С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «KitapTime — 2025» республикалық кітап фестивалі аясында бірқатар ауқымды шара ұйымдастырылды. Алдымен үздік оқырмандарды арнайы номинациялармен марапаттау шарасы өтті.
Кітапхана үшін әр оқырманның орны бөлек. Кітапхана оқырманымен бай. Сондықтан біз өз достарымызға қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды, деп атап өтті ұйымдастырушылар. Марапаттау рәсіміне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, «Сөз сыры» клубының жетекшісі Шолпан Байғалы қатысып, кітапхананың тұрақты оқырмандарына әр түрлі номинациялар бойынша дипломдар мен кітаптар және сыйлықтар табыстады.
– Мен оқушы кезімде кітапты көп оқыдым. Ол кезде мен әрбір кітапқа «Сырласым», «Мұңдасым», «Армандасым» деп ат қоятын едім. Мен ол кезде күнделік жазатын едім. Оған әр оқыған кітаптарымның кейіпкерлері туралы жазатынмын. Оқырман үшін әр кейіпкердің орны бөлек, кейіпкермен бірге армандайсың, кейіпкермен бірге жылайсың, кейіпкермен бірге қуанып, мұңаясың. Бұл адамға өте үлкен рухани күш береді, — деді Шолпан Байғалы.
Кітапханашылардың жылдың басынан бері шығарған қорытындысы бойынша, «Ең белсенді келуші» аталымымен Құдайберген Ибраев марапатталды. «Абонемент лидері» номинациясы Светлана Гаспарянға берілсе, Нұрлыбек Жамбылов есімді оқырманға «40 жылдық адал оқырман» атағы табысталды. Сондай-ақ, «Ең көңілді оқырман, «Оқырман зерттеушісі», «Отбасылық дуэт», «Ең ізденімпаз оқырман», «Ең жас кітапқұмар оқырман» аталымдары да өз иелерін тапты.
— Менің бұл кітапханаға келіп жүргеніме үш жыл болды. Өте сапалы қызмет көрсетеді. Түрлі тақырыпта рефераттар, жобалар жазғанда керекті кітаптардың барлығын табуға болады, — деді жас оқырман Мерей Қайдар.
Осы күні С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Адал еңбек» әлеуметтік жобасы аясында «Еңбек түбі — береке» атты ақпараттық сағат өтті. 2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғанын ескерсек, мұндай кездесулердің маңызы зор. Кездесуге Павлодар техникалық қызмет көрсету колледжі басшы-сының орынбасары З.Д.Кенжебаева, Павлодар технологиялық колледжінің оқытушылары А.Гарипова, М.Абай қатысты. Сондай-ақ, колледж студенттері М.Оспанова, Д.Шаерман, С.Кнауб, Ю.Стадниченко өз мамандықтары туралы әңгімелеп, шеберлік сағатын өткізді. Онда сусындарды дайындау тәсілі кәсіби түрде көрсетілді.
«Қазақстан алюминийі» АҚ гидрометаллургия цехының сорғы қондырғылары жөніндегі маманы М.Марденова зауытқа қандай мамандықтар қажет екенін айтып берді. Онда белсенді жастар үшін «Жастар лигасы» атты жастар бірлестігі бар. Бұл жобаларға, байқауларға, еріктілік пен әлеуметтік акцияларға қатысуға жол ашатын ұйым екенін де атап өтті.
Биыл көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рамазан Тоқтаровтың туғанына — 90 жыл. Осы мерейтойға орай облыстық кітапханада жыл басынан бері түрлі шаралар ұйымдастырылды. «KitapTaim-2025» республикалық фестивалі аясында қаламгердің мерейтойына арналған шара ұйымдастырылды. Кездесуге Торайғыров университетінің профессоры, Қазақстан жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай қатысып, «Қарымды қаламгер» атты дәріс оқыды. Онда Рамазан Тоқтаровтың өмірі мен еңбегі және әдеби мұрасы жайлы құнды тарихи деректер айтылды.
Тілеуберді САХАБА.