Биыл – Қазақ КСР Халық әртісі, күйші, домбырашы әрі жерлесіміз Рүстембек Омаровтың дүниеге келгеніне 105 жыл. Жуырда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде тұлғаның мерейтойына орай облыстағы музыкалық мектеп оқушыларының арасында «Ғасырлар пернесі» атты жас күйшілер байқауы өтті.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы Мейрамғали Есмұқановтың сөзінше, аталған байқау домбыраға деген қызығушылықты арттырып, жастар арасында ұлттық күй мұрасын жаңғырту мақсатынан туындаған.

– Күй байқауы арқылы балалар шығармашылықтарын шыңдап, күйші Рүстембек Омаровтың өмірімен жақынырақ таныса алды. Байқауға өңірдің музыкалық мектептерінен келген 19 оқушы қатысты. Қазылар алқасы балалардың домбырада ойнау техникаларына, дыбыс тазалығына және сахналық мәдениетіне көңіл аударды, – деді М.Есмұқанов.

Ал Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі басшысының орынбасары Қуаныш Ерменбаев күй – ұлы дала халқының қазынасы екенін айтады.

– Мұндай байқауларға біздің оқушылар жиі қатысады. Осындай сайыстар арқылы ұлттық аспабымызды насихаттай отырып, өздерін кәсіби тұрғысынан дамыта алады, – деп атап өтті ол.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Екі кезеңде де қатысушылар екі күйден орындады. Байқаудың қорытындысы бойынша 1-орынды Дәулет Омаров, 2-орынды Айхан Әбілханов, 3-орынға Хамит Ниязбек ие болды. Сондай-ақ, Рүстембек Омаров атындағы арнайы аталыммен Али Қожанов және «Көрермендер көзайымы» аталымымен Нұрай Сақтаған марапатталды.

 

Өз тілшіміз.