Оқырман қауым тағы бір баға жетпес құнды рухани мұрамен табысып жатыр. Жақында ұлттық археология мектебінің негізін салушы, академик Әлкей Марғұланның «Ежелгі қазақ тайпалары және қазақ хандығының құрылуы», «Қазақтың сал, серілік дәстүрі» атты екі кітабы жарыққа шықты. Қос кітаптың тұсаукесер рәсімі Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өтіп, оған өңірдің бірқатар зиялы қауымы қатысты.
Шараға облыс әкімі Асайын Байханов, Әлкей Хақанұлының қызы Дәнел Марғұлан қатысып, осы өнегелі де өрелі істің басында жүрген азаматтарға алғыс айтты.
— Отандық ғылым мен білімнің дамуына айтарлықтай үлес қосып, ұлттық археология мектебінің негізін салған Әлкей Хақанұлының еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Ол — қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтың төл шәкірті. Бар саналы ғұмырын туған жерінің тарихы мен мәдениетін зерттеуге арнаған. Ғалымның жинақтаған деректері — кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына. Биыл Әлкей Хақанұлының мерейтойына орай көптеген ауқымды шаралар өтті. Бүгін оқырман қауымға ұсынылып отырған қос кітапты ұлт руханиятына қосылған құнды мұра, асыл қазына деп білеміз, — деді Асайын Қуандықұлы.
Қос кітаптың тұсаукесер рәсімін жасау құрметі ғалымның ұрпағы Дәнел Әлкейқызына, белгілі қоғам қайраткері, «Олжабай батыр» қоғамдық қорының Президенті Айтмұхамет Қожабековке және кәсіпкер Жанат Ыбыраевқа бұйырды. Осыдан кейін Дәнел апамыз қос кітаптың бір-бір данасын аймақ басшысы Асайын Қуандықұлына сыйлап, академиктің аруағын құрметтеп, азаматтардың еңбегін қолдап келгені үшін ризашылық көңілін білдірді. Сонымен қатар, жиналған қауымға Әлкей Марғұланның Алаш зиялыларымен тығыз қарым-қатынаста болғанын, ұлт болашағы үшін бірлесіп атқарған іргелі еңбектері туралы баяндап берді.
— Менің әкем Алаш зиялыларымен тығыз байланыста болған. 1921 жылы Семейдің педагогикалық колледжіне барған. Сол жерден Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев сынды тұлғалармен танысты. Ал Ленинградқа оқуға көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтің кеңесімен барып, шығыстану факультетіне оқуға түскен. Әкем сол кезден бастап архив ақтарып, кітапханаларды аралап, тарихи зерттеулерді қолға алды, — деді Дәнел Әлкейқызы.
Бұл – Әлкей Марғұланның туған жері Ертіс-Баян өңірі үшін ғана емес, барша қазақ жұрты үшін ерекше жаңалық. Ғалымның өлмес мұраларын қайта тірілтіп, халықпен қауышуына белгілі кәсіпкерлер — Ербол Омаров және Қайрат Ибраев сынды азаматтар қолдау көрсеткен.
Жиын барысында Әлкей Марғұлан атындағы университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин сөз сөйлеп, Әлкей Марғұланның 120 жылдығына орай жасалған жұмыстар туралы айтты.
Әлкей Марғұланның биылғы 120 жылдық мерейтойын біздің университет өткен жылдың соңында бастап кетті. Себебі бұл — біз үшін үлкен мәртебе және асқан жауапкершілік. Бұл — біздің университет үшін ғана емес, бүкіл Ертіс өңірі үшін маңызды оқиға. 2023 жылдың аяғында университет ауласында ғалымның ескерткіш-мүсіні орнатылды. Сонымен қатар, университет жанынан ашылған «Марғұлантану» оқу-зерттеу кешені бүгінгі күні ғалым мұрасын зерделеуде ауқымды жұмыстар жүргізуде. Бұл орталық келешек ұрпаққа Әлкей Марғұланның өмірі мен ғылыми жетістіктерін терең тануға мүмкіндік береді, — деді Б.Есенгелдин.
Сонымен қатар, философия ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университетіндегі Бекмаханов ғылыми-зерттеу орталығының директоры Амантай Құдабаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Жұмағали Қоғабай сөз сөйлеп, ғалымның рухани мұрасын таныту, насихаттау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қатысты ойларын айтты.
Тілеуберді САХАБА.