Биыл жазушы, драматург, публицист, қазақ жазба әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына – 135 жыл. Осыған орай жуырда орталық қалалық кітапханада «Жұлдызы жоғары ұлы тұлға» атты әдеби кеш өтті. Оған Павлодар өңірінің танымал ақын-жазушылары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Филология ғылымдарының кандидаты, профессор әрі жүсіпбектанушы Айман Зейнулинаның айтуынша, Жүсіпбек Аймауытовтан қалған мұра аса бай. Қаламгердің көпшілік шығармасы проза үлгісінде жазылған. Қаламгердің қалам қуатын танытатын дүниелері – «Күнекейдің жазығы» повесі, «Қартқожа» және «Ақбілек» романдары сөзсіз классика. Жазушы бірді-екілі кейіпкердің тағдырын суреттеу арқылы бүтін бір дәуірдің шындығын, тұтас бір ұлттың тағдырын көрсетеді.

– Жүсіпбек Аймауытов – қазақ қоғамының қайталанбас ірі тұлғасы болды. Сегіз қырлы, бір сырлы, дарынды талант – ол ақын, драмашы, ол – прозашы, сыншы, ол – публицист, аудармашы, ол – әнші, режиссер, ол – ағаштан түйін түйген қолөнер шебері. Ірі шығармаларымен жаңа жанрларға өзіндік қырымен келіп, қолтаңбасын қалдырды.

Жүсіпбек шығармаларында лирикалық шегіну, пікір қозғау, көсілтіп баяндау, кемелдеп суреттеу, портретті толығырақ бейнелеу, ұтымды монологтарды беру шеберлігі кеңірек көрінеді. Жазушы өзіне елеулі еркіндік беріп, кеңістікті, уақытты, ортаны шығамаларында тиісінше қамтиды, – деді Айман Файзоллақызы.

Жазушының шығармашылығын зерттеушілер оның шебер музыкант болғанын, 6-7 әні барын алға тартады. Айталық, халыққа кең таралған «Екі жирен» әнін Жүсіпбек Аймауытов Торғайға мал айдап бара жатып теріс аққан өзеннің бойында, табынды жусатып жатқанда жолыққан бір келіншекке арнап шығарған екен деген әңгіме тараған. Мұны кезінде Бауыржан Момышұлы, Серке Қожамқұлов, Ғабит Мүсіреповтердің өзі растаған деседі.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамет Тұрышев Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларына шолу жасап, еңбектерінің әлі күнге дейін толық зерттелмей келе жатқанын тілге тиек етеді.

– Жүсіпбек Аймауытовтың өмір жолы жайлы көз жасына ерік бермей оқу мүмкін емес. Халқы үшін еңбек еткен ердің сол кездегі репрессияның ортасына түсуі тіпті жанға батады. Жазушының сан салалы шығармашылық мұрасының салмақты жағының бірі – оның драматургиясы. Ол – қазақ әдебиетінде төңкеріс жылдары туған осы жанрдың көшбастаушыларының бірі. Сонымен қатар, қазақтың театр өнерінің бастауында тұрды. Қазақстанда алғашқы кәсіпқойлық ойын-сауық үйірмелерін ұйымдастырып, өзі жазған пъесаларына өзі жетекшілік етіп, сахнаға шығарды. Драматургтың алғашқы пъесалары «Рәбиға», «Қанапия-Шәрбану» қолжазба күйінде тарап, көркемөнер үйірмелерінің сахналарында қойылады. Кейіннен қаламгер «Шернияз» секілді туындыларын жазған. Байқап отырғанымыздай, оның барлық пьесасы ортақ бай мен кедей арасындағы теңсіздік, әйел теңсіздігі, адам баласының кереғар іс-әрекеттерін, надандық, қараңғылық, қазақ арасындағы араздық, дау-дамай секілді мәселелерді қамтиды. Қаламгердің шығармалары өз дәуірінің ең маңызды әлеуметтік мәселелерін көтеруге, сахна арқылы заманауи идеяларды таратуға арналады.

Аталған шара барысында өзге де облысымызға белгілі ғалымдар Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы және кейінгі ұрпақтары туралы баяндама жасады. Әдеби кешке қатысқан жастар жазушы Жүсіпбек Аймауытов туралы тың ақпараттар мен жаңа мағлұматтар алды. Сондай-ақ, жиналған қауымның назарына қаламгердің еңбектерінен құрастырылған «Қаламгердің рухани мұрасы» атты көрме ұсынылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.