Бүгінде Қимақ кезеңінен бастапқы зерттеу, зерделеу ісі әлі күнге жалғасып келеді. Мәселен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ертіс-Баян өңірінің киелі жерлері белгіленіп, өңірді зерттеу мақсатында көптеген шара қабылданды. Алайда әлі де шешілмеген мәселелер баршылық.
Жуырда «Ertis» мультимедиялық музейінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін облыстық өлкетанушылар форумының кезекті отырысы өтті. Форум аясында өлкетанушылар қауымдастығының бір жыл бойы атқарған жұмыстары қорытын-дыланып, зерттеу жұмыстары туралы хабарламалар, баяндамалар жасалды. Сондай-ақ, осы жылы жарық көрген еңбектер назарға ұсынылды.
Форумның кезекті отырысына жергілікті өлкетанушылардан бөлек, аудандардың тарихын зерттеп жүрген адамдар да қатысып, бүгінге дейін атқарылған жұмыстар бойынша хабардар етті.
— Облыстық тарихи-өлкетану музейі аймақтағы өлкетанушылармен тығыз қарым-қатынаста бірлесе еңбек етуде. Осыған орай, жылына бір мәрте форум ұйымдастыры-лады. Алдағы уақытта мұндай кездесулерді бір жылда 2-3 рет өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музей басшысының орынбасары Г.Нұрахметова.
Өлкетанушылардың аймағы-мыздың тарихи деректерін жинап зерттеуде атқарып жатқан еңбектері зор. Мәселен, Ж.Марданов атындағы өлкетанушылар қауымдастығы бүгінге дейін белгілі тұлғаларымыздың өмірі мен шығармашылығына және өңірлердің тарихына қатысты жобаларын бастап, сәтті жалғастырып келеді.
— Өткен жылы тарих саласын зерттеп жүрген азаматтардың бір тобын қауымдастығымызға қабылдадық. Олар бүгінге дейін әртүрлі тақырыптағы зерттеу жұмыстарымен айналысты. Олардың қатарында елімізде археология мектебінің негізін салушы Әлкей Марғұланның ұрпақтары, Железин ауданының тарихы, Баянауыл ауданының тастарына қатысты жұмыстар бар. Зерттеу барысында өңіріміздің әр ауданын араладық. Кейін білген-көргенімізді жиындарда хабарлап отырдық. Біздің Павлодар өңірінен Ұлы Отан соғысына бір әулеттен жеті ағайынды азамат аттанып, алайда елге оралмаған. Алдағы уақытта осы азаматтарға ескерткіш ашылса дейміз, — деді аталмыш қауым-дастықтың төрағасы Рүстембек Қалымқұлов.
Кездесу барысында Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың ұлы Мұрат Қайырбаев әкесі туралы жазған еңбегі жайлы баяндады.
— Әкемнің өмірбаянын жазу оның өміріндегі кейбір оқиғаларға түрткі болды. Әкем 1982 жылы зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, майдан-герлердің ерліктерін жиі еске алып, жағдайларына алаңдап отыратын. Бүгінде мен де құрметті демалыстамын. Әкемнің сол кездегі ойға алған жоспарларын жүзеге асыруға аз да болса үлесімді қоссам деймін, – деді ол.
Форум барысында өлкетанушылар еңбектерін таныстырып, көкейде жүрген біраз мәселені ортаға салды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.