Майра есімі қалай ұлықталуы керек?

Қаз 2, 2025
Foto Valeriy BUGAYEV

Қазақ өнерінің жарық жұлдызы, әнші-композитор Майра Уәлиқызының есімін қалай ұлықтаса да, оның әншілік өнері мен музыкалық мұрасын қалай насихаттаса да артық болмайды. Дегенмен, әнші Майраның есімін ұлықтау, ән мұрасын дәріптеу саласында олқылықтардың болып жатқаны рас. Осы ретте Ертіс-Баян өңірінің мәдениеті мен әдебиетіне еңбек етіп жүрген азаматтармен хабарласып: «Майра есімін қалай ұлықтаймыз?» деген ортақ сұрақ тастаған едік.

Ербол АЙТБАЕВ, дәстүрлі әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

– Барша қазақ даласын өзінің нәзік үнімен баураған аса талантты әнші, Ертістің ерке қызы Майра Уәлиқызының есімі қазақ үшін қашан да биік тұруы керек. Себебі, ол — қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы кәсіби сырнайшы және ұлы композитор. Иә, биыл Майраның туғанына 135 жыл толды, бірақ әншінің биылғы мерейтойы менің көңілімнен шыққан жоқ. Себебі, біз Майраның үнін, Майраның әнін ести алмадық, оның тұлғасын көз алдымызға әкеле алмадық. Осы тұста өзімнің бірер ұсынысымды ортаға салсам деймін: Біріншіден, Майраның тойы, ол – бір күндік емес, ол жыл бойы жалғасып, халықтың құлағында Майраның әні жаңғырып тұруы керек. Халық тойға Майраның әнін тыңдау үшін келуі керек. Екінші, Майраның атында үлкен фестивальдер мен концерттер ұйымдастырылса. Онда тек Майраның ғана емес, оның заманында өмір сүрген халық композиторларының да әндері әуелеп жатса ғажап емес пе?! Үшінші, осы мерейтойдың құрметіне Павлодар қаласында бір мәдениет мекемесіне аты берілуі керек. Менің ойымша, бұған «Колос» мәдени-сауық орталығы сұранып тұр. Себебі, әлі күнге дейін облыс орталығында Майраның атында мекеме жоқ деген ұят жағдай. Міне, осы сынды жұмыстар атқарылса, біз қазақ ән өнерінің жарық жұлдызына лайықты құрмет көрсеткен боламыз.

 

Ғабит САПАРОВ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің Майра туралы жақсы әңгімесі бар. Ол кісі негізі Омбыдағы ауыл шаруашылығы техникумында рабфакта оқыған ғой. Содан шығып Павлодарға келген бір жолында баратын үй таппай біраз жүреді екен. Сонда біреулер: «Мына үй кісі қабылдауы мүмкін» деп бір үйді нұсқап жібереді. Сол үй әнші Майраның үйі болып шығады. Ғабең сонда бір аптадай болыпты. Мұны әнші Майра туралы өте құнды деректердің бірі деуге болады. Яғни, көзімен көрген адам жазып отыр. Сондықтан, осы әңгімені дұрыс пайдалануымыз керек. Яғни, үзінділерін газетке, журналға, басқа да сайттарға басып, оқырманға қолжетімді ету керек. Одан кейін Әбділда Тәжібаевтың «Майра» деген драмасы бар. Соны сахнаға ықшамдап, жақсы бір спектакль қоюға болады. Осы мәселені жергілікті театр режиссерлері назарға алса деймін. Сосын Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» деген жинағы бар ғой. Соның соңында Майра туралы құнды мәліметтер бар. Себебі, ол кісі көп дүниені әншінің өз аузынан жазып алды ғой. Міне, осы секілді шындыққа негізделген дүниелерді көптеп жариялап, шығару керек деген ойдамын.

 

Алмагүл БҰЗАУБАЕВА, «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінің» кітапханашысы:

– Қазір қай облысқа барсақ та: «Майраның елінен келіпсіздер» деп құрмет көрсетіп жатады. Енді туған жері осы атқа лайық құрмет көрсетуіміз керек. Ертіс-Баян өңірінен шыққан Майра Шамсутдинованың әндерін Қазақстанды былай қойғанда шетелдегі қазақтар да сүйіп орындайды. Сондықтан, оның өнерін, соның ішінде ұмытылған әндерін насихаттау — бүгінгі бізге жүктелген үлкен міндет. Әлі есімде, 2007 жылы «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында Майра Шамсутдинова атындағы «Майра, қызыл тілім сайра» деп аталатын аймақтық әншілер байқауын өткізген едік. Қатысушыларға ешқандай шектеу қойылған жоқ, баян, сырнай, домбыра аспаптарының бәрі болды. Бірақ, өкінішке қарай кейінгі уақытта дәл осындай Майраның ән мұрасына арналған байқау өтпей қалды. Егер, осы үрдісті қайта жаңғыртатын болсақ, елімізден әлі де Майраның ізбасарлары көптеп шығатын еді. Екіншіден, біз естімеген, бұрын жарыққа шықпаған әндері оралуы мүмкін. Мұндай байқаулар сол үшін керек қой. Одан кейін, дәл біздің өңірге «Майра атындағы өнер мектебі» керек деп ойлаймын. Себебі, «Керекудің Майрасы» атанып жүрген Салтанат Қисатова қаншама шәкірт шығарып жатыр. Міне, сондай талантты жас бүлдіршіндер Майра мектебінде өнерін шыңдап жатса, қазіргіден де көп шәкірт шығар еді.

Әзірлеген – Тілеуберді САХАБА.