17-19 наурыз аралығында астаналық опера және балет театры Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Павлодар қаласына гастрольдік сапармен келді. Сапар барысында өнер ұжымы Бизе-Щедриннің «Кармен-сюита» балетін Естай атындағы мәдениет сарайында екі күн қатарынан қойды. Соңғы күн әлемдік опера жұлдызы Мария Мудряктің қатысуымен өткен симфониялық оркестрдің концертімен түйінделді.
Елордалық театр жергілікті көрерменге балет, симфониялық және опера өнерінің бірегей үндестігіне құрылған, түрлі жанр мен стильді біріктіретін ерекше бағдарлама дайындаған. Бұл мәдени шара өнерсүйер қауымды шынайы классика атмосферасына бөлеп, ондағы әрбір қозғалыс пен әрбір аккорд балет шеберлігіне тәнті етті. Сонымен қатар, қойылымның терең эмоционалды жақтарын ашып, симфония мен бидің сиқырын сезінуге мүмкіндік берді.
Шығармашылық кештің алғашқы бөлімінде өнер ұжымы алдымен «Кармен-сиюта» қойылымын сахналаса, екінші бөлімде жас талантты балетмейстер Айнұр Әбілғазинаның Петр Чайковскийдің музыкасына қойылған бір актілі «Триумф» балеті көрсетілді.
— Павлодар қаласындағы гастрольдік сапарға «Триумф» пен «Кармен-сиюта» балетін алып келдік. «Кармен-сюита» — ХХ ғасырдағы балет өнерінің қайталанбас жауһары. Еркіндікті сүйетін, қызу әрі құмарлы Кармен өмірінің тарихы көптеген балетмейстердің шабыт көзіне айналды. Ал «Триумф» классикалық өнерді академиялық би түрінде жеткізеді. Бұл шығармалар бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, бірінші қойылым неоклассика бағытында болса, екіншісі — таза классикалық шығарма. Сондай-ақ, екі қойылымның айырмашылығын көрермен әртістердің костюмдерінен де байқай алады, — дейді «Астана Балет» театрының жетекші солисі Татьяна Тен.
Айта кетерлігі, бұл спектакльдің премьерасы шамамен 60 жыл бұрын Куба елінің ұлттық балет сахнасында қойылған. Проспер Мерименің осы новелласы бойынша жазылған либретто мен хореографияның авторы — кубалық балетмейстер Альберто Алонсо. Қойылымды сахналаған — Тимофей Лавренюк. Бизе операсының тақырыбына сүйенген Родион Щедриннің музыкалық транскрипциясы ерекше шеберлікпен жасалғаны соншалық, әуезінде композицияның шеберлігі ғана емес, сонымен қатар Бизе музыкасы мен Проспер Мериме новелласында көрініс тапқан нәзік психологиялық реңктер де бірімен-бірі астасқан.
Ал сапардың соңғы күнінде әлемдік опера жұлдызы, жерлесіміз Мария Мудряк пен «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің концерті өтті. Концерт барысында көрермен қауым әйгілі отандасының орындауындағы опера өнерінің сан салалы әлемін тамашалай алды. Бағдарламада Италия операсының жауһарлары, австриялық опереттаның романтикасы, испандық сарсуэла әуендері шырқалады.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.