Павлодарда Ертіс өзені жағасында жазғы концерттер маусымының жабылуына 40 мыңға жуық қала тұрғыны және қонақтары жиналды. Биыл жарты миллионнан астам тұрғын «Ertis Promenade» концерттерінің куәгері болды.
Облыс орталығының бас сахнасында концерттер тізбегіне әдемі нүкте қойылды. Павлодарлық әртістер Гүлнәр Жапарова, Нұрым Нұрғали, Сая Мұхамеджан, Жібек Айтпаева сахнаны эстрада жұлдыздарының шығуына дейін өз әндерімен қыздырды. Кештің хэдлайнерлері – қазақ эстрадасының жұлдызы Дильназ Ахмадиева, шетелде танымал болып үлгерген жас әнші Mona Songs пен бүгінде хит әндерімен белгілі болып үлгерген Kalifarniya павлодарлықтарға ерекше атмосфера сыйлады. Mona Songz өзінің танымал әндердің кавер нұсқасын шырқады. Mona Songz бүркеншік атымен жүрген Манарбек Жұматай — Аққулы ауданының тумасы. Ол «Песни на ТНТ» жобасынан кейін танымал болды. Концертті Қазақстанның жарық жұлдызы Дильназ Ахмадиева жалғастырып, репертуарын Ескендір Хасанғалиевтің «Гүл сезім» әнінен бастады.
– Павлодар жағалауындағы «Ertis Promenade» сахнасының кезекті маусымының соңғы концерті өтті. Мені бұл концертте өнер көрсету үшін лайық деп санады. Сондықтан көрермендерге керемет әсер сыйладым деген ойдамын. Шақырғандарына рақмет! – деді әнші. Ал Kalifarniya-ны павлодарлық жастар қуанышты көңіл-күймен қарсы алды. Оның «Пуэрто-Рико» хиті кештің ең соңғы әні болды. Сондай-ақ, концертте облыс қалалары мен аудандарының шығармашылық ұжымдары марапатталды. Аймақтың басты сахнасында олар жаз бойы апта сайын өнер көрсетті. Павлодардың мәдени өміріне қатысқаны үшін өңірдің барлық ауданының әртістеріне Алғыс хаттар табысталды. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі биылғы жылдың жазғы маусымының қорытындысын жасады.
– Жалпы, «Ertis Promenade» маусымы мамыр айының 20-сы күні ашылды. Сол күні 40 мыңға жуық павлодарлық концертке келіп, әртістердің өнерлерін тамашалады. Мамырдан бастап қыркүйекке дейін облыс орталығының бас сахнасында 72 шара, 15 тематикалық би кеші ұйымдастырылды. Концерттік бағдарламалардың жалпы уақыты 110 сағатты құрады, – деді бөлімде. Әдемі кештердің себепкері облыстың 1850 әртісі және арнайы шақырылған Қазақстан эстрадасының 33 жұлдыз бен әншісі болды. Олардың қатарында Луина, Еркеш Хасен, Серік Мүсәлімов, Маржан Арапбаева, Райм мен Ерке Есмахан, Әлішер Кәрімов, Роза Рымбаева сынды әртістер бар. Павлодар облысының 600 мың тұрғыны осындай концерттік бағдарлама мен керемет кештердің куәсі болды. Концерттерден бөлек тұрғындар үшін отандық кинофильмдердің көрсетілімі, Арбат кештері, спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Өз тілшіміз.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.