С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғалымбек Жұматовтың кезекті кітабының тұсаукесері өтті.
«Көңілдің толқын кездері» деп аталатын туындыға қаламгердің шағын әңгімелері енген. Бұл – жазушының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген алғашқы кітабы. Қаламгердің сөзінше, жазу өнері жауап-кершілікті жүктейді, ал кітап жазу үшін дайындық керек.
— Бұған дейін кітаптарым 100-150 мың данамен шыққан кездер болатын. Туындылардың барлығы дерлік қазақ тілінде жазылған. Тек біреуі орыс тілінде жарық көрді. Жалпы, бүгінге дейін 23 кітабым шықты. Алдағы уақытта тағы да жазармыз, – дейді Ғ.Жұматов. Кітапқа автордың драма, комедия, шағын әңгімелері енгізілген. Драма шығармалары еліміздің азаттығы үшін күрескен азаматтардың басынан кешкен оқиғалары, жалындаған жастық шағында қуғын-сүргіннің құрбаны болған Алаш азаматтарының өмірінен пайдаланылған.
– Жалпы, ақындар «Шабытым оянып жаздым» деп айтып жатады. Менде бұл құбылыс өзгешелеу. Туынды, кітап шығару үшін дайындаламын. Менің түсінігімде шабыт деген – дайындық. Ал жазу – жауапкершілік, – дейді жазушы. Аталмыш шараға Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, сарбаздар, студенттер және оқырмандар қатысты.
Өз тілшіміз.