«Мәдениеттің мәйегі – кітап» деген еді көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза. Расымен де, кітап – адамзат мәдениетінің, ұлт руханиятының асыл қазынасы. Ал сол байлықты сақтау, насихаттау және келер ұрпаққа жеткізу – кітапханашылардың ең басты мақсаты. Осы бір қадірлі де жауапты істің басында жүрген жандардың бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының жоғары санатты білікті кітапханашысы Майя Исакаева.
Майя Исакаева 1968 жылы 2 мамырда Ақтоғай ауданы Қараоба ауылында дүниеге келген. Кітапхана саласындағы еңбек өтілі отыз жылдан асады. Ол 1988 жылы Ақтоғай ауданындағы Қараоба ауылдық кітапханасында аға кітапханашы болып еңбек жолын бастаған. Ал 1995 жылдан бері Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханасында қызмет етіп келеді.
Кейде адам тағдырында күтпеген бұрылыстар болады. Бір қарағанда кездейсоқ көрінген жол өмірлік миссияға айналып кетеді. Майя Жолдасбекқызы үшін кітапхана дәл сондай тағдырлы соқпақ болды.
– Шынымды айтсам, кітапханашы болам деген ой үш ұйықтасамда түсіме кірмепті. Жалпы осы салаға келгеніме өкінбеймін. Бұл сала – өте қызықты, бірақ оңай деп те айта алмаймын. Қандай мамандықты алып қарасаң да, сол саланың өзінің қиын тұстары бар. Сол сияқты кітап-ханашының жұмысы сырт көзге оңай көрінгенмен, бұл салада да қиыншылықтар кездеседі, — деді Майя Жолдасбекқызы.
Қарапайым, кішіпейіл, өз ісіне жан-тәнімен берілген Майя Исакаева үшін кітапхана — жай жұмыс орны емес, өмір мектебі. Ол үшін әр кітап – жаңа ойдың кілті, әр оқырман – жаңа мүмкіндіктің иесі.
– Ақпараттық-библиография бөлім-інде жұмыс істеп жүрген жылдары электрондық каталогтың орнына дәстүрлі кітапшалар пайдаланылатын. Сол кезде кітапханаға түрлі адамдар келетін – жастар да, үлкен кісілер де, ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері де жиі бас сұғатын. Біз олардың барлығына көмектесуге тырысатынбыз. Кітапханада кітаптармен және каталогтармен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіріп, бағыт-бағдар беріп отыратынбыз. Кітапханаға алғаш келген кезімде бұл сала мен үшін ерекше қызықты болып көрінді. Әрбір оқырманға көмектесіп, іздеген кітаптарын тауып беруге бар күшімді салатынмын. Жалпы, кітапханаға келген оқырмандар көңілі түсіп, керегін таппай кеткен жағдай болған емес. Қолымыздан келгенше бәріне жәрдемдесуге тырыстық. Ол уақытта біздің кітапханада электронды кітапханалар мен заманауи жүйелер жоқ еді, тек дәстүрлі тәсілдермен жұмыс істейтінбіз. Кейде кітап қорынан оқырман іздеген нақты кітап табылмай қалса да, соған ұқсас материалдар мен әдебиеттерді ұсынып, олардың риза көңілмен кетуіне себеп болатынмын. Үлкен кісілердің батасын алған кездер де болды, – дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі таңда М.Жолдасбекқызы кітапхана қызметінің сапасын арттыру мақсатында облыстық семинарлар, конференциялар мен шеберлік сабақтарын тұрақты өткізіп, жас мамандарға тәжірибесін үйретіп келеді. «Кітапханашыларға көмек» атты әдістемелік құралдарын дайындап, кәсіби қоғамдастықтың дамуына үлес қосуда. Баспа және бұқаралық ақпарат құралдарымен де тығыз байланыс орнатқан. Әртүрлі мәдени іс-шараларға арналған сценарийлер мен баспасөз хабарламаларын мемлекеттік тілде әзірлейді, теле және радио бағдарламаларға белсенді қатысады. Көпжылдық адал еңбегі мен саланы дамытудағы үлесі үшін Майя Жолдасбекқызы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» және «Кітапхана ісінің үздігі» медальдарымен марапатталған.
Майя Исакаева – өз ісін сүйетін, еңбекқор, ізденімпаз және парасатты тұлға. Ол үшін кітапхана – жай ғана жұмыс орны емес, өмірлік миссия. Осындай жандардың арқасында кітапхана — білім мен руханият ордасы ретінде өз биігінен түспей келеді.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.