Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақтың көрнекті ақыны, жазушы Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдық мерейтойына байланысты жиын өтті. Оған Павлодар облысынан арнайы делегация мен Алматыдан келген ақынның ұрпақтары Жарқын, Асқар Дайырбековтер, Балқия Дөнентаевалар қатысты.
Әдебиет және мәдениет өкілдерінің қатысуымен өткен жиынның мәні – Сәбит Дөнентаевтың әдеби мұраларының «Көркемтай» деген атпен қайта жарық көруінде болды. Айта кетелік, «Көркемтай» жинағының қайта басылып шығуына Ақсу қаласы әкімдігі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының еңбегі зор.
Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Астана қаласын-дағы филиалының төрағасы, жинақты құрастырушы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жиынды ашты.
— Биыл қазақтың біраз арысының мерейтойлары өтіп жатыр. Мерейтойы туған жерлерімен шектеліп қалмайтын, қазақтың маңдайына біткен тұлғалар болады, соның бірі — Сәбит Дөнентаев. Бірақ кейде Алаш арыстары, руханиятымыздың басында тұрған тұлғалар есімі айтыла бастағанда Сәбит Дөнентаев есімі қалтарыста қала береді. Осыдан 20 жыл бұрын Павлодарға, қазіргі Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университетке ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішев бастап апарып, үлкен конференция өткен болатын. Биыл да мерейтойларына орай Бейімбет Майлин, Жүсіпбек, Сәкен есімдері ұлықталуда. Сәбит Дөнентаевтың да 130 жылдығына орай туған жері Ақсу қаласына «Фолиант» баспасынан өтініш болды. Баспа «Алаш аманаты» деген серия ашып, осы сериямен бірінші болып «Көркемтай» атты жинағын жарыққа шығарып отыр. Осылай аз да болса сүйіншілі жаңалықпен бастап жатырмыз, — дейді Д.Кәпұлы.
Кейін Ақсу қаласы әкімінің орынбасарына сөз берілді. Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Әйгерім Әбенова туған жерінде ақынның есімін насихаттауға қатысты қолға алынған жұмыстар жөнінде айтты. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, алаштанушы Сағымбай Жұмағұлов Сәбит Дөнентаевтың қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі мен ұлттық рухты көтерудегі қызметі жайлы баяндама жасап, әдеби мұрасына тоқталды.
— Ақын мұрасын насихаттау барысында ұрпақтар сабақтастығын көремін. Мысалы, 1957 жылы Сәбит Дөнентаев шығармалары жарық көргенде оның алғы-сөзін жазған әдебиеттің еңбекторысы атанған Есмағамбет Ысмайылов еді. Кейін бұл жолды оның шәкірті Т.Кәкішев жалғастырды. Енді міне, Дәулеткерей бар, Секеңдер бар, біз де жалғап жатырмыз. Дөнентаев шығармалары алғаш монографиялық тұрғыда өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Ысқақов, Шәменовтер еңбектерінде зерттелді. Он томдық «Қазақ әдебиеті тарихынан» монографиялық тарау беріп, «С.Дөнентаевқа тарау беру керек, ол үлкен ауқымды болу керек» деп соған қажыр-қайрат салған Т.Кәкішев еді. «Көркемтай» әңгімесі сентименталистік эстетиканы береді. Ал ақындығын айтқанда бес шығармасы үнемі назардан тыс қалып келеді. Айталық, бұған дейін екі өлеңі о баста Байымбет деген бүркеншік атпен жазылғандықтан Бейімбет Майлинге телініп келген еді, — деп атап өтті профессор.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ғалым Жайлыбай: «Сәбит Дөнентаев жайлы көп білетін біздің қатар шығар деп ойлаймын. Ол Ақсудікі ме, Керекудікі ме, мәселе онда емес, Сәбит Дөнентаев қазақтың ғажайып ақыны екенін, Абай мектебінен дәріс алғанын, М.Әуезовтен сабақ алғанын, Семей семинариясында оқығанын хрестоматиядан бастап оқыдық» дей келіп, ақын мұрасына ыждағатпен қараған бастамашыл інілерінің еңбегіне ризашылық білдірді.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы мектеп оқулықтарына кішкентай балалардың қабылдауына ауыр дүниелердің кіріп кеткенін, ал олармен салыстырғанда Сәбит Дөнентаевтың алынып тастаған шығармасы, мысалы, «Көркемтайы» бүкіл әдебиеттің талаптарына жауап беретін классикалық дүние екенін айтты. Сонымен қатар, Ақсу қаласы мәслихатының төрағасы Мәдениет Омарғалиев, Ақсу қаласының Құрметті азаматы Қаршыға Шаяхметов, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Елікбай, Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медығат Манапов, ақынның ұрпақтары Балқия Дөнентаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Баспа ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет, ақын Сұраған Рахметұлы т.б. ақын мұрасының өрісін кеңейтуге қатысты ой-көзқарастарын білдірді.
— Сәбит Дөнентаевтың «Көркемтай» әңгімесі — қазақ халқының тағдырын, елдің әлеуметтік жағдайын, жетімдер тағдырын терең толғаған шынайы шығарма. Сондықтан да, бүгінгі ұйымдастырылған Сәбит Дөнентаевтың рухани мұрасын жаңа заманға сай қайта жаңғыртып, оны келешек ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен осынау мәдени кеш қазақ әдебиетінің алтын қорын толықтырып қана қоймай, ұлттық руханиятты байыта түсетін елеулі оқиға ретінде есте қалады деп есептеймін. Оның еңбектері ұлттық мұра ретінде қастерленіп, болашақ ұрпаққа жеткізілуі тиіс, — дейді Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медығат Манапов.
Айдана БОРАНБАЕВА.