Қожаның ұстазы Майқанованың сөмкесіне құрбақа салғаны, оның түрлі сотқарлық қылықтары баршаңызға «Менің атым Қожа» фильмінен белгілі болар. Күні кеше Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыка драма театры балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай аталмыш шығарманы театр көрермендеріне ұсынып, театрдың 35-інші маусымын қорытындылады.

 

Балалық шақ – адам өміріндегі ең ғажап уақыт. Ол кезең кімді болмасын сағынтпай қоймайды. Бұл — жанға жылу ұялататын, балалық шақтың тәтті сәттеріне, мейірімге толы шақ. Әсіресе, «Менің атым Қожа» спектаклі адамның ой-өрісі мен танымын ұшқыр қиялға жетелеп, жас көрерменді кейіпкерлер бойындағы ізгі қасиеттерді үлгі етуге, адамгершілікке баулиды. Қожаның басынан мектеп қабырғасында түрлі қызықты оқиғалар өтеді. Ол қанша бұзықтық жасаса да, жақсы адам болуға талпынады. Қожа сыныбындағы үлгілі, тәртіпті әрі сабағын үздік оқитын Жанар деген қызды жақсы көреді. Тіпті, кей кездері Жанарға арнап өлең де шығарады. Қожа жазушы болуды армандайды. Қазақта Қожаны білмейтін жан кемде-кем шығар.

Қойылымның режиссері Жангелді Садықовтың сөзінше, аталмыш спектакль қазақ баласының еркін бейнесін көрсететін, қайсар мінезді Қожаның қызықты іс-әрекеттерін суреттейді. Позитивке, балалық қиялға толы.

— Биыл белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы. Осыған орай қаламгердің көпке танымал «Менің атым Қожа» шығармасын таңдап алдық. Қойылым барысында негізгі сюжетін өзгерткен жоқпыз. Спектакльде сол фильмдегі Қожаның сотқарлығы, сыныптасы Жанарға хат жазуы, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова апайының сөмкесіне құрбақа салуы секілді эпизодтар енгізілді. Дайындыққа 1 айға жуық уақыт кетті, — дейді ол.

Басты кейіпкердің рөлін сомдаған талантты театр әртісі Бекнұр Дастанның сөзінше, бұл спектакльдің бүгінге дейін қойылған спектакльдерден ерекшелігі – екі Қожаның болуы. Яғни, Қожаның рөлін екі актер ойнаған.

— «Менің атым Қожа» – Қожаның мектеп жасындағы бастан кешкен әртүрлі қызықты оқиғаларын баяндайды. Ол қанша бұзықтық жасаса да, жақсы адам болуға талпынады. Өзінің жасаған бұзықтығының бәрі әкесіз өскенінен деп ойлайды. Осы уақытқа дейін спектакльдерде Қожаның рөлін тек бір актер сомдап келді. Ал біздің қойылымда екі актер ойнады. Біз басты кейіпкердің ішкі және сыртқы жан дүниесін көрермендерге жеткізуге тырыстық. Мен батыл, талапты, ақылды Қожаны сомдасам, әріптесім Ақжол Дүйсенұлы сотқар, бұзақы Қожаның рөлін сомдады.  — дейді ол.

Әр театр маусымы – бұл жаңа тәжірибе, жаңа рөлдер, жаңа қойылымдар. 35-інші театр маусымы өнер ұжымы үшін белсенді, қарқынды және сәтті болды. Осы маусымда театр сахнасы сүйікті көрермендерін көптеген жаңа қойылыммен қуантты. Оның ішінде есте қаларлық 4 премьера және 90-ға жуық қойылым қойылды.

Айта кетейік, қыркүйек айының 20-25 күндері қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай аймағымызда алғаш рет  «Ертіс-Баян» I республикалық театр фестивалі өтпек. Оған өзге аймақтардың өнер ұжымдары қатысып, үздік деген туындыларын ұсынады.

Айсұлу ЖАНДӘУЛЕТОВА, театр көрермені:

— Осы уақытқа дейін «Менің атым Қожаны» тек фильм ретінде тамашалап жүрдік. Ал енді театр сахнасында көруге мүмкіндік туды. Қойылым барысында театр әртістері кейіпкерлердің бет-бейнесін және ішкі жан дүниесін ерекше суреттей алды. Бұл қойылымда Қожаның сотқарлығынан бөлек, сол кезеңдегі қазақтың әр отбасына түскен қиындықтар мен ауыртпашылықтар тура бейнеленген. Актерлер мен режиссер осы аталған жайттардың бірін де өзгертпей, көрермендердің жүрегіне бірден жеткізе алды. Ал бұл тек кәсіби мамандардың қолынан келеді. Сол себепті, актерлердің өз рөлін сәтті алып шығуын  және режиссердің еңбегін ерекше атап өтуге болады.

Айдана БОРАНБАЕВА.