Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалы және Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының ұйым-дастыруымен «Абайды оқы, таңырқа!» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Өлең кешін филиал директоры Серік Елікбай жүргізді.

– Қазақ – Абайды сүйіп, Абайдың сөзін ғазиз көріп, Абайдың биігіне қол созған, қаншама уақыт өтсе де Абаймен замандас, Абаймен мұң кеудесін басқан, Абаймен күн кеудесін жуған халық. Абай қазақтың қара тасы секілді. Сіз бен біз мұхит секілдіміз. Абайға қайта-қайта келіп соғыламыз. Біз Абай арқылы өзімізді өзіміз іздеп келеміз. Біздің Абайға келгеніміз – қазаққа келгеніміз. Егемен елдің егесі де, шегесі де – Абай. Абайы бар қазақтың тәуелсіздіктен айырылуға ешқандай қақысы жоқ, – деп бастады сөзін С.Елікбай. 10 тамыз – Абай күнін мерекелеуді бастап кеткен Ертіс-Баян өңірінің зиялы қауым өкілдерін облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова құттықтады.

– Абай – тәуелсіз Қазақстан идео-логиясының негізгі тұғырларының бірі. Ол – «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұлы һәкіміміз. Абайдың бұл сөзін мен бейбітшіл елдің құлатпай ұстайтын туы деп білемін. Абай мұрасы – баршамызға ортақ, – деді ол. Абайды оқып, таңырқауға келген қауымның қатарында абайтанушы, мәшһүртанушы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев сөз сөйлеп, ақын өлеңдерінің мәні терең, ғибраты мол екенін айтты. Ол сөзін Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңдеріндегі үндестік, байланыс жайлы ойларымен тұздықтады. Ақын бейнесінде сахнаға көтерілген Абай өлеңдерін насихаттаушы Даниял Әсенов ойшылдың қара сөздері мен өлеңдерін оқыды. Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері – Ғабит Сапаров, Шолпан Байғалы, Айбек Оралхан, жастар атынан  Еламан Қабділәшім, Жанболат Абайхан кезек-кезек сахнаға көтеріліп, ақын өлеңдерін оқыды. Әдеби-сазды кешті Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының өнерпаздары «Абайға апарар жол» композициялық қойылымымен түйіндеді.

 

Өз тілшіміз.