Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының әртістері көрермендерін кезекті жаңа премьерамен қуантты. Бұл жолғы спектакль өнер ұжымы үшін алғашқы спектакль-шоу болды. Қойылымның авторы әрі режиссері — Сергей Левицкий, ал пластикалық режиссері — Игорь Григурко.
«Джудит жасаған қиын таңдау» — бұл отбасының барлық мүшесіне ерекше көңіл күй сыйлайтын, көрермендерді ұмытылмастай әсерге бөлейтін, ғажайыптар мен ертегі әлеміне апаратын спектакль-шоу. Ересектер мен кішкентай бүлдіршіндерге арналған қойылымның сахналанғаны – Жүсіпбек Аймауытов театры үшін алғашқы тәжірибе. Спектакльдің динамикалық құрылымы арқылы қойылым авторлары көрерменге әке мен баланың арасындағы мәселелерді қозғайды. Бала мен ата-ана арасындағы байланыс көпірінің құлдырауы сияқты өмірдегі маңыздылығы жоғары және мәні терең құбылыстар жайлы сыр шертеді.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін режиссер Сергей Левицкийдің бұл қойылымынан да әртістік құрамға, музыкалық шешімдерге, декорацияға ерекше назар аударғанын аңғаруға болады.
— «Джудит жасаған қиын таңдау» — Қазақстандағы спектакль-шоу бағытында сахналанған алғашқы қойылым. Спектакль Грейс Макклиннің «Самая прекрасная земля на свете» романының желісі бойынша сахналанды. Қойылым айналаға — балаға ересек адамның көзімен, ал ата-анасына баланың көзімен қарауға мүмкіндік береді. Басты рөлді театрдың жас әртісі Дильназ Қиятова, Джудиттің әкесін Руслан Нығман, Қарғаны Бауыржан Манатбекұлы, Нил Льюисті Ақжол Дүйсенұлы, ал сайқымазақтарды Арман Серікқазыев, Жақсылық Әбдірашым, Темірлан Мұқатай және Райхан Жұмақанова сомдады, — деді режиссер.
Басты кейіпкер Джудитті сомдаған жас әртіс Дильназ Қиятова бұл өзінің театрдағы алғашқы басты рөлі екенін атап өтті.
— 10 жасар Джудит бойына берілген сиқырдың арқасында әлемді өз қалауындай өзгерткісі келеді. Тіпті, қарбалас жұмыстың кесірінен өзіне көңіл бөле алмай жүрген әкесін де өзгертуді армандайды. Алайда оның алдында екі таңдау болады. Бірі – өзі армандаған әлемге аттану немесе шынайы өмірде қалу. Ол алғашында сиқырлы әлемді таңдап, жол тартады. Басында ол жақта барлығы керемет екендігін байқайды. Бірақ уақыт өте келе заттардың сиқырдан, жасанды нәрселерден жасалғанын түсініп, шынайы өмірді таңдайды. Әрине, Джудиттің образымен жұмыс істеу оңай болған жоқ. Дегенмен, режиссер маған рөлді сеніп тапсырған соң, алып шығуға барымды салдым. Бұл — театр әртісі үшін үлкен бақыт әрі сын, — деді ол.
Бұл премьераның сәтті өткенін демін ішіне тартып отырып, 1 сағаттан аса тамашалаған көрерменнің қойылым аяқталғанда тік тұрып, толассыз қол соққанынан да аңғаруға болады.
Айта кетейік, қойылымның премьерасын тамашалай алмаған көрермендер бүгін сағат 13.30-да орыс тілінде тамашалай алады.
Әділет ҚАЙДАРОВ, көрермен:
— «Джудит жасаған қиын таңдау» спектакль-шоу қойылымы өзіме жақсы әсер қалдырды. Мұндай бағыттағы спектакльге алғаш келдім. Режиссер мен әртістер кейіпкерлердің негізгі ойын толық жеткізе алды. Жалпы, спектакльден түйген дүниелер көп.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.