Ульян Мақұлұлының қысқаша өмірбаянын айтпас бұрын Ұлы хакім Абайдың 18–ші қара сөзін еске салғым келеді. Онда былай дейді: «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де — ақымақтық». Осы нәрселердің, яғни осы қасиеттердің бәрі Ульян Мақұлұлының бойында болған еді. Осындай ақсақалдың дүниеден озуы жанымызды жабырқатып, қамықтырып кеткені рас.
Әсіресе бірінші көзге түсетін пайғамбардың бойындағы мінезге тән, көрікті де биязы мінез, ақыл-ой, білім-ғылымға деген құштарлығы, ар-ұяттылығы, имандылығы, міне
осының бәрі бұл кісінің бойында баршылық еді. Ульян Мақұлұлының қысқаша өмірбаянына тоқталып кетсем, ол 1939 жылы 15 маусымында Батыс Қазақстан облысы Чапаев ауданының Еңбек ауылында дүниеге келген екен. Орал педагогикалық институтын бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын алған соң еңбек жолын 1958 жылдан жолдама бойынша Павлодар облысынан бастайды. Содан кейін 1962 – 1976 жылдары өз туған елінде мұғалім, аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. 1976 жылдан бері Май аудандық партия комитетінде бірге істедік. Сол кезден бастап мен үшін бұл адам кісіліктің, кіршіксіз тазалықтың үлгісі болды. Оған ой тазалығымен бірге, үстіне мұнтаздай кіршіксіз киген таза киімі, келісті келбеті жарасып тұратын. Ол өзін өте байсалды ұстайтын, анау-мынауға, ұсақ-түйекке күйіп піспейтін, біреудің кемшілігін, тәкаппарлығын сезсе де бетіне басып жатпайтын, өзін биік ұстайтын. Өте қонақжай, дәм-тұзымызбен араластық. Қайда болмасын, үйде де, түзде де өзін бірқалыпты ұстайтын. Біз бұл ағамыздан үлгі-өнеге алып бой түзедік. 1987-1990 жылдары облыстық «Қызыл ту» газетінде тілші, 1990-2005 жылдары облыс әкімдігінде құжаттамаларды мемлекеттік тілге аудару секторының меңгерушісі, 2005-2014 жылдары Павлодардағы мемлекеттік педагогикалық институтында бақылау және құжаттамамен қамтамасыз ету, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу бөлімдерінің бастығы болып істеді. Орыс тілін жетік меңгерсе де, қазақша сөйлегенде бір орысша сөз араластырмайтын. Ульян Мақұлұлы алғашқы Тіл заңы қабылданғаннан бас-
тап мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу, аударма және сөз мәдениеті мәселелерімен бірыңғай айналысып келді. Екі кітабы жарық көрді: біріншісі «Тіл қадірін, сөз қадірін білгенге не жетсін!», екіншісі «Рухани құндылықтарымыз- мақтанышымыз». Егерде: «Жазушы ғалым-этнограф – Ақселеу Сейдімбекті қазақтың әдебиетін, тарихын, мәдениетін, қазақтың ән-күйлерін зерттеуде бір университет ұжымының ісін атқарды» деп теңесе, Ульян Мақұлұлы да ана тілімізді дәріптеуде, іс қағаздарын мем-
лекеттік тілде аударып, зерттеп жүргізу, оларға әдістемелер әзірлеу және болашақ мамандар дайындау мен тәрбиелеу жөнінде, университет демей-ақ қояйын, бір институт ұжымының атқаратын ісімен пара-пар десек, артық айтылмаған болар еді. Мәшһүр Жүсіп мешітінде істеп жүрген кезінде ұлтымыздың салт–дәстүрін насихаттауда, дінін, ділін құрметтеуде,
жалпы рухани құндылықтарымызды дәріптеуде де баға жетпес еңбектерін айтуға болады. Одан кейін де «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлес-тігін құрып, өзі соның төрағасы болды. Мұнда да бірлестік мүшелерімен мектептерге барып, өскелең ұрпаққа көмес-кіленіп бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, салт–дәстүрімізді дәріптеу іс-
шараларын жалғастырды. Ульян Мақұлұлы — Павлодар қаласының Құрметті азаматы, қоғам белсендісі, ұлт жанашыры. Үкімет тарапынан «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», медальдармен марапатталды. «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен, Елбасының Алғыс хатымен, бірнеше медальмен, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының және облыс әкімшілігі мен мәслихат тарапынан Құрмет грамоталарымен, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен мара-патталған. Бір сөзбен айтқанда, адами қасиеті мол, кісілігі зор, өте қарапайым, кішіпейіл, көркем мінезді, адамгершіліктің эталоны десек те артық емес. Ел қадірлеп сыйлаған, елдің қамын ойлаған, зиялы ақсақалымыздың бірегейі еді. Аяулы ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы ұлпа, жаны жаннатта болғай! Артының қайыр жақсылығын берсін!
Р.БЕКТЕМІРОВ,
«Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.