Шексіз махаббат. Өшпес сезім. Қос ғашық Абзал мен Мәдинаның жүректерінің лүпілі бір бірі деп соғады. Алайда олардың махаббаты тағдыр талқысына төтеп бере алмасы бар ма… Олардың өмірінде қандай қиындықтар орын алады? Бұл сауалдың жауабын жуырда көрермен Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында сахналанған кезекті қойылым барысында біле алды.
Қарағандыда биыл ғана құрылған «Шексіз» театры алғашқы қадамын батыл бастады. Тәжірибесін әлі жинақтап үлгермеген жас ұжым алғашқы гастрольдік сапарын Павлодар қаласынан бастау арқылы көрерменге өзін таныстыруды жөн көріпті. Біркүндік сапар барысында олар Сұлтан Серікұлының «Қоштасуға не себеп?» атты сезімге толы лирикалық драмасын сахналады. Жас театр үшін бұл – үлкен сын, ал павлодарлық көрермен үшін – жаңа шығармашылық тыныстың лебі.
Қойылымның режиссері әрі басты рөлдердің бірін сомдаушы Ахай Жұмамұратов «Шексіз» атауының өзінде үлкен мән бар екенін айтады.
– Өнердің табиғаты шексіз. Ол уақытпен де, кеңістікпен де шектелмейді. Біз ұжымға осы атауды беру арқылы шығармашылыққа деген көзқарасымызды айқындадық. Театрды биыл ғана құрғанымызбен, мақсатымыз үлкен. Қазір онға тарта маман еңбек етеді. Алдағы уақытта шығармашылық құрамды толықтырып, жаңа бағыттарда жұмыс істегіміз келеді, – дейді ол.
Жас театрдың бірден гастрольге шығуы – көпшілік үшін тосын әрі тәуекелді шешім. Алайда режиссер мұны дамудың табиғи жолы деп біледі.
– Үйрену үшін сахна қажет. Көрерменнің көзқарасын, қабылдауын сезінбей, өсу қиын. Сол себепті, алғашқы сапарды биыл бастауды жөн көрдік. Павлодардан кейін Балқашқа жол тартамыз. Ал келесі жылдан бастап барлық өңірді аралауды көздеп отырмыз, – дейді сахна шебері.
«Қоштасуға не себеп?» қойылымының ерекшелігі – оның әдеби де, драматургиялық та негізі шынайы өмірге сүйенуі. Драма авторының жеке өмірінен алынған оқиғалар кейіпкерлердің ішкі психологиясын тереңірек ашуға мүмкіндік береді.
– Бұл туынды – ойдан құрастырылған шығарма емес. Өйткені, онда шынайы сезімдерден туған көріністер көп. Қойылым соңында қарағандылық белгілі ақын Жадыра Байбұланованың театрда қойылымды тамашалау барысында дүниеге келген өлеңін оқыдық. Ақынның өмірінен алынған сәттер де бар. Тіпті, кейбір эпизодтар менің өз өмірімнен де алынды. Яғни, бұл – бірнеше жүректің ортақ әңгімесі, – дейді Ахай Жұмамұратов.
Спектакльдің тағы бір ерекшелігі – классикалық пьесалардағыдай бас кейіпкердің болмауы. Оқиға желісіндегі әр бейне – біртұтас жүйенің бөлшегі. Ал Айнұр рөлін сомдаған Алтын Зиядова бұл ерекшелікті спектакльдің үлкен артықшылығы деп санайды.
– Мұнда ешкімнің рөлі үлкен де, кішкентай да емес. Әр кейіпкердің өз болмысы, өз салмағы бар. Айнұр мінез жағынан маған ұқсайды: сырын жасыра алмайтын тік мінезді, бірақ жүрегі өте нәзік. Қойылымға екі-үш ай шамасында дайындалдық. Бұл уақыт тек жаттығу емес, кейіпкердің ішкі табиғатымен танысып, оның жанын түсінуге бағытталды, – дейді жас актриса.
Павлодарлық көрермен үшін қойылым ерекше әсер қалдырды. Бірі сахнадағы оқиғадан өз өмірін көріп, бірі кейіпкерлердің сезіміне ортақтасып отырды. Жас театрдың алғашқы қадамы дәл осылай қабылдануы – ұжым үшін үлкен қолдау.
«Шексіз» театрының сахнаға алып шыққан алғашқы туындысы көрерменге бір кештің өзінде көп ой қалдырды. Оларға махаббаттың бізді қайда апаратынын, қоштасудың неге оңай еместігін, ал жүректегі сезімнің ешқашан жоғалып кетпейтінін тағы бір еске салғандай…
Айдана БОРАНБАЕВА.
