Баянтаудың биігі Ақбеттей асқақ, тумысынан асыл текті, мейірленсе кең құшағына тартып, маңдайыңнан құшырлана иіскер, жоғарының жөнсіз тірлігін естіп-көрсе «Дат!»-ын іркіп қалмайтын, замананың Заңғар Тұлғасына айналған Зекебай Солтанбайұлы мәңгілік мекенге жол алды…
Зеке-Аға дүниелік пиғыл өрістеп, өлермендік өршіген, адамгершілік пен ізгіліктің тынысы тарылған осынау қиямпұрыстау қоғамда таптырмас Тәрбиеші, жөнсізге тоқтау айтып, жолға салған Кемеңгер, көшелі сөзі арқылы бұрынғы мен бүгінгінің арасына көпір болған тамыршыдай Тұлға еді. Салиқалы ойдың, сарабдал сөздің, өршіл өнердің осынау иесімен әңгімелесудің өзі үлкен мектептен шыққандай әсер сыйлайтын-ды. Өмірден түйген ойлары, қоғамдағы оқиғалардан қалыс қалмай, үн қосуы – Зекебай ағаның белсенділігін ашып көрсететін қасиеттер. Қанатты сөздердің құдіреттісі — Мұзафар ақынның «Кемеңгердің көлеңкесі де ыстық» дегені бар. Зеке-Ағаның жанында болу ғанибет еді-ау мен үшін. Мүмкіндік туа қалғанда Абыздың Аталық құшағынан табылып, баталы сөзіне құлақ түруге тырыстық. Тоқсанның төріне шыққан Ағаның басты қазынасы әр сөзі алтыннан артық-тұғын. Әр сөзі жаныңды баурап, санаңды жаулап, жүздескен сайын айрықша рақатқа бөлендік, өмірлік азыққа кенелдік. Шіркін-ай…Қазынаға қанбайсың ғой, қанбайсың! Соңғы демі шығар сәттің шегі білінген бертінгі күнге дейін қаламы қолынан түскен жоқ, әдеттегідей санасын сергек, ойын асқақ ұстап, сөзінен жаңылмады. Жанкешті еді. Ағаның Егіндібұлақтағы қара шаңырағына өткен күзде кезекті рет есендесе барғанымызда жұмыс үстелінде әлгінде ғана жазып бастаған тың дүниесі назар аудартты. Әр әрпі маржандай тізілген тың жазбаның тақырыбына да бірден көзім түсті. «АЙТАР ЖОҚ!» Назарым түсіп отырғанын аңғарған Абыз жазба туралы өзі сөз қозғады. Күні кеше Баянауыл ауданында орын алған, дүйім жұрттың жүрегін дір еткізген, адам өліміне түрткі болған жол апатына қатысты толғанып-тебіреніпті, осыған байланысты Қоғам, Адам, Өмір, Ғылым, Технология
мәселелерін философиялық тұрғыда қарастырып, үлкен мәселенің шетін шығарған екен… «Жанам деген жүрекке от беретін, шабам деген жігітке ат беретін», қым-қуыт тірлікте көргені мен түйгені көп Зеке-Ағаның ақыл-кеңесі, сын-ескертпесі жетілуге жол, шыңдалуға сеп, бәтуалы бағыт болды әрдайым. Оның сын-тезінен өткен талай жас шыңдалып өсті, шығармашылықтың жөні мен жосығын тереңнен тани түсті, биіктерге құлаш ұрды. Алып жүрек соғуын тоқтатқанымен, Ағамыздың рухани байлығы – кемел де көшелі сөзі жұрт көкірегіне толассыз жол тарта берері даусыз. Ағам туралы кең көсілген ойларым, түйгендерім «Портреттер» деп аталатын сериямның алғы легінде жеке жинаққа енеді Алла қаласа. Төменде Зекебай Ағамен әр сәттердегі кездесулерімде өзім түртіп алған ой салар ғибрат берер сөздерін ұсынамын.
Зекебай ағаның зерделі сөздері
- «Әркімнің өзіне лайық сойылы бар» дегендей, әр адамның өзіне лайық шығармашылық әлемі болады. Менің әдеби әлемім атмосферадан әрі емес әйтеуір. Көпшілікке таныс дала мен дана, бала мен ана, ғылым мен білім, мәдениет пен әдебиет, қотан мен Отан, тірлік пен бірлік, береке мен бақуат туралы тақырыптардың аясынан өрістейді.
- Жасымның шау тартқанын қалай жасырайын. Бірақ адамда қартаймайтын, кемімейтін, оны-мұныға аса көне бермейтін «көңіл» деген жүйрік бар. Бүгінде шығармашылықтың соқасын суырып тастауға сол көңілі құрғыр көне қоймайтын тәрізді әлі.
- Әдеби орта – киелі қоғам, иелі шаңырақ. Ол періште пейіл жандардың — шығармашылық иелерінің жаз жайлауы, қыс қыстауы, қалами қайнар көзі, қызған темірі, төс-балғасы, көрігі секілді. Таланттылардың бәріне бірдей әдеби орта бұйыра бермейді немесе олардың бәрі сол ортадағы өз орнын тауып кетпейді. Пешенесіне жазылған да бар, жазылмаған да бар. Сондықтан да әркімге әрқилы әсер, ықпал ететін болса керек.
