Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері «Павлодар – Ертіс өңірінің мәдени мұрасын зерттеу және сақтау бойынша заманауи технологиялар» атты тың жобаны жүзеге асырып жатыр. Жоба мақсаты – көне ескерткіштер мен жәдігерлерді келешек ұрпаққа жеткізу ғана емес, оларды ғылым мен білім саласына жаңа сапада енгізу.
Музей мамандары өңірдің археологиялық нысандарын зерттеу барысында бұрын қолданылмаған әдістерді енгізіп, тарихи мұраларды 3D нұсқада сканерлеуді қолға алды. Бұл – аймақ мәдениетін сақтау ісінде жаңа кезеңнің бастауы.
Музейдің табиғат, палеонтология және археологияның ғылыми-зерттеуін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Георгий Пересветовтің айтуынша, ескерткіштерді цифрлық форматқа көшіру – әлемдік тәжірибеде кең таралған үрдіс.
– Қазір көптеген мемлекет тарихи нысандарды қорғап қана қоймай, оларды компьютерлік нұсқада сақтайды. Мәселен, Ресей елінің Санкт-Петербургіндегі Эрмитаж, Нью-Йорктегі Метрополитен мен Лувр музейі өз коллекцияларын 3D нұсқаға көшіруде. Тіпті Париждегі Нотр-Дам-де-Пари шіркеуі өрттен кейін дәл осындай 3D модельдердің көмегімен қалпына келтірілді. Біз де осы бағыттағы фотограмметрия әдісін таңдадық. Бұл – аса қымбат емес, бірақ дәлдігі жоғары технология. Ол нысанның микронға дейінгі ұсақ бөлшектерін анық түсіріп, нақты көлемін сақтауға мүмкіндік береді. Әсіресе, үлкен ескерткіштер мен тас мүсіндер үшін таптырмас әдіс, – дейді археолог.
Фотограмметрияның тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденген. Мәселен, Баянауылдағы әйгілі Кемпіртас жартасы осы әдіспен толық цифрлық нұсқаға көшіріліп, кейін 3D-принтерде басылып шығарылған. Нәтижесінде көне жәдігердің дәл көшірмесі жасалып, ол музей қорында да, кәдесый түрінде де қолданылуда.
Бүгінде бұл технология шетелдік зерттеушілерге де зор мүмкіндік беріп отыр. Өйткені Қазақстанға археологиялық экспедиция ұйым-дастыру – уақыт пен қаржы тұрғысынан күрделі іс. Ал цифрланған үлгілер зерттеушілерге нақты нысандарды қашықтан зерттеуге жол ашады.
– Мысалы, Ресей елінің Барнауыл қаласының ғалымдары Баянауылдағы тас мүсіндерге қызығушылық танытып отыр. Біз оларға төрт 3D модель жіберіп, арнайы сайтқа орналастырдық. Осылайша, халықаралық ынтымақ-тастық жаңа деңгейге көтерілді, – дейді Г.Пересветов.
Ғылыми тұрғыда сапалы 3D модель жасау — оңай шаруа емес. Ол үшін нысанның кем дегенде 100 фотосуретін түрлі бұрыштан түсіру қажет. Археологтардың айтуынша, әрбір ескерткішті түсіру мен өңдеу бірнеше күнге созылады.
– Біз әзірге 9 жартастағы суретті, ерте темір дәуіріне жататын 9 тас стеланы және 26 мүсінді сканерледік. Бұл – үлкен еңбектің бастамасы ғана. Облыс аумағында ғылымға белгілі 46 археологиялық ескерткіш бар. Олардың бәрі алыс, қол жетпейтін аймақтарда орналасқан. Сондықтан сапалы фотоматериал алу үшін ауа райына бейімделуге тура келеді. Көбіне бұлыңғыр күндерді таңдаймыз, өйткені сол кезде көлеңке болмайды, сурет сапасы жоғары болады. Бір ескерткішке екі-үш күн жұмсалады, ал бір 3D модельді компьютерде өңдеуге 12 сағаттан екі тәулікке дейін уақыт кетеді, – дейді археолог.
Қазір де музейдің ресми сайтында бірнеше 3D модель көпшілікке қолжетімді. Алдағы уақытта бұл қор кеңейіп, жаңа цифрланған жәдігерлермен толықтырылмақ. Мамандар тас мүсіндер мен жартастағы суреттерді ғана емес, сонымен қатар көне керамика бұйымдарын, құрбандық тастарын, қару-жарақтарды және табылған өзге де археологиялық нысандарды 3D нұсқаға көшірмек. Сондай-ақ, облыс көлемінде жаңа ескерткіштерді іздеу жұмыстары да жалғасуда. Ғалымдардың айтуынша, тас мүсіндер көбінесе Баянауыл ауданында, ал стелалар Екібастұз маңында және Май ауданында шоғырланған.
Павлодарлық археологтардың бұл еңбегі – өңірдің ғана емес, күллі Қазақстанның мәдени мұрасын сақтап қалуға қосқан зор үлес. Уақыт өте келе мұндай цифрлық базалар еліміздің тарихи қазыналарының толық энциклопедиясына айналуы әбден мүмкін.
Айдана БОРАНБАЕВА.
