны  облыс азаматтары  өздері тойлағаны несі, ол республикаға ортақ Сұлтанмахмұт еді ғой. Сұлтанмахмұтты алғаш зерттеген ғалым Бейсембай Кенжебаев болмаса да, оның ізін басушы, әдебиет зерттеушісі Құлбек Ергөбек ағамыз тірі ғой, шақырса болмады ма?» деп ренжігенін естідік. Бұл жағынан биылғы мерейтойға исатанушылардан кімдер тартылады?

Медет Алпысбайұлы:

— Біз қолды той өткеннен кейін сермейміз. Оны өз тәжірибемізде көріп келеміз. Барлық той біз ойлағандай жоғары деңгейде өткізіліп келеді деп айта алмаймыз. Кемшін тұстар болмайды емес, болады. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мерейтойларын өткізер алдында зиялы қауым өкілдерін жинап, ұсыныстарын тыңдаған едік. Кім не айтады? Кімді шақырайық? деген сұрақтар ортаға тасталды. Біз үшін қонақ шақырып, оларды күту мәселе емес. Айтыңыздар. Жұмыс қауырт болғандықтан исатанушыларды жатқа білеміз деп айта алмаймыз. Ұсыныс болса, қабылдаймыз.

Серік Төлеубайұлы:

— Сабақ беретін студенттеріме «Сұлтанмахмұттың туған жылын айтшы» деп сұраймын. Жастардың көбі білмейді. Өз ішімізде өзімізді танымай тұрып, сыртқа айта беру де дұрыс емес шығар деп ойлаймын. Исаны да бәрі терең біледі деп айта алмаймын. Сондықтан әуелі өзіміз танып алуымыз керек.

Бейбіт Бөжен:

— Бізде танымал тұлғалардың мерейтойына туған жері жауапты болып жатады. Менің түсінбейтінім, Исаны неге Ертіс ауданы ғана тойлауы тиіс? Не себепті Железин, Баянауыл аудандары тойламайды? Мысалы, Жаяу Мұсаның мерейтойын Ақтоғай неге атап өтпейді? Облыс көлемінде челлендж бастап, аймағымыздың барлық елді мекендері атсалысқаны жөн сияқты.

 Медет Алпысбайұлы:

— Иса Байзақовтың мерейтойын атап өтуде жыл басынан бастап мыңнан астам іс-шара өткізіледі. Облыс аумағында жалпы саны 512 мәдениет нысаны бар. Солардың әрқайсысы бір шарадан өткізсе де, мың шараның жартысын орындап тұр. Ауылдық жерде де іс-шаралар өте көп ұйымдастырылады. Бюджеттен де қаражат қарастырылған. Үлкен тойға әр аудан өз үлесін қосатын болады. Иса туралы дайын тұрған кітап көп екен. Қазіргі уақытта Серік аға мен ақынның туысқандары кітап жазып жатыр. Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Амантай Құдабаевтың бұрын жинаған үш жинағы бар екен. Соны жинақтап екі жинақ шығарса деп ойлап отыр.

Бейбіт Бөжен:

— Медет Алпысбайұлы, Исаны әдеби формаға түсірген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Ахат Жақсыбаев. Оның Иса ақын атты бірінші, екінші том кітаптары бар. Үшінші томы үйінде жеңгеміздің қолында дайын тұр екен. Бұған дейін басылып, шығарылмаған. Мүмкіндік болса, сол деректі романның үшінші томын жарыққа шығарса деген ұсынысым бар.

Медет Алпысбайұлы:

— Ахат Жақсыбаевтың жұбайымен тілдескен едік. Қыркүйек айында кітап жөнінде сөйлесуді жоспарлап отырмыз. Исаның тойына ол кісіні міндетті түрде шақырамыз.

 Нұрбол Қанатбекұлы:

— Медет Алпысбайұлы, Исаның мерейтойында шығармалары  желісімен монолог шығаруға болатын сияқты. «Ақбөпе» монопьесасы бар еді. Соны қайта жаңғыртса да болады.

Медет Алпысбайұлы:

— Шыны керек, тұлғалық образды сомдау кезде қиын дүниелер бар. Былтыр тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев Қаныш Сәтбаев, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың тұлғалық қойылымын жазуды бастаған еді. Қазіргі жастар үшін тарихи тұлғалардың образын сомдау ауыр тиеді екен. Биыл маусым айында осы тұлғалар бойынша спектакль көрсетілуі мүмкін.

Қазіргі театр классикадан алыстап барады. Өкініштісі, қазір театрда жастар тұрақтамайды. Басты рөлде ойнайтын әртістер жиі қызмет ауыстырып жатады. Салдарынан оның орнына ойнаған актер образды аша алмай қалып жатады. «Ақбөпені «қайта жаңғыртып шығаруға болатын сияқты.

Серік Төлеубайұлы:

— Театрда жастар сахналайтын қоғамдағы өзекті мәселелер уақыт өте келе өз шешімін таба жатар. Ал өмірде Абай, Иса, Мәшһүр Жүсіп сынды тұлғалардың образы мәңгі қалады. Біз оларға соқпай отыра алмаймыз.

Нұрбол Қанатбекұлы:

— Гүлдана Ақылбекқызы, бүгінгі шараға Исаның туған елі – Ертіс ауданынан арнайы келіп отырсыз. Туған жерінде қандай мазмұнды шара өткізіледі деп күтілуде?

