Кереку өңірі өзінің сұлу табиғатымен, елге еселі еңбек сіңірген әйгілі дарындарымен баршаға аян. Сол дарындардың бірі — Ертістің ерке сұлу әншісі Майра Уәлиқызы Шамсутдинова. Ол — ерекше дауысымен ХХ ғасырдың басында Павлодар, Семей өңіріне аты әйгілі болған өнерпаз.

Тұңғыш Президенттің қаулы-сымен 2001 жыл «Мәдениет жылы» деп аталды. Осыған орай 2001 жылдың 30 қаңтарында Астана көшесіндегі 135-үй архитектуралық ескерткіш ретінде саналып, Майраның өнерін насихаттау және өсіп келе жатқан жас өнерпаз ұрпақтың өнерін шыңдау мақсатында Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылық музей үйі ретінде ашылды. Бұл белгілі көпес Абдул Фатах Рамазановтың 1900 жылы салынған үйі болатын. Содан бері музей жұртшылыққа есігін айқара ашып, елге қызмет етіп келеді.

Музей үш залдан тұрады. Бірінші залда суретші Жасыбай Қабылданың қылқаламынан туған көрініс бейнеленген. Онда Астана көшесі, 167-үй мекенжайындағы көпес Қыстаубаевтың үйінде әнші Майра қазақтың атақты ақын-композиторлары, күйшілерімен бас қосып, әдеби кештер, ойын-сауықтар ұйымдастырып, түрлі театрлық қойылымдарға дайындық өткізген көрінісі назарға ұсынылады.

Екінші экспозициялық залда әнші Майраның өмірімен және өнер жолындағы шығармашылығымен таныстырады. Экспозицияда Майра өмір сүрген ХХ ғасырдың көрінісін беретін интерьер көрсетілген. Одан бөлек, экспедиция барысында Успен ауданынан табылған шымылдықпен безендірілген темір кереует музейге келушілердің қызығушылығын арттырады. Бұл кереует Майраның жеке заттарының бірі болып саналады. Бұл залда, сондай-ақ қазақ киіз үйлерінің ішкі көрінісінің бір бөлігі — шымылдық көрсетілген.

Аталған музейде тек Майра Шамсутдинованың емес, соны-мен қатар өңірімізге белгілі өнер иелерінің заттарын тамашалауға болады. Мәселен, осы залда 2013 жылы атақты аспап жасаушы Қамар Қасымовтың 120 жылдығына орай ашылған арнайы бөліммен таныса аласыз. Онда шебердің домбырасы және жеке заттары қойылған.

Ән-өнер мұражайы болған-дықтан келесі экспозицияда Қамар Қасымовтың өнерін жалғастырушы баянауылдық шебер, өнерпаз Шәкен Рақышевтың жасаған домбыра, қобыз, шаңқобыз, асатаяқ, тұяқтас, сазсырнай, шертер, дабыл, жетіген сияқты қазақтың ұлттық аспаптары көрсетілген.

Келесі экспозицияда Майраның өмірі мен шығармашылығын зерттеген ақын Әбділда Тәжібаев, жазушы Ғабит Мүсірепов, композитор Ахмет Жұбанов, жерлесіміз журналист Айтжан Бәделханның фотосуреттері мен жеке заттары ұсынылған.

Кезекті экспозицияда Майраның замандастары Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Әміре Қашаубаев, Қажымұқан, Қали Байжанов, Естай Беркімбаев, Садық Кәрімбаев сияқты ақын-әншілердің фотосуреттері көрсетілген.

Одан кейінгі бөлімде Майраның өнерін жалғастырушы ізбасарлары Қазына және Бақыт Субекова, Хафиза Әбуғалиева, Ағайша Исағұлова, Гүлмайдан Сүндетованың фотосуреттерін де тамашалай аласыздар. Сонымен қатар, 2017 жылы Майра музейіне Ағайша Исағұлованың Алматы қаласында тұратын қызы Гүлмайра Чомболаеваның тапсырған сахналық костюмі мен әр жылдары марапатталған орден медальдары көрсетілген. Экспозицияда ұсынылған кәрлен кесе мен 1916 жасалған сырнай аспабы музейдің құнды жәдігерлерінің бірі болып саналады.

Бұл күнде Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы музейі — қазақ халқының өнерсүйер қауымының басын қосып, ұрпақ тәрбиелейтін өнер ордасының біріне айналды.

 

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.