Мейірімге толы сәттер

Шіл 17, 2025

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Айна» галереясында «Sketch akademy» балалар шығармашылық студиясы мен суретші Тамара Каратаеваның қолдауымен «Үлкен кішкентай жүректер» атты фотокөрме ашылды. Фотокөрменің тақырыбы — жануарлар әлемі, адамдар мен жануарлардың өзара байланысы, жануарларға қамқорлық таныту.

Фотограф Юлия Гирьконың айтуынша, бұл көрме – балалардың жануарларға деген шынайы сезімінің көрінісі. Әр суретте бала мен жануар арасындағы ерекше байланыс бар.

Көрмеге жалпы 70-ке жуық жұмыс қойылды. Оларда 3 жастан бастап кәмелеттік жасқа толмаған балалардың жануар-лармен бірге түскен сәттері бейнеленген. Олар — кәсіби модель немесе суретшілер емес, қарапайым балалар.

Павлодар қаласындағы «Дом приют надежд» панажайының өкілі Александра Старина сурет-тердегі жануарлар аталмыш панажайда мекендейтінін, олардың әрқайсысының тағдыры бар екендігін және түрлі қиындықтан өткенін атап өтті.

— Бізге күн сайын дерлік жаңа жануарлар түседі. Көбі көшеден табылған, кейбірін иелері түрлі себеппен тастап кеткен. Біз оларды тамақтандырып қана қоймай, денсаулығына да ерекше көңіл бөлеміз, — дейді ол.

Александра фотографтың жануарлардың мінезін дәл жеткізе алғанына таңданысын білдіріп, модельдердің де сәтті таңдалғанын атап өтті. Оның сөзінше, жануарлар мен балалардың бейнесі көрерменге ерекше әсер қалдырады.

– Бұл – фотосуретші Юлия Гирькомен бірге ұйымдастырған үшінші көрмеміз. Барлық көрмеге панажайдағы жануарлар қатысып келеді. Әсіресе, балалардың белсенді қатысуы – зор жетістік. Себебі, жас ұрпақты жануарларға деген сүйіспеншілік арқылы тәрбиелеу – біздің басты ұстанымымыз. Осы ұстаны-мымызбен панажайда балалармен көп жұмыс жүргізіледі. Егер баланы мейірімділікке баули алсақ, ол тіршілік атаулыға адамгершілікпен қарайды. Ал бала кезден қатыгездікке үйренген ұрпақтан ізгі қоғам қалыптаспайды, — деп түйіндеді Александра.

Жануарлар мен бала арасындағы мейірімділікке арналған бұл көрме бір ай бойы жұмыс істейді.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.