Көне киізді дәріптеп жүр

Нау 26, 2026

Бүгінде киіз басу өнері кенже қалып барады. Ал кезінде әр үйдің төрінде тұратын киіз, текеметті іздесек те таппайтын деңгейге жеттік. Киіз басу өнерін ұлықтап, насихаттап жүргендердің де қатары азайды. Үйінде жүн түтіп, текемет басып, ісмерлікпен айналысатын адам саны саусақпен санарлық. Десек те, баға жетпес бұл құндылықты сарышығанақтық Айман Кенжебаева жаңғыртып жүр. Ол байырғы киіз басу тәсілін қыздарына аманаттап, шәкірттеріне үйретіп келеді.

Айман апай бала күнінен анасының киіз басу тәсілін жиі бақылап, қызығушылығы артқанын байқайды. Уақыт өте келе өзі де қолөнер бұйымдарын жасауға ден қойып, түрлі тәсілін меңгереді. Бүгінде киіз басудың қыр-сырын қыздарына, немерелеріне және шәкірттеріне үйретіп, қойдың жүнінен түрлі бұйым жасауға бет бұрыпты.

– Қазір киіз басу өнері ұмыт болып барады. Соңғы 30-35 жыл көлемінде мүлде қолданбайтын болдық. Бұған дейін әр отбасының төрінен табылатын қазақы төсеніш жайында бүгінгі жас ұрпақ біле бермейді. Кейінгі жылдары киіз үйлер киізсіз қалды. Осыдан кейін ұлттық құндылығымызды дәріптеп, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыртуды парызым деп білдім. Осы ойымды жүзеге асыру мақсатында ұлттық өнерімізді заманауи технологиямен ұштастыруды қолға алдым. Нәтижесінде, қойдың жүнінен, көне киіздерден түрлі бұйым жасауға көштім. Жалпы, қолөнермен айналысып келе жатқаныма 30 жылға жуық уақыт болды, – дейді Айман апай.

Ол қой жүнінен панно, бас киім түрлерін, кеудеше, аксессуар, текемет, сырмақ, құмыра мен қоржындарды, күнделікті тұтынуға арналған түрлі бұйымды жасайды.

Айман апайдың сөзінше, киіз басу үшін негізінен қойдың күзем жүні таңдап алынады. Ол үшін қойды өзен суына жуындырып, жүні тазарған соң қырқады. Қырқылған жүн іріктеліп алынып, сабауға жіберіледі. Ол үшін арнайы түзу талдан сабау дайындап алу керек. Жүнді сабау тек ұру дегенді білдірмейді. Оның да өзіндік әдісі баршылық. Сабаумен жүнді қопсыта ұрғанда, шаң-тозаңнан айырып, ұйысқан жері жазылып, желкілдеп шыға келеді. Міне, сол кезде ол жүн киіз басуға дайын болады. Қолөнер шеберінің айтуымен жиналған келіншектер ши үстіне сабалған күзем жүнді шабақтап, тегістеп шығады. Оның үстіне қайнап тұрған суды себелеп «булап», тез арада шимен орап, «ырғау» әдісін жасайды. Бұл жүннің басын біріктіретін маңызды әрекет көрінеді.

— Бұрын киіз басу кішігірім той іспетті өтетін. Ауылдың қыз-келіншектері мен апа-әжелері асарлатып, белсене кірісетін. Қазан-қазан су қайнатып, келіндер жағы үлкен қазанға ет асып, апа-әжелер өлең айтып, өздерінің жақсы көңіл күйлерімен жасайтын. Киіз басу ауыл тұрғындарын ынтымақ пен бірлікке шақыратын керемет дәстүр болатын. Мұндайда барлығы да бір үйдің баласындай қызмет етуші еді. Киіз басқан жерге ер адамды кіргізбейтін. Себебі, үлкендер «киіздің басы бірікпей қалады» деп ырымдайтын, —  деп баяндайды ол.

Бүгінде Айман апайдың қолынан шыққан дүниелерге сұраныс жоғары. Әсіресе, қоржын, торсық сияқты ұлттық нақыштағы бұйымдар көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр. Сонымен қатар, қыз балалар мен ер балаларға арналған тақиялар да кеңінен тігіледі.

Әңгімелесу барысында көзім бірден қолөнершінің өзімен әкелген аяқ киімдерге түсті. Таза киізден дайындалған аяқ киімдердің бірі ұлттық оюмен өрнектелсе, енді бірі түрлі түсті моншақпен безендірілген екен. Шебердің зор ынтамен, аса ұқыптылықпен дайындағаны көрінді. Бағасы да қолжетімді-ақ. Бір аяқ киімнің бағасы –
3-4 мың теңге. Ал дайындалуына қаншама уақыт кетеді. Алайда, бір өкініштісі қазіргі уақытта мұндай аяқ киімдер киюден қалып, осы киізден жасалған бұйымдарды қолдана алмай келе жатырмыз.

Түйін: Бұрынғыдай жүнді тазалап, сабап, түтіп, ұршықпен жіп иіріп, киім тоқитын әжелер қазір жоқтың қасы. Жыл сайын малдың жүнін қырқатындар оны қайда жіберерін білмей, өртеуге мәжбүр. Осыған қарап, ойға киіз басу өнері мүлдем жойылып кете ме деген күдік ұялайды. Ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал өсіруге ерекше қолдау көрсетіліп жатқан бүгінгідей уақытта одан өндірілетін бұйымдарға да бей-жай қарауға болмайтын секілді. Сондықтан, халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін қолөнер шеберлерін мемлекет тарапынан қолдап, маман даярлауға көңіл бөлінсе, бәлкім, ұмыт бола бастаған ұлттық бұйымдарымыз қайта оралар ма еді?!

Айдана БОРАНБАЕВА

Суреттерді түсірген —  автор.