«Ленинград: от пен мұз»

Қаз 9, 2025

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері жазушы-журналист, сатирик Ғалымбек Жұматовтың «Ленинград: от пен мұз» кітабының тұсаукесері өтті. Жаңа, кітап аты айтып тұрғандай, Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестеріміздің қилы тағдыры, қанды майданда от пен мұздың ортасында жүріп көрсеткен ерлігі шебер суреттеледі.

Романның басты кейіпкерлері – жазушының әкесі Сағымбай мен ағасы Нығмет Жұматовтар. Яғни, өмірде болған оқиғаларға негізделген тарихи-деректі роман деуге болады. Автордың айтуынша, әкесі Сағымбай Ұлы Отан соғысына аттанып, Ленинградты қорғау жолында болған ірі шайқастарға қатысады және от пен оқтың ортасынан жараланып оралады. Ал ағасы Нығмет сол майдан өтінде ерлікпен қаза тапты. Романда осы айтылған қос кейіпкер мен қарулас серіктерінің ерлігі және жауды жеңу жолындағы айла-тәсілі кеңінен баяндалады.

Кітаптың тұсаукесер рәсімін облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко мен «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермек Жұматов орындап, оқырман үшін әлі де олжалы туындылар жаза беруіне тілектес екенін жеткізді. Сонымен қатар, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, қаламгерлер – Сайлау Байбосын, Ғабит Сапаров, Шолпан Байғалы, Айбек Оралхан, облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев, еңбек ардагері Сапарбек Маусымбаев сынды зиялы қауым өкілдері жазушыны жаңа туындысымен құттықтады.

Романды баспадан шығар-шықпастан сиясын кептірмей оқыған оқырмандардың бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы Айбек Оралхан. Оның айтуынша, жаңа романды қолына алған адам соғыстың ең қайғылы әрі жауапты кезеңдерінің бірі – Ленинград блокадасы туралы мол мағлұмат ала алады. Сондай-ақ, соғысқа дейінгі геосаяси текетірес, алып державалар арасындағы астыртын саясат, дүниежүзілік үстемдікке талас сияқты тарихи тақырыптарды кең көлемде қамтыған.

— Кітапта тарихи фактілермен қатар, нақты кейіпкерлердің тағдыры арқылы оқырман ХХ ғасырдың ең сұрапыл кезеңіне терең үңіледі. Автор тек әскери оқиғаларды емес, соғыстың себебі мен салдарын да терең зерттеп, оны көркем тілмен жеткізеді. Одан бөлек, соғыс аяқталғаннан кейін Сталиннің өзі бұл жеңісті атап өтуге, Жеңіс күнін тойлауға тыйым салған болатын. Тек 1965 жылы Брежнев тұсында ғана 9 мамыр – мемлекеттік мереке ретінде қайта белгіленді. Міне, осы секілді сұрақтардың да жауабын осы кітаптан оқуға болады, — деді Айбек Оралхан.

Жазушы Ғалымбек Жұматов – Ертіс-Баян жұртына ғана емес, елімізге ете таныс жазушы-лардың бірі. Қаламгердің соғыс тақырыбынды қалам ұстауы бұл ғана емес, бұған дейін де бірнеше кітабы жарық көрген.

—  Тақырыпты шамам келгенше кеңірек қамтуға тырыстым. Осы кітапты жазу барысында көп жұмыс істеуге, көп ізденуге тура келді. Өйткені, соғыс тақырыбы ақырындап, жылжып, алыстап барады. Бірақ, ашылмай қалып бара жатқан тұстары да бар. Жалпы, қанша уақыт өтсе де, қазірдің өзінде майданға қатысы жоқ адам деген жоқ шығар. Әр әулеттен бір адам осы сұрапыл соғыста болғандықтан, барлығымыздың әйтеуір бір жақынымыз болды. Мен әкем мен ағамның ерлігін жазуды көптен бері ойлап, келе алмай жүрген едім. Сондықтан бұл — менің миымда әбден жетіліп, піскен тақырып. Көптен бері арпалысып жүрген ойдың түйінін қағазға түсірудің сәті енді келіпті, — деді жаңа кітаптың авторы Ғалымбек Сағымбайұлы.

Тілеуберді САХАБА. Суреттерді түсірген – автор.