Бүгінде халық арасында кейбір салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрпымыз ұмыт болып барады. Ел өмірімен біте қайнасып келе жатқан салт-жоралғыларымызды игі мақсаттарда қолдану, ұмыт қалғандарын қайта жаңғырту, халық арасында дәріптеу – әрбір қазақтың парызы.

Жуырда Наурыз мейрамы қарсаңында облыс орталығында алғаш рет ұршық иіруден аймақтық қолөнер фестивалі өтті. Аталған байқауға облыстың түкпір-түкпірінен жиналған қолөнер шеберлері қатысып, өзара бақ сынады.

Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Жеңісбек Қадырұлының сөзінше, фестивальге қатысушы шеберлер өз бұйымдарын көрсетіп қана қоймай, өндіріс техникасын таныстырып,  жүн иіруге қажетті материалдармен жұмыс істеу ерекшеліктері туралы баяндады.

– Байқауға өңіріміздің әр ауданының үмітін арқалап келген 35 қатысушы қатысты. Олар – облыстық деңгейде белгілі болып қалған қолөнершілер. Аталмыш сайыста қазылар алқасы қолөнершілердің жүн иіру техникасына баса мән берді. Сондай-ақ, жылдамдыққа емес, қолданылған материалдың сапасына көңіл бөлді. Болашақта осы дәстүрден жаңылмай, жыл сайын өткізу ойда бар, – деді ол.

Байқауға қатысушылардың бірі Күріш Ханый Павлодар ауданы Мичурин ауылынан келген. 75 жастағы ол 4 жасында ұршықпен танысып, әжесі мен анасынан мұра болып қалған қолөнерді соңынан ерген шәкірттеріне насихаттап келеді.

– Ата-бабамыз бұрында осы құралмен жүн иіріп, сырмақ, керме, шұлық, қолғап секілді күнделікті өмірге қажетті заттарды тоқыған. Алайда бүгінде ұршық иіру дәстүрі ұмыт болып қалып жатыр. Осы дәстүрді қайта жаңғырту мақсатында соңымнан ерген сіңлілеріме, жастарға дәріптеп жатырмын. Ұршықтың ерекшелігі – онымен жүн иіргенде бойдағы күйзелістен арылуы. Онымен қоса, сабырлыққа, шыдамдылыққа шақырады. Жалпы, жүн иірудің екі әдісі бар. Бірі – шүйдені сол қолдың сыртына іліп қойып иірсе, екіншісі – шүйдені жоғарғы үйдің қабырғасына іліп қойып иіру. Бұл әдіс саусақтардың ширақ қимылдауын қажет етеді, – деді қатысушы.

Фестиваль барысында әжелер өз қолдарымен жасаған бұйымдарын көрсете отырып, оларды жасаудың әдіс-тәсілімен бөлісті. Жіп иіре отырып, қонақтарға ұмытылған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар туралы баяндады.

Байқау нәтижесі бойынша 1-орынды Тереңкөл ауданынан келген Зукура Әубәкір, 2-орынды Екібастұз қаласының намысын қорғаған Сара Сансызбай, ал 3-орынды Павлодар ауданының тұрғыны Сәулет Хибагат иеленді. Ал «Дәстүр мұрагері» аталымына Насифа Алтайқызы (Екібастұз қаласы), «Жас шебер» аталымына Дина Ержанқызы (Павлодар қаласы), «Ең үздік ұршықтанушы» аталымына Нұрбеке Мәулітқызы (Екібастұз қаласы) лайық деп танылды.

Ұршық иірудің қыр-сырын меңгерген әрі байқау жеңімпазы атанған Зукура Әубәкір әсемдікке жаны құштар, ерекше дүниелер жасайтын ісмер, еңбекқор жан. Оның сөзінше, егер де ақ жаулықты аналарымыз ұлттық дәстүрді ұмыт қалдырмай, қыздары мен келіндеріне үйретіп, кеңінен насихаттаса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Ұршық иіруге арналған сайыстың болатынын естігеннен бері күн-түн демей түрлі бұйымдарды тоқыдым. Олардың арасында шұлық, кішкентай балаларға арналған киімдер, орындыққа арналған жапқыш және өзге де заттар бар. Байқауға арнайы иіріп әкелген жібімнің сапасы қазылар алқасынан көңілінен шықты. Бұл байқау бүгінгі және келешек ұрпақ үшін, әсіресе әйелдер қауымына өте қажет. Алдағы уақытта да мұндай сайыстар ұйымдастырылса деймін, – деп ниетін білдірді қолөнер шебері.

Айдана БОРАНБАЕВА.