Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры 15 қыркүйек күні 36-маусымын ашқалы отыр. Сол күні көрермендерге өткен маусымда премьерасы өткен «Шәмші» спектакль-концерті жол тартады.
Өнер ұжымы 15, 16 қыркүйек күндері сағат 17.00-де Шәмші Қалдаяқовтың өнері мен өмірі суреттелетін аталмыш туынды өзінің сүйікті көрермендерін күтеді. Авторы – Н.Тұрлыбек, режиссері – Ә.Ақанов.
Спектакль барысында орын-далған сазгердің әндерінің әрқайсысы — автордың бір-бір ойы, өмірінде орын алған әр алуан оқиғасы. Әнге айналған тұлғаның әсерлі әлемі көрер-меннің көңілін баурап, жүрек түкпіріндегі мейірімі мен махаббатын қозғап, ақыл-парасатпен апталған адамгершілік сынды асыл қасиеттерді оятады.
– Жаңа премьералардан бөлек, театр ұжымы үлкен қала-ларға, аудандарға гастрольдік сапарға шығуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, еліміздегі бірқатар театр фестиваліне жолдама алып жатыр. Бүгінгі көрерменнің талғамына сай қойылым қою оңай емес. Алайда осы кезеңдегі мәселелердің өзегін табуға ұмтылған режиссерлердің барын ескерсек, спектакльдердің жаңа мәдениетімізге беретін үлесі зор деп айтуымызға негіз бар. Сол мақсатқа жұмылдырылған Жүсіпбек Аймауытов театрының ұжымы талмай еңбек етіп, көрермен көңілін мерейлі сәттермен толтыруға ниетті, – дейді театртанушы, Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Аружан Оразова.
Сонымен қатар, маусымның басы театр үшін ауқымды фестивальдермен басталғалы отыр. Нақтырақ айтқанда, биыл Өскемен қаласында Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театр-ларының ХХХ республикалық фестивалі өткелі отыр. Аталмыш өнер додасына жақында ғана премьерасы болған «Менің атым Қожа» драмасы қатыспақ. Режиссері – Ж.Садықов.
Одан бөлек, облысымызда 20-25 қыркүйек аралығында Жүсіпбек Аймауытовтың туға-нына 135 жыл толуына орай еліміздің түкпір-түкпірінен жиналатын 11 театр ұжымы «Ертіс-Баян» І республикалық театрлар фестивалінде үздік қойылымдарымен бақ сынамақ.
Өз тілшіміз.