Елімізде 2 сәуірде халықаралық балалар кітабы күні аталып өтті. Осыған орай С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында «Кітап – біздің досымыз» атты фестиваль өтті. Бүлдіршіндер әр бағытта өткізілген шараларда бақ сынады.

Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова кітаптың пайдасы, оның бала өміріндегі орны туралы тілге тиек етті.

– Кітап мерекесі – оқырман үшін үлкен қуаныш деп білемін. Кітап – біздің сырласымыз, ақылшымыз. Әр бала кітаптан өзіне керегін алып, өмірге деген қызғушылығын арттыра алады, – деді Шолпан Баянқызы.

Іс-шара аясында «Кітап – біздің досымыз» фестиваліне белсенді қатысқаны үшін Зейнеп Нұрмұрат, Томирис Есімбаева, Ерасыл Жаңаберген, Айлин Жәкіш, Айсұлтан Молшин сынды кітапхананың балғын оқырмандары Алғыс хатпен марапатталды.

Бүлдіршіндер фестивальге ерекше ынта-ықыласпен қатысты. Талабы таудай досымыздың бірі – Павлодар қаласының №7 жалпы орта білім беру мектептің 2-сынып оқушысы Зейнеп Нұрмұрат. Ол кітапханаға жиі келіп, өзінің сүйікті кітаптарын алып оқиды. Зейнеп жиналған көпшілікке ақын Серік Әкрамұлының «Кітап» тақпағын оқып берді.

Фестивальдің ашылу салтанатынан кейін оқушылар Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, балалар жазушысы Жұмағали Қоғабаймен кездесті. Кездесуде Жұмағали Бижанұлы балалық шағына саяхат жасады.

– Мен отбасымда балалардың кенжесі болғандықтан тентектеу едім. Жиі бұзықтық жасап, үлкендердің ескертуін көп алатынмын. Бірақ кітап оқуға өте құмар болдым. Батырлар жырын оқып өстім. Қобыланды, Алпамыс секілді батыр болғым келді. Тағы бір ұнатып оқыған кітабым – башқұрттың Салауат Юлаев деген ақынының өмір естелігі. Ол маған қатты әсер етті. Ал мектеп пәндерінен Қазақ тілі мен әдебиеті сабағын өте жақсы оқыдым, – деді Жұмағали Бижанұлы.

Жазушы оқырмандармен кездесуге жаңа кітабын да ала келіпті. Жаңа жинақ «Сақ дәуірімен сабақтас оқиғалы оюлар» деп аталады. Бұл кітапта қаламгердің қызы, суретші-орнаменталист Шынар Қоғабайдың оқиғалы оюлары топтастырылып, түсініктер берілген. Шынар Қоғабайқызы бала кезінен дәптердің бетіне ою салуға құмартқан екен. Ол
18 жасынан сюжетті өрнек салумен шұғылданады. Оның «Биліктің құдіреті», «Менің Қазақстаным», «Өмір ағашы», «Құстар әлемі», «Аңшылық», «Аққулар», «Баянауыл» атты туындыларына 1997 жылы Авторлық құқықтар агенттігі және 2005 жылы ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті «Шынардың ою-өрнектері» деп аталатын тіркеу куәлігін берді. Бұл оюлардың басты ерекшелігі – сызықтары үзілмейді, бір-бірімен қиылыспайды және өрнекте аң-құстардың бейнесі көрінеді. Мамандардың бағалауынша, Шынар – сақ дәуіріндегі аң стилін жаңғыртушы, дамытушы суретші.

Жазушы Жұмағали Қоға-баймен кездесуден кейін балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері Бердібек Соқпақбаев пен Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Дос болайық бәріміз» атты әдеби-танымдық іс-шара, «Андерсен – ертегілер елінде» ой сергіту ойын бағдарламасы өтті.

Фестиваль «Біз де бала болғанбыз» атты өңірімізге белгілі БАҚ өкілдерімен еркін форматтағы кездесуімен түйін-делді. Кездесуге ардагер журналист Сая Молдайып, «Aiqara.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Жұмабек Сманов, «Halyq radiosy»-ның бас редакторы Асыл Әбіш, «Астана» телеарнасының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Өзгеріс Қуанар қатысты.

 

Өз тілшіміз.