Сурет салу — ерекше өнер. Әсіресе, бейнелейтін картинаны көзбен көрмей, тек қолмен және жүрекпен сезініп салған адамдарды көріп қалсақ таңданып, таңдай қағатынымыз рас. Сондай жандардың бірі — қылқалам шебері Ренат Елубаев. Таяуда танымал бағдарламалардың біріне қатысып, осы талантымен көзге түсті. Тіпті, көзін жұмып сурет салу арқылы əлемдегі таңғажайып адамдардың ондығына кірген. Біздің өңірге келген сапары барысында талайды тамсантқан шебермен аз-кем тілдесудің сәті түсті.

– Елдің көзіне көп түсе бермейтін, түссе тек жарқ етіп шығып, баршаны таң қалдыратын Ренат қазір немен айналысып жүр?

– Жақында Ресейдің Мәскеу қаласында өткен байқауға қатысу арқылы мені көпшілік бұрынғыдан да жақсы тани бастады. Мен де сол сәтте ерекше қырымнан көріне білдім. Өзіңіз айтқандай, жарқ етіп шықтым. Екінші жағынан ол телевизиялық байқау болғандықтан да аудиториясы үлкен, көрермендерге тез таралды. Бүгінде өзімнің шеберханамда бірнеше картинаны дайындап жатырмын. Көз байлап сурет салуға кететін энергиямның барлығын сол картиналарға жұмсап жүрмін.

– Сіздің шығармашылығыңызбен танысқысы келген көрермен туындыларыңызды қай жерлерден тамашалай алады? Мұражайларда шығармаларыңыз бар ма?

– Менің картиналарыммен танысу үшін алдымен өзімнің шеберханама келуге болады. Сосын «Has Sanat» өнер галереясында біраз суретім қойылған. Осыдан 2-3 жыл бұрын Астанадағы Әскери ұлттық мұражайы «Кейкі батыр» мен «Сақтың әйелі» деп аталатын екі картинамды, Қазақстан концерт залы «Түркі қағанаты» деген картинамды сұрап алған еді. Кейін Қостанайға барып, жеке көрмемді өткізіп қайттым. Сол жерде де біраз жұмысым ілінді. Жалпы, бірнеше жерде бар. Бірақ мен оларды түгендеп, қарап жүрмеймін.

– Қазақстанда суретшілерге көңіл бөліне ме? Арнайы байқаулар, көрмелер ұйымдастырып немесе стипендия тағайындала ма? Жалпы, мемлекет тарапынан қандай қолдаулар бар?

– Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың барлығын жоққа шығарудан аулақпын. Түрлі премиялар, стипендиялар беріліп жатады. Бірақ бір әттеген-айы — солардың көбі әділетсіз өтеді. Бұрынғы жүйеден қалған тамыр-таныстық пен бұрмалаушылықтар көп. Мәселен, бар өмірін тек осы шығармашылыққа арнаған ағаларымыз бар. Алайда олардың еңбегі еленбей келе жатыр.

Негізі кез келген мемлекет сурет өнеріне ерекше қолдау көрсету керек. Еуропада сурет саласы үлкен мәдениеттің белгісі болып саналады. Олар әрбір картинаны аса жоғары бағалайды. Мәселен, ЕуроОдаққа кіретін мемлекеттерге қойылатын талаптың бірі мықты суретшілері болу керек. Мықты суретшісі бар ел мәдениеті жоғары ел деп есептеледі. Біздің еліміз де сол деңгейге көтерілуі керек.

– Әлемде әйгілі картиналардан сол ұлттың бір нақышы білінеді. Дендеп қарасақ, тарихына да куә боламыз. Ал өзіңіз ұлттық нақыш пен ұлттық тарихқа қаншалықты мән бересіз?

– Менің жұмыстарымның басым бөлігі — бір сәттік әсерден жазылған картиналар. Өзімді ерекше толқытқан, ішкі дүниемнің астаң-кестеңін шығарып, аласапыран күйге түсірген кездегі дүниелер. Мен көңіл күйім мен сезімімнің суретін саламын. Ал олардан ұлттық, тарихи ерекшеліктер іздеуге келмейді. Дегенмен, ұлттық, тарихи бағытты ұмыт қалдырған емеспін. Суретшінің негізгі міндеті — өзінің жаны қалаған картиналарды жазу. Сонымен қатар, «ұлтыма не беремін, мемлекетіме не беремін?» деген ойды да естен шығармаған жөн. Менің бұл бағытта «Кейкі батыр», «Сақтың әйелі», көлемі 2/3 болатын «Түркі қағаны» деген секілді бірнеше картинам бар. Жалпы, түрлі бағытта сурет салған жақсы. Маған да қызық. Бірақ айналып келгенде барлығы да көңіл күйге байланысты.

– Көркем суреттен бөлек немен айналысасыз?

– Бұл — менің негізгі жұмысым. Сурет салу менің өмірім деп айтсам да болады. Кейде балаларға сурет салуды үйрету барысында да, шеберлік сабақтарында да тек сурет салумен айналысамын. Арасында осы жұмыстарыма үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземін.

– Туындыларыңызды саты-лымға шығарасыз ба?

– Көп емес. Кейде сататыным бар. Негізі, суретті сату үшін салмау керек. Егер суретті сату үшін салсаң, ол өнер емес, кәсіп болады. Бізде ондай кәсіпкер суретшілер менсіз де аз емес. Мен біреуге ұнасын, елдің көңілінен шықсын деп картина жазбаймын. Ол алдымен өзіме ұнау керек. Сондықтан суреттерімді осы саланы жақсы түсінетін, шынайы өнерді бағалай алатын кісілер ғана арнайы іздеп келіп сатып алады.

– Уақыт тауып сұхбат бергеніңе рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Айдана БОРАНБАЕВА.