Гүлдана Ақылбекқызы:

— Аудан бюджетінен Исаның мерейтойын атап өтуге 20 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Жуырда облыс көлемінде «Аудан мекемелері Исаны оқиды» тақырыбында челлендж бастау алды. Қазір Ақтоғай ауданының тұрғындары Исаның мерейтойына арналған шараларды тамашалауда. Бұдан бөлек, Иса Байзақов атындағы филармонияның әншілері Үлгілі және Панфилов ауылына келіп, өз өнерлерін көрсетті. Жас ақындар арасында облыстық мүшәйра өткізу жоспарда бар. Исатанушы Тұрсын Әділханқызы кітап жинақтап жатыр. Екі жүз дана көлемінде шығаруды ойлап отырмыз. Алматы қаласына Исаның зиратына баруды да жоспарлап отырмыз. Үлгілі ауылындағы мектепте Иса атындағы кабинетке жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ауладағы ескерткішін өңдейтін боламыз. Маңызды шаралар легі – осы. Бұдан басқа жыл басынан бері аудандағы барлық мектепте Исаға арналған іс-шаралар үзіліссіз өткізіліп келеді.

Медет Алпысбайұлы:

— Жоғарыда айтылған ұсыныс-пікірлерді ой-елегімнен өткізіп, Алматыға жасалатын сапарды Семей арқылы жоспарласақ деген ой келіп отыр. Исаның ізі қалған орындарда мемориалдық тақта орнатылса, ұтарымыз көп болар еді. Ойластыратын дүние болды…

Бейбіт Бөжен:

— Медет Алпысбайұлы, Иса туралы кітаптар жарық көреді деп айттыңыз. Соның таралымы 500 данадан кем болмаса деген ұсынысым бар. Өйткені Серік ағаның кітабында жұрт білмейтін мәліметтер бар. Сондықтан жинақтар кітапханаларға таратылатын деңгейде саны көп болуы тиіс деп санаймын.

Ғалымбек  Жұматов:

— Ұсыныстар айтылып жатыр екен. Менен де бір өтініш болсын. 1966 жылы қазақтың белгілі режиссері Әзірбайжан Мәмбетов «Ән қанатында» деген бір ғажап көркем фильм түсірді. Сценарийін Николай Анов деген орыс жазушысы жазған. Өйткені Н.Анов Әміре мен Исаның қасында болған, олардың өмірі мен өнеріне қанық болған, өзі Г.Потанин сияқты қазақты жақсы көрген адам. Сол фильмде басты кейіпкерді Әнуар Молдабеков сомдағанымен Исаның «Желдірмесі» Ермек Серкебаевтың орында-уында шырқалады. Ермек Серкебаев өзінің сұрапыл үнімен Исаның «Желдірмесін» әлемдік классикалық музыканың биігіне көтерді, әлемдік операның күрделі арияларымен шендестірді. «Қазақфильм» студиясында шығарылған толық метражды көркем фильмдегі басты рөлдерді Асанәлі Әшімов, Кәукен Кенжетаев сынды өнер майталмандары сомдаған. Бала күнімізде сол фильм арқылы Исаның тереңдігін сезіне алған едік. Фильм «Крылья песни» деген атаумен орыс тілінде де түсірілген. Исаның мерейтойы қарсаңында осы фильмді жұртшылық назарына қайта шығарса деген тілегім бар.

Медет Алпысбайұлы:

— Өнердің қазанында қайнаған мықтылар сомдаған бұл фильм «Алтын қорда» сақталған екен. Ұсынысыңызды орындауға тырысамыз.

Нұрбол Қанатбекұлы:

— Құрметті қонақтар! Иса туралы ой-пікірлеріңізді ортаға салып, ұсыныстарыңызды жеткізіп отырсыздар. Бүгінгі «Дөңгелек үстел» шарасының мақсаты да осы еді. Той өткеннен кейін емес, тойға дейін кем-кетік тұстарды түгендеп, мерейтой жоспарына енгізу.

— Медет Алпысбайұлы:

— Нұрбол Қанатбекұлы, облыстық басылымның басшысы ретінде Исаның мерейтойына өзіндік үлес қосу үшін «Дөңгелек үстелде» басымызды қосқанымыз үшін алғысымызды айтамыз. Иса туралы ойымызды 2 сағатқа сыйдыру мүмкін емес. Десе де, аға-бауырларымыздан көңілге қонымды ұсыныстар айтылды. Айтыскерлерге арналған ғылыми-конференция, «Ән қанатында» фильмі, Семейге сапарға аттану сынды ұсыныстарды басқарма қарастыратын болады. Мерейтойға дейін әлі де зиялы қауым тарапынан маңызды ұсыныстар тағы айтылады деген ойдамын.

 

Түйін:

Өшпес өнерімен ел аузында аңыз болған суырып салма ақын, жазба әдебиетінің өкілі, композитор, әнші-актер, ағартушы Иса Байзақовтың 125 жылдығы — еліміз үшін ортақ мереке. Дауылды жырдың дарабозына арналған үлкен той жоғары деңгейде тойланса деген тілегіміз бар. «Дөңгелек үстел» шарасы барысында айтылған ұсыныстар легі қолға алынса, мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.

Жазып алған – Айдана ҚУАНЫШЕВА.