Ж.Аймауытов атындағы театр үшін өткен жыл табысты жылдардың бірі болды. Алдағы уақытта да өнер ұжымы осы бағыттан таймай, көрермендерге тосынсый дайындап отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек өткен жылға қорытынды жасап, алға қойған жоспарларымен бөлісті.
— Өткен жыл театрымыз үшін жемісті болды. 2 республикалық және 2 халықаралық театр фестиваліне қатыстық. Солардың бірі де бірегейі – РФ-ның Мәскеу облысы Мытищи қаласында өткен «Подмосковные вечера» атты халықаралық фестивалі. Фестивальдер барысында Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» шығармасына негізделген спектакльді қойдық. Көрермендерге үлкен ой салды деп ойлаймыз, — дейді А.Темірбек.
Өнер ұжымының осы жылға жоспарлаған ірі жобалары да баршылық. Олар туралы театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов әңгімеледі.
— Биыл әртістеріміздің қатарына Алматы, Астана қалаларында актерлік мамандық бойынша білім алған жас мамандар қосылды. Бүгінде театрда 39 актер өнер көрсетуде. Осы жылдың ақпан айында көрермен назарына жазушы Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» туындысын ұсынбақшымыз. Ал композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Шәмші» атты қойылымның сценарийін жазу үстіндеміз. Балаларды да ұмытқан жоқпыз. Енді ертегілерді бүлдіршіндермен қатар, олардың ата-аналары да көруге мүмкіндік алады. Онда қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріледі. Сондай-ақ, осы жыл біздің театрымыз әрі аймағымыз үшін ерекше болмақ. Себебі, биыл жазушы, драматург, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығын атап өтеміз. Осыған орай жылдың соңына дейін облыс әкімдігі және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен республикалық театр фестивалін ұйымдастыру жоспарда бар. Оған әр өңірдегі үздік деген 10 өнер ордасы қатысады, — дейді ол.
Айта кетейік, аталмыш театр «Ұждан» қойылымымен 2 респуб-ликалық және 2 халықа-ралық фестивальге қатысып, екі бірдей «Үздік ансамбль», «Үздік режиссерлік шешім» және «Бикен Римова атындағы арнайы жүлде» аталымында топ жарған еді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.