Салтанат Қисатова — орындаушылық шеберлігімен тыңдарманның зор ықыласына бөленіп жүрген дәстүрлі әнші. Дәстүрлі ән өнеріне жаңа серпін әкелген өнерпаз — көптеген ірі республикалық байқаудың лауреаты әрі аймағымызға «қазақтың Майрасы» ретінде танымал. Бүгінде дәстүрлі ән, термелерді орындаудан бөлек, төл өнерімізді шәкірттеріне дәріптеп жүр.
Халқымыздың мұң-зары, қуанышы мен қайғысы ұлтымыздың бекзат болмысы көрініс тапқан дәстүрлі ән өнері – біздің асыл қазынамыз. Оларды сақтау, насихаттау — тіліміз бен өнеріміздің болашағына бейжай қарай алмайтын әр қазақтың міндеті. Бұл пікірмен Салтанат Қисатова да келіседі.
— Дәстүрлі ән айту өнерінің басқа жанрлармен салыстырғанда құрылымы өзгеше. Домбыраның, қобыздың сүйемелдеуімен айтылатын әндер кең диапазонды, күрделі ырғақ-иірімді қажет етеді. Сондықтан да болар өнердің бұл түріне екінің бірі бара бермейді, — дейді дәстүрлі әнші.
Қазір Салтанат Темірболатқызы — облыстық «Шаңырақ» халық шығар-машылығы орталығының «Майра» мектебінің жетекшісі, танымал дәстүрлі әнші, термеші. Одан бөлек, Марғұлан университетінде музыкалық білім беру бағдарламасынан дәріс береді.
Дәстүрлі әнмен қатар термелерді орындап жүрген кейіпкеріміздің сөзінше, терменің айтар ойы ұшқыр болғанымен, тілге жеңіл, құрылымы қарапайым, мазмұнын кез келген адам түсіне алады. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осынау аманатты ертеңгі ұрпаққа жеткізу — біздің еншімізде.
— «Қазіргі жастар терме тыңда-майды» деп бірден кесіп тастауға болмайтын шығар. Кейде «Бәлкім, өзіміз тыңдата алмай жүрген шығармыз» деп те ойлаймын. Тәрбие тал бесіктен бастау алады. Егер баланың әке-шешесі үйінде дәстүрлі ән-жырды, термені тыңдайтын болса, баланың құлағына жауһар жырлар кішкентай кезінен сіңер болса, ол есейе келе термені, дәстүрлі әндерді тыңдауы мүмкін, — деді С.Тасболатқызы.
Жуырда Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда Салтанат Қисатованың «Әсем әнім сырнайда» атты шығармашылық ән кеші өтті. Атаулы шараға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаев, «Дарын» жастар сыйлы-ғының лауреаты Күнсұлу Түрікпен, республикалық байқаулардың лауреаты Нәзира Бейсенова қатысып, өз ән қоржындарынан тамаша туындылар орындады. Сонымен қатар, Салтанат Қисатованың шәкірттері Жайдар Шунан, Дәуренбек Слямғали, Жанболат Байсолтан, Айдын Серікұлы, Тәттімбет Жасқайратұлы сынды жас өнерпаздар домбырамен өзара әнжарыс ұйымдастырып, кештің сәнін кіргізді.
Кеш иесі Салтанат Қисатованың сөзінше, бұл — оның алғашқы ән кеші. Сондықтан болар, кешке ерекше дайындалғанын атап өтті. Сондай-ақ, сахнаға шығар алдында қобалжығанын жасырмады.
— Шығармашылық ән кешіме 3 айға жуық уақыт дайындалдым. Әрине, қанша жерден тәжірибелі әнші болсақ та, әр сахнаға шығар алдында қобалжу болатыны сөзсіз. Бұл кеште өзімнің репертуарым-дағы дәстүрлі әндер мен эстрада бағытындағы шығармаларды орындадым, — дейді ол.
Дәстүрлі әншіні алғашқы ән кешімен құттықтап келген өнердегі ағасы Досымжан Таңатаров Салтанат Тасболатқызының дәстүрлі ән өнеріне өзіндік үлесін қосып үлгергенін алға тартты.
— Біз өнердегі ағалы-қарындаспыз. Үнемі Салтанатты қолдап жүремін. Алғашқы ән кеші құтты болсын! Еңбегі еселене берсін! – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Шара соңында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуәқасов Салтанат Қисатованың алғашқы шығармашылық ән кешімен құттықтап, естелік сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар, бұл күн дәстүрлі әнші үшін марапат «жауған» күн болды. Өйткені, осы кеште әнші «Мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Халықаралық Түріксой ұйымының 30 жылдығына орай «Түріксой» медалімен, «Бейбітшілік Әлемі» одағының «Мәдениет майталманы» медалімен марапатталды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.