Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде көне әрі құнды жәдігерлер сақталған. Солардың бірі — әнші, сазгер Жаяу Мұса Байжанұлының жалғыз күмпей шапаны.
Музейдің бөлім басшысы Жеңісбек Қадырұлының сөзінше, жәдігерді 1986 жылы сазгер-әншінің мұрасын зерделеуші Қ.Тұяқбаев есімді азамат музейге табыстаған. Шапанға қарап бірден Жаяу Мұса атамыз киген деуге негіз бар. Себебі, сазгердің бойы аласалау болған деседі.
— Күмпей шапан Баянауыл ауданындағы Жаяу Мұсаның отбасына тиесілі болған. Кейін оны ұрпақтарының бірі Қ.Тұяқбаев музей қорына тапсырған. Бүгінде жәдігер музейіміздің маңызды экспонаттарының біріне айналды, —
дейді Ж.Қадырұлы.
Шапан қой жүнінен жасалған, алды ашық, орауыш дизайнмен, көк барқыттан жеңдері түзу, тік жолақтармен тігілген.
Атақты әнші, сазгердің қазақ музыка мәдениетінде алатын орны ерекше. Ол — ән-өлеңдері арқылы өзіне дейін қалыптасып, дамыған ұлттық әншілік дәстүрді жалғастырумен қатар оны жаңа түр, көркемдік мазмұнмен байытып, қазақ музыкасына көптеген шығармашылық жаңалық әкелді. Жаяу Мұсаның өмір шындығынан туған, көркемдік дәрежесі жоғары музыкалық образдармен сомдалған туындылары халықтың ән өнерінің шоқтығын биіктете түсті. Композитордың асқақ азаматтық рухтағы әндері қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына асыл қазына болып қосылды.
Айта кетейік, биыл Жаяу Мұса Байжанұлының туғанына 190 жыл толмақ. Осыған орай өзінің туған жері Баянауыл ауданында дүбірлі той ұйымдастырылып, ауқымды шараларды өткізу жоспарланған.
Айдана БОРАНБАЕВА.