Ертіс-Баян өңірінің рухани қарашаңырағы Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ-музыка драма театры танымал драматург жазушы Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» әңгімесінің желісімен жазылған «Кербұғы» қойылымының премьерасын ұсынды. Көрерменге жол тартқан жаңа туынды еркіндікті аңсап, азаттыққа ұмтылған бұғылар жайында.
Қоршауда күн кешкен бұғылар өздерін Жер-Ананың еркесі ретінде сезінгенімен, олар мекен еткен асқар таулар, орман-көлдер – бәрі қоршауда. Екі аяқты пенделердің тұтқыны…
Біреулер айтады: еркіндігін аңсаған Кербұғы тіпті де өлген жоқ.
Біреулер айтады: еркіндік алған бұғылар тек қана о дүниеде…
Оралхан Бөкейдің «Кербұғысы» – адамгершілікті насихаттайтын туынды. Қойылымның негізгі идеясы – табиғат пен адам арасындағы қарама-қайшылықты бейнелеу арқылы көрермен қауымға ақ пен қараның, жақсы мен жаманның ара-жігін аңғарту. Тар шеңберден шыға алмай аласұрып, еркіндік аңсаған бұғылар тірлігі бір сәтке азаттық жолында тар жол тайғақ кешкен ата-бабаларымыздың өмірін еске салғандай болды…
— «Кербұғы» қойылымының премьерасына келіп, ерекше күйге бөлендім. Бұрын-соңды пластикалық жанрдағы спектакльді көрмегендіктен болар, тамаша әсер етті. Бұғылардың өмірін сөзбен суреттеген жазушының шеберлігін сахнада би арқылы жеткізу оңай шаруа емес. Әдетте қойылымдарда кейіпкерлердің сөзіне мән берсек, бұл туындыда режиссер «кербұғылардың» қимыл-қозғалыстары арқылы оқиғаның желісін шынайы жеткізе білген, дейді театр көрермені Айгүл Сүлембаева.
Жүсіпбек театрының сахнасында «Кербұғы» қойылымын пластикалық драма жанрында ұсынған режиссер – Жангелді Садықов. Пластикалық режиссері Жалынбек Ахан, қоюшы-суретшісі Рауан Ұлықпан, инсценировкасы Нұркен Тұрлыбек, балетмейстер Айгүл Дайырбаева.
Режиссер Жангелді Садықов қойылымды өткен жылдың сәуір айында қолға алған. Күрделі шығарманы ішкі ой елегінен өткізіп, негізгі идеясын бойға сіңірген соң осы жылдың қаңтар айында сахналауға кіріскен.
Режиссердің айтуынша, қойылымды дайындау қиынға түскен. Себебі – «Кербұғы» еңбегі ешқандай диалогсыз жазылған. Сондықтан бұғыларды сөйлету қиындық туғызған.
— Бұғыны сөйлетуде қиындыққа тап болдық. Тақырыпты аша түсу үшін әңгімеде жоқ кейіпкер – жауыздық пен қатігездіктің символы Қоңқайды қостық, — дейді режиссер.
— Пластикалық драма жанры өте қиын. Бірінші рет қолға алдым. Үлкен еңбекті талап етеді. Алматы қаласынан сахналық шешімін қоятын пластикалық режиссерді шақырдық. Он күн болып, сахнадағы әрбір қимыл-қозғалысты көрсетіп берді. Музыка, жарық, мәтінді үйлестіре отырып, жақсы дүние шығардық деп ойлаймын. Көрермен жақсы қабылдады. Бір деммен, көз алмастан көріп шықты. Көрерменнің ықыласы, қошаметі өте керемет болды. Өйткені бұғылардың өмірін көре отырып, адамның өмірін, қазіргі қоғамды көруге болады. Ата-бабаларымыздың, Алаш қайраткерлерінің өмірлерін көруге болады, — дейді режиссер.
Ерекше қойылымда театрдың 16 әртісі өнер көрсетті. Жас актерлер әсем қимылдары, әдемі билері арқылы бұғылардың өмірін шебер бейнеледі. Сахнадағы қимыл-қозғалыстарды меңгеру барысында әртістердің аяқ-қолдарын ауыртып, белдері тайып кеткен сәттері де болған. Дайындық барысындағы қиын сәттер артта қалып, зор еңбекпен сахнаға жол тартқан қойылымды көрермен қауым ыстық қошаметімен бағалады.
Торғын ОРАЗАЛЫ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.