Биыл Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейі үшін атаулы болып табылады. Себебі облыстық көркемсурет музейінің құрылғанына 60 жыл және музейге есімі берілген танымал қылқалам шебері, өнертанушы Нағымбек Нұрмұхаммедовтың туғанына 100 жыл толып отыр.
Аталмыш мерейтойлар аясында екі үлкен пленэр ұйымдастырылды. Бірі республикалық деңгейдегі жас суретшілердің басын қосса, екінші пленэр халықаралық деңгейдегі халық суретшілері мен Суретшілер одағы төрағаларының басын біріктірді.
1964 жылдың 18 желтоқсаны көркемсурет музейі қала тұрғындары үшін есігін айқара ашты. Ал 2022 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның Халық суретшісі, Баянауыл ауданының тумасы, жерлесіміз Нағымбек Жәлеледдинұлы Нұрмұхаммедовтың есімі Павлодар облыстық көркемсурет музейіне берілді. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде музей қабырғасында ұрпақтар сабақтастығына септігі мол іс-шаралар өткені аян. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табу үстінде.
Музей қорында Қазақстан өнері классиктерінің және Ресеймен достас елдер сурет-шілерінің жұмыстары сақталған. Жалпы Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінің коллекциясында суретшінің 31 туындысы сақталған, оның 6 туындысын 2022 және 2023 жылдары жерлесіміздің отбасы мүшелері сыйға тартқан.
Коллекцияда «Ескі Теміртау», «Магниткадағы қыс», «Аязды таң» және «Құрылысшы» туындылары суретшінің өнеркәсіптік құрылыстардың орасан ауқымына тәнті болуының лирикалық сезімдері арқылы туындаған еңбектері бар. Қазақстан Магниткасы топтамасының жалғасы тың жерлерді игеру жайлы топтама болды. Музей қорында бұл тақырыпқа арналған «Тракторист Алергуштың портреті», «Тың игерушілердің таңы», «Шопандардың әңгімесі» және «Целина» атты Л.И.Брежнев кітабының кейіпкерлері «Н.Г. Моисеевтың портреті», «Л.В.Кругловтың портреті», «Х.А.Арыстанбековтің портреті» сияқты туындылар сақтаулы.
Суретшінің шығармашылығы жанрлық және тақырыптық алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Суретшінің барлық шығармашылығы өткенге, өз халқына, оның өміріне, таланттарына бағытталған. Ол Абай Құнанбаевтың, Әбілхан Қастеевтің, Сапарғали Бегалиннің, Тоқаш Бокиннің, Мәлік Ғабдулиннің, Талғат Бегелдиновтің портреттерін жасаған. Суретші әр нәрсенің басы мен иесі – адам, жаратушы деп есептеген. Оның кейіпкерлерінің бейнелері әрқашан ауқымды — олардың ақыл-ойы, ерік-жігері, шабыты әлемді өзгертеді. Бүгінде бұл картиналар Қазақстан Республикасының мемлекеттік көркемөнер қорының бір бөлігі болып табылады.
Нағымбек Нұрмұхаммедов кескіндемеші ғана емес, белсенді қоғам қайраткері, өнертанушы да болған. Ол — Қазақстанның ежелгі және заманауи өнері туралы көптеген мақалалар мен кітаптардың авторы.
Суретшінің жұмысында ерекше көзқарас, өз Отанына, оның дәстүрлері мен замандастарына деген сүйіспеншілігі бізге талантты суретшіні, түрлі жанрдағы шеберлерді, тек шығармашыл адамды ғана емес, онымен бірге әлемнің барлық сұлулығын сезінуді ұсынатын мұғалімді де көруге мүмкіндік береді.
2024 жылы суретшінің 100 жылдығын атап өту мақса-тында көптеген іс-шаралар ұйымдас-
тырылды. Соның ішінде респуб-ликалық деңгейде аталып өткен іс-шараларға тоқтала өтсек:
Тамыз айында Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінің 60 жылдығына орай «ҚИМАҚ-АРТ» атты пленэрі өтті. Аталмыш шара республиканың түпкір-түпкірінен жас суретшілердің басын Баянауыл ауданы, Жасыбай көлі жағасында біріктірді. Суретшілер қылқаламның күшімен Баянауылдың әсем мекендерін жазғы күн сәулесінің ұштасқан сәттерін суреттеді. Павлодардан көркемсурет мектебінің оқытушылары қатысты. Барлығына тәжірибе алмасумен қатар, үлкен шабыт сыйлаған уақыт болды. Шараның қорытындысы бойынша музейде «Таулар мен көлдер палитрасы» атты көрменің ашылу
сәтімен аяқталды. Республикалық пленэр бойынша қорытынды буклет жарыққа шықты.
Қыркүйек айында белгілі қылқалам шебері, суретші, Ш.Уали-ханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жерлесіміз Нағымбек Нұрмұхаммедовтің 100 жылдығы аясында «АРТ-ТӨР 2024» халықаралық пленэрі ұйымдастырылды. Пленэрге Қырғыз-стан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей мемлекеттерінен халық суретшілері мен Алматы, Астана, Шымкент, Талдықорған Суретшілер одағының төрағалары, жергілікті Суретшілер одағының мүшелері қатысты. Халықаралық симпозиумге, сонымен қатар Нағымбек Нұрмұхаммедовтің қызы Мара Нағымбекқызы да қатысты. Пленэр бағдарламасына сәйкес салтанатты ашылуға арналған дөңгелек үстел, музейдің қор коллекциясынан құралған көрменің ашылуы, суретшінің туған жері Баянауылдағы пленэрлік жұмыстар және пленэр қорытындысы бойынша көрме сынды іс-шаралар жоспар бойынша өтті.
Қараша айының басында Алматы қаласы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Өнер музейінде «Суретші және Ғалым. Дәуір бейнелері» атты ретроспективті көрмесі ашылды. Көрменің ашылуының алдында суретші тұрған үйде мемориалды тақтаның ашылуы өтті. 19 қараша көрме аясында суретшінің шығармашылығы мен өнертану саласындағы еңбектерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Аталмыш іс-шарада Н.Нұрмұхаммедовтің туындыларына өнертану саласының мамандары тарапынан баяндамалар оқылды. Шығармашылығы көп қырлы Нағымбек Жәлеләддинұлының талантты жан болғанын тағы бір мәрте атап өтті.
Қараша айының 12-сі күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Нағымбек Нұрмұхаммедовтің 100 жылды-ғына орай өткен «Нағымбек Нұрмұхаммедов палитрасындағы дәуір бейнесі» атты мәдени көрменің ашылу салтанаты өтті. Бұл көрме ҚР Ұлттық музейі, Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейі және Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейімен бірлесе ұйымдастырылды.
Жоғарыда аталып өткен іс-шаралар еліміздің мәдени өміріндегі ерекше оқиғалар болып табылатыны анық. Жерлес дарынды суретші Нағымбек Нұрмұхаммедовтің өмірі мен шығармашылығын насихаттау мен ұлықтауға арналған іс-шаралар әлі де жалғасын табатынына сенімім мол.
Ботакөз Сағымбек, Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейі басшысының орынбасары.