Бұрынғы заманнан бері қазақ халқы үшін зергерлік бұйымдар ерекше өнер болып бағаланды. Ұлттық зергерлік бұйымдар өзге ұлттардың әшекейлерінен дәстүрлі ою-өрнектерімен, талғампаздықпен және байлықпен ерекшеленді. Сондай-ақ, олар әрқашан жаман көзден қорғайтын бойтұмар болып есептелді.

Бүгінде қазақ ұлттық бұйымдарын күнделікті бейнелермен ұштастыру үрдіске айналды. Кеше ғана ұлттық үлгідегі зергерлік бұйымдарды кию ескірген деп есептелсе де, оларды негізінен әжелер немесе қыздар белгілі бір іс-шараларында: той, ұзату, беташар және т.б. ұлттық киіммен ұштастыра киген.

Қазіргі уақытта ежелгі зергерлік шеберлердің дәстүрлерін сақтай отырып, жаңа буын өз жұмысын заманауи стильде жасай отырып, жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Міне, осындай әшекей-бұйымдарды өз қолымен әзірлейтін қолөнер шеберлерінің бірі – Гүлнұр Кәрімова. 2015 жылы ұлттық әшекейлерді өзіне және жақын туысқандарына жасап бастаған екібастұздық шебер қазір одан өзге тақияларды этно- стильде өз қолымен тігуде. Он саусағынан өнер тамған кейіпкеріміз бастапқы да әшекей жасауға жай ғана қызығушылық ретінде қарап, өзіне шашбау, алқа жасаған. Кейін көздің жауын аларлық бұйымдар өзгелердің де назарын аудартып, оған туыстары, достары мен таныстары тапсырыс бере бастайды. Сөйтіп, Гүлнұр бұл іске 2015 жылдан бастап кіріскенін айтады.

– Қолөнерге, оның ішінде қазақы үлгідегі әшекейлерге қызығатынмын. Бірақ ол кезде дүкендерде мұндай бұйымдар сирек кездесетін. Сөйтіп, өзім әзірлеуді жөн санадым. 2015 жылы ұлттық әшекейлерді түрлі түсті моншақтардан жасап жүрдім. Алайда бала күтіміне байланысты ісім тоқтап қалды. Дегенмен, 2022 жылдың басында этнотақияларға сұраныс арта бастады. Бірақ здің облыста ол әлі сәнге енбеген кез еді. Сол уақытта «Бұл дүниені біздің өңірге енгізсем қалай болады?» деген ой келді. Сол ойдың жетегімен  тақияларды жасауға қажетті заттарды іздей бастадым. Көбінесе тақияларды әрлеуге мельхиор бөлшектер мен шынжырларды (цепьті) қолдандым. Бүгінде ісім дамып келеді, – дейді қолөнерші.

Кәсібін тақиядан бастаған шебер ұлттық әшекейлердің түр-түрін жасайды. Мәселен, олардың қатарында шашбау, сырға, білезік, алқа, шашқыстырғыш та бар.

– Мельхиор темірлермен жұмыс істеудің қыр-сырын толық меңгерген соң шашбау жасауға кірістім. Репс ленталардан кішкентай бантиктер дайындап, оның астына алынып-салынатындай етіп шашбау дайындадым. Яғни, менің шашбауларым карабинмен жалғанады. Кейін қалаған түсті резеңкеге жалғадым. Осылайша, аймағымызда шашбауды да сәнге айналдырдым. Кейін шекелікті де қолға алдым, – деді Г.Кәрімова.

Шығармашылыққа бейім ол дайын әшекей бөлшектерінен композиция жасайды. Яғни бөлшектерді арнайы құралдармен біріктіріп, сәндік бұйымдарды әзірлеп шығарады. Бұл іс бір қарағанда оңай көрінгенімен, өте ұсақ бөлшектерден тұратын әшекейді талғамы жоғары, төзімді әрі икемді адам ғана жасай алады. Гүлнұрдың айтуынша, бір бұйымды әзірлеуге бірнеше күн қажет. Алдымен шебер қажетті бөлшектерді таңдап алған соң дизайнды ойластырып, бөлшектерді біріктіруге кіріседі.

– Бөлшектерді ұзақ таңдаймын. Өйткені, сәнді әрі әдемі әшекейді дайындау үшін олар бір-бірімен үйлесім табуы қажет. Сондай-ақ, әр темір бөлшек бір ұзындықта жалғануы тиіс. Сондықтан бұл жұмыс қажырлы еңбек пен көп уақытты талап етеді, – деп атап өтті ол.

Мұндай әсем дүниелердің бағасы да заттың сапасына сай. Бас киімдердің орташа бағасы 1500 теңге болса, шашбаудың (жұбымен) орташа бағасы 2 мың теңгені құрайды.

– Әшекейлердің бағасы халыққа қолайлы болғанын қалаймын. Сол себепті барынша сапалы әрі қолжетімді бағада сатылымға қоюға тырысамын. Бүгінде этно үлгідегі төбетайлар 3500 теңге, сырғалар 1500 теңге, алқа-өңіржиектер 2500-3000 теңге аралығында болса, шекеліктер 3000-4000 аралығында тұрады, – деді шебер.

Осылайша, ұлттық қолөнер дәстүрін заман сұранысымен үйлестіре білген Гүлнұр Кәрімованың қолға алған ісі өркен жайып, тапсырыстары көбейе түсті.

– Менің басты мақсатым – қазағымыздың ұлттық нақыштарын, заманауи үлгіде күнделікті өмірде қолданысқа енгізу. Ол мейлі тақия  ұлттық әшекейлер болсын ұлттық нақышпен ерекшеленіп тұрса екен деймін. Сонымен қатар, халықтың сұранысына орай, күнделікті тақия тігу секілді толассыз жұмыстарды да кідіртпей уақытымен иесіне тапсыру. Білгенімді үйретіп, ары қарай осы саланы дамытып әкететін ұрпақ тәрбиелеу, – дейді Гүлнұр.

  Түйін:

Бүгінде қазақ қыздары арасында шетелдердегі брендтік киімдер емес, өзіміздің ұлттық киімдер мен көздің жауын алатын бұйымдар трендке айналуда. Әсіресе, ою-өрнекпен әрленген әшекейлерге, этностильдегі шапандарға, желеткелер мен корсеттерге сұраныс артқан. Қазіргі уақытта ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті өмірде де жиі киіп, халық арасында көзге үйреншікті дүние ретінде қалыптасып келеді. Бұдан ұлттық құндылықтарымыз ұмытылмай, керісінше дәріптеліп келе жатқан байқауға болады.

Айдана БОРАНБАЕВА.