12-15 қараша аралығында Халық әртісі Рүстембек Омаровтың 105 жылдығына орай облысымызда алғаш рет республикалық «Жастық шақ» атты домбырашылар байқауы өтті. Байқауға еліміздің әр өңірінен келген күйшілер қатысты. Жеңімпаздар гала-концерт барысында марапатталды.
Үш күн бойы өткен додаға Алматыдан бастап, еліміздің бас қаласы Астана, Өскемен, Қызылорда, Қостанай, Атырау, Көкшетау, Шымкент, Тараз, Қарағанды қалалары, Абай облысы, Баянауыл ауданы және өңіріміздің өрелі өнерпаздары өз бақтарын сынады.
Шаһарымызда өткен бірінші республикалық байқау 3 кезеңнен тұрды. Оған 16-35 жас аралығындағы 32 қатысушы қатысты. Қатысушылардың өнерін республикамызға танымал құрметті азаматтар, өнер адамдары бағалады.
ҚР Еңбек сіңірген әртісі, байқау төрағасы Тұрар Әліпбаевтың айтуынша, аталмыш байқауға әр өңірдің мықты деген өнерпаздары жиналып, сайыс барысында керемет нәтиже көрсеткен.
— Байқау жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың барлығы дерлік өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсете алды. Өнер жарысы барысында олардың тыңғылықты дайындалғандарын байқадық. Жерлес күйші-домбырашы Рүстембек Омаровтың есімі ұлықталып жатқанына қуаныш-тымын, — деді ол.
Қазылар алқасының мүшесі Серік Сыздықовтың сөзінше, қатысушылар кезең талаптары бойынша қазақ халқының күйлерін және Рүстембек Омаровтың шығармаларын орындауға міндетті болған.
— Бірінші кезеңде 32 қатысу-шының тек 9-ы келесі кезеңге өтті. Финал барысында қатысушыларға кәсіби оркестрмен бірге өнер көрсету талап етілді. Біз байқау бағдарламасының жүйелілігін, техникалық мүмкіндіктерін, анықтылығы мен интонациясын, аспапты меңгеруді, сахналық бейнені және шығармаларды орындаудың эмоционалдық жағын бағаладық, — деді С.Сыздықов.
Айтулы шараға дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың қызы Қарлығаш Омарова қатысып, кештің құрметті қонағы болды.
— Әкемді еске алып, құрмет көрсетіп жатқан азаматтарға мың алғыс! Әкем талантты адам еді. Өнерді ерекше жақсы көретін. Қолынан қара домбырасын тастамай, бар жан дүниесімен беріліп, аспабын шертіп отыратын. Өнер адамы болғандықтан ба, мінезі жұмсақ, нәзік болды. Көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созатын, — деп еске алады қызы.
Үш күндік байқаудың қоры-тындысы Естай атындағы мәдениет сарайында өткен гала концерт барысында жарияланды. Қазылар алқасының шешімімен үздік нәтиже көрсеткен атыраулық Жәнібек Жәмиев бас жүлдеге ие болып, бір млн теңгелік сертификатты иеленді. Бірінші орынды алматылық музыкант Жантілек Жұмагелдиев иеленсе, екінші орынды павлодарлық Мәди Төлеев пен астаналық Дарын Құдайбергенов өзара бөлісті. Ал семейлік домбырашы Ерболат Талапхан мен астаналық Дәулет Қуанар үшінші орынды иеленді.
Айдана БОРАНБАЕВА,
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.