- Ауылда тұрып, шығармашылықпен айналысудың артықшылығы неде дегенге келсем: жалғандық пен жасандылықтан аулақ, шынайылық пен шыншылдықтан басқа табарың болмайды. Бәйге алаңында дара шабасың, шаң жұтып топырақ қабудан аман боласың. Көппен дүрмекке ұшырамай, тұнық ой, тылсым сырдың кілтін іздейсің.
- Рухани мешеулік басқа барлық мешеулікке әкеп соқтыратыны тарихтан аян. Жас ұрпақ теледидарға немесе компьютерге ғана ойысып алды. Ұрсаң кетпейді, жабысып бірге туған секілді құдды. Сайып келгенде, көру мен оқудың айырмасы, пайдасы жер мен көктей, адамға ең пайдалысы әрі қажеттісі оқу екенін ешқайсымыздың мойындағымыз жоқ. Міне, бұл – ұлттық, рухани тоқыраудың белгісі.
- Естідің бе, естімедің бе, «Ақсолық» деген бидай болады. Осы бидай масақ арасында қаулап өсіп шығады, бірақ ішінен дәнін таппайсың. Өйткені бидайдың жерден көтеріліп шықаннан кейінгі дәнденуі дұрыс дамымай, топырақтан, судан, күннің көзінен алатын қоректері жетілмей қалады. Соның салдарынан ақсолыққа ұшырайды, тіпті біреулері қап-қара күйеге, күлге айналып кетеді. Ана бір кездері біздің балаларымыз да осы ақсолық бидай секілді жетілмей қалды, оларға сапалы білім дарымады. Кадрлардан да, оқулықтардан да қиыншылық туды, тұтастай сала қатты құлдырауды көрді.
- Ауылдың өмірі менің ішкі көйлегімдей ғой. Ол менің жан-тәніме, ішкі болмысыма жақын. Осында ата-анамның тарихы, тағдыры, өмір белестері жатыр. Мен ешқашан ауылды қалаға айырбастамаймын. Ауылдың қадірін аз сөзбен айтып жеткізе алмайсың… Одан артық қазбаламай-ақ қой.
- Қазақ тілінде «бетімен кеткен» деген жазғыру бар. Бетімен кеткенді бірде болмаса, бірде бетінен қағып, жөнге келтіруге болады. Ал «жүгенсіз кеткен» деген сөз мүлде тәрбиеге келмейді, илікпейді дегенді білдіреді. Осыны есте ұстаған жөн. Мұның арты үлкен опықтарға ұрындырады. Жүгенсіздік қайдан шығады, неге тыйылмайды? Өйткені қазіргі қоғамның ұлттық санасы сөгіліп, рухани жағынан іріп-шіріп барады. Мұның бәрі үлкендердің де, жастардың да жабайылық пен анайылыққа мас болып, солай қарай бет бұруынан.
- Кітап оқуға құмарлық білімге құштарлықтан туады. Білімге, ғылымға енжар, тоғышар жандар көз майын тауысып, жанын қинап, уақыт бөліп, өзегін үзіп не құны бар?! Оған жаңалықты өзі айтып, өзі көрсетіп, өзі үйретіп жүре беретін теледидарың, компьютерің жақсырақ. Сол төртбұрышты жәшіктен күндіз-түні жалаңаш әйел, жалақор еркектерді еркін көріп, үлгі алғысы келеді. Мұны санасыздық, сауатсыздық, сайтани тірлік дейді. Кітап — қай кезде болсын дайын тұрған ақылшы, сырлас, дос. Осы рухани қажетіңнен айырылу — бірің тұтқынға, бірің табытқа түскенмен бірдей.
- Бақида жатсақ, рухымыз жүдемесін. Ат үстінде жүрген сендерге ұлт рухы аманат, Алла жар болса екен деймін, айналайындар!
- Түптеп келгенде істің ағы емес, ердің бағы біледі. Ел ерге қарайды, ер қайда қарайды?!
Асыл ӘБІШЕВ.
Үзілді ме ән-дастан?..
Елдігімнің алтын зерлі қақпасы ең,
Ұлттың жоғын түгендеген бақташы ең.
Аттандың ба, Ақбеттаудың абызы,
Бабаларың байыз тапқан жаққа сен?
Өміріңнің бәрі — өнеге, бәрі — үлгі,
Дақ дарытпай қастерледің арыңды.
Мамық қанат періштелер сүйсініп,
Жаратқанға тапсырды ма жаныңды?
Томағасын сыпырып сан қыранның,
Ширатып ең шыңын меңзеп шығанның.
Өзің берген білім бізге қадірлі,
Қасиетті қаріпіндей Құранның.
Үзілді ме, үзілді ме ән-дастан,
Тұлғам қайда жақсылардан жалғасқан?
Сабырменен парасатқа сүйенген,
Тағдыры да сынға толы арбасқан.
Ардақты Ұстаз, Ертіс-Баян даңқысың,
Алдыңыздан жұмақ иісі аңқысын.
Рақымына бөлеп Алла, жарылқап,
Рухыңыз пейіш бақта шалқысын.
Асығат Тұрғанбек,
айтыскер ақын.