Дәл осындай атаумен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, режиссер, актер, драматург Атығай Шаниннің 120 жылдығына орай «Киелі өнер иесі» атты әдеби музыкалық кеш ұйымдастырылды.

Атығай Құрманбайұлы — қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шаниннің немере інісі. Ол 1905 жылы Баянауыл ауданы қазіргі Жұмат Шанин ауылында дүниеге келген. 1932 жылы Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы жұмысшы жастар театрында актер әрі драматург, кейін Павлодар театрының көркемдік жетекшісі болып еңбек етеді. 1943 жылдан бастап Қарқаралы колхоз-совхоз театрының режиссері болып қызмет атқарды. 1959 жылы Алматыда өткен сайыста Әбділдә Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес» спектаклін сахналап, республикалық байқаудың лауреаты атанған. 1960 жылы Қарқаралы театры «Халық театры» атағына ие болады.

Атығай Шанин басқарған жылдары халық театры 80-нен астам спектакльді сахналады. Солардың ішінде «Қыз Жібек», «Беу, қыздар-ай», «Тергеу аяқталды», «Алдар көсе», «Шұға», «Айман-Шолпан», «Қамар сұлу», т.б. спектакльдері халықтың шынайы ықыласына бөленді. Осындай қажырлы еңбегі үшін Атығай Шанинге 1967 жылы Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері құрметті атағы берілген.

Театр өнерінің қазанында қайнаған дарын иесінің кешіне оның көзін көрген ҚР мәдениет саласының үздігі, Баянауыл халық театрының режиссері Жамбы Ипатқызы арнайы қатысты. Өнер иесі Атығай Құрманбайұлынан алған ақыл-кеңесі өміріне азық болғанын ерекше атап өтті.

— 1980-1982 жылдары жолдасым екеуіміз отбасылық жағдайға байланысты Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында тұрдық. Сол уақытта Атығай Шанин Қарқаралыдағы халық театрын басқарды. Жолдасым сол театрда жұмыс істеп, Атығай Шаниннің спектакльдеріне қатысып жүрді. Мен ол уақытта кішкентай баламен үй шаруасымен айналыстым. Атығай Шанин біздің өнерлі отбасы әрі менің Баянауылдың тумасы екенімді біліп, жанына жақын тартты. Сол уақытта Салтанат ән-би ансамблі жұмыс істеді. Мен сол ансамбльде жүргізуші болдым.

Атығай Шанин аз ғана ұйымды ақылымен басқарып, жоқтан бар жасайтын адам еді. Ол кісінің даналығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Адамдармен тез тіл табысып, кіммен қалай сөйлесу керектігін жақсы білетін, өте бауырмал, адамгершілігі мол жан еді.

Маған «Еңліктің әнін айт» деп кеңес беретін. Балаларымнан босаған уақытта театр музыкантымен дайындалуға мүмкіндік алдым. Еңліктің әнін үйреніп жүріп, халық әндеріне деген қызығушылығым оянды. Театр саласында білім алмасам да, Атығай Шанин берген тәлім-тәрбие академия бітіргенмен тең болды. Өкінішке қарай, Қарқаралы қаласында екі жарым жыл тұрып, отбасылық жағдайға байланысты Баянауылға көштік, — дейді Жамбы Мәшім.

Жамбы Ипатқызы Баянауыл ауданына келгеннен кейін жолдасымен бірге театрда жұмыс істеген. Қарқаралыда бойына сіңірген өнері болашағына жол ашқан. Жамбы Ипатқызы Баянауылда халық театрын ашып, оны өзі басқарған. Бүгінде Жамбы Ипатқызы «Қазақ аналары дәстүрге жол» бірлестігінің Баянауыл ауданы бойынша төрайымы, зейнеткер. Ауылдағы қыз-келіншектерге, жастарға қазақтың ұлттық салт-дәстүрін дәріптеп жүрген ардақты ана.

Іс-шарада көрермен назарына жергілікті өнерпаздар Абайдың, Үкілі Ыбырайдың, Мұқағали Мақатаевтың әндерін ұлттық аспаптарда шырқап, құлақ құрышын қандырды. Сонымен қатар, келушілер назарына Атығай Шаниннің жеке заттары мен құжаттары қойылған көрме ұсынылды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.