Малайсары батырдың сауыты

Шіл 17, 2025

Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі қайталанбас ерекше жәдігерлердің бірі – Малайсары батырдың сауыты. Аталған құнды мұра Павлодардағы өлкетану музейіне 1953 жылы тапсырылған. Туыстары сауытты көп жыл бойы жерге көміп сақтаған екен.

Г.Потанин музейінің бөлім басшысы Жеңісбек Қадырұлының айтуынша, сауыт қысқа жеңді, таза темір шынжырлардан жасалған. Шынжырлар жартылай үзілген. Жалпы салмағы 15 келіні құрайды.

— Тарихи деректерге сүйенсек, сауытты Малайсары батыр бозбала шағында киген. Оның темір шынжырларын кезінде туыстары өздеріне ескерткіш зат ретінде бір-бірден шешіп алған деседі. Тіпті, кие тұтып, ырымдап алғандар да болған. Музейдегі Малайсары батырдың сауыты көбе сауытқа ұқсас, кебенек сыртынан киюге арналған. Сауыт алғашқы тапсырылған қалпында сақталған, — дейді Ж.Қадырұлы.

Малайсары тек батыр емес, бидің рөлін де атқарған. Ол шамамен 1700-1756 жылдар аралығында өмір сүрген. Арғын ішіндегі Бәсентиін руынан шыққан. Тарихшылардың мәліметіне сүйенсек, Малайсары Абылай ханның сенімді серігі болған. Қазақтың Ресей қоластына кіруіне қарсы болған және қазақ-қалмақ соғысын тоқтатып, екі хандық арасында бейбіт келісім жасау саясатын ұстанғандардың бірі болған.

1741-1742 жылдары Абылай ханды тұтқыннан қайтару жөнінде жүргізілген келіссөздер барысында қалмақ жағын жақтағаны үшін Қалдан-Серен Малайсарыға 1743 жылы «тархан» атағын берді. «Тархан» атағы — көнеден келе жатқан лауазым, дәреже. Бұл атақтың иелері алым-салықтан босатылған, ұсақ қылмыстар үшін тек хан алдында жауап берген.

А.БